2023 жылы Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті ХХІІ сессия отырысында жасаған есебінде айтты.
«Білім беру нысандарын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 дейін 38 мыңға жуық орынды 25 мектепті пайдалануға береміз», -деді қала басшысы.
Айтып өтейік, былтыр шаһарда 25 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 48 мектептің құрылысы жүргізілуде. 37 мектеп пайдалануға берілді, оның төртеуі мемлекеттік. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азайды.
«Балалар жылына» орай қалада бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.
105 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылса, 58 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы берілді.
Сонымен қатар қала бойынша балалардың үйірмелермен қамту көрсеткіші жан басына қаржыландыру есебінен 45%-дан 75%-ға жетті.
Бүгінгі таңда шаһарда «Оқушылар сарайы», «Балалар шығармашылық мектебі», балаларға арналған 157 ойын алаңы мен 40 спорт алаңша құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептерді жою туралы үкіметке нақты тапсырма жүктегенін айтқан қала басшысы мектеп құрылысын күшейту үшін жеке кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін жеткізді.
Шымкент қаласында биыл пайдалануға берілетін 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Жеке мектептер санын көбейту арқылы бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба.
Шаһар басшысы өткен жылы мегаполисте 25 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеп, апатты мектептер жойылғанын атап өтті. Құрылысы аяқталып қалған білім ошағын аралау барысында әкім балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалу керектігін, материалдық-техникалық базасының талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды.
Leave a Reply