Кез келген егемен елдің мәдениеті — театрымен өлшенсе керек-ті. Ашығын айтар болсақ, «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дейтін осындай уақытта материалдық қажеттіліктерімізді түгендеп жүріп, мәдениеттен алшақтап қалғанымыз жасырын емес. Дегенмен Шымқалада халықты өнерімен тәнті етіп жүрген театрлар баршылық. Соның бірі және бірегейі – облысымыздағы Опера және балет театры. Аталмыш ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, басылым оқырмандарына кеңінен насихаттау мақсатында театр директоры Бауыржан Тұрысбекұлы Рахмановқа жолығып, сұхбаттасқан едік.
-Бауыржан Тұрысбекұлы, театр директоры қызметіне келгеніңізге де 3 жылға жуықтапты. Қандай жаңалықтарыңыз бар, жалпы Шымкент опера және балет театрын танымал деп айта аламыз ба?
-Театрдың тарихынан бастағаным дұрыс болар. Біздің театр 2007 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ашылғаны белгілң. Жалпы опера және балет театры елімізде үшеу болса, соның бірі – біздің Шымкентте екенін мақтанышпен айта аламыз.Елімізге белгілі музыка майталманы Ж. Аубакирова, сондай-ақ итальяндық дирижер Ивано Кайаццоның «Браво бельканто!» және осы елдің әншісі Омбретта Маккидің жеке концерттерімен тұсауы кесілген өнерлі ордада күні бүгінге дейін сан түрлі спектакльдер сахналанып, байқаулар мен фестивальдер өтті. Қысқа мерзім ішінде театр ұжымы алыс және жақын шетелдерге танымал болды десек қателеспейміз.Атап айтар болсақ – 2008-2009 жылдары Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Австрия, Италия және АҚШ опера жұлдыздарының қатысуымен өткен «Әлем опера жұлдыздары – Шымкентте» халықаралық опера фестивалі және әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз Т. Күзембаев, Г. Дәуірбаева, А. Агадилердің қатысуымен «Шымкентім жүрегімде» концерттері болды. Бұл оңтүстік өңіріне, тіпті республикамыздың мәдени өміріне жаңаша сипат бергендігін баса айтқан жөн.
2007-2009 жылдардағы театрдың алғашқы директоры – Асқар Алихан таңдамалы қазақ операларынан құрастырылған «Інжу-маржан» қойылымының, классикалық спектакльдер – Вердидің «Травиата», Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларының сахналануына бастамашы болды.
2009 жылы өткен «Әлем опера жұлдыздары — Шымкентте» екінші фестиваліне германиялық М. Фишер, Ресейдің Мариинск театрының солисті С. Гордеев және В. Верин т.б. қатысты. Қазіргі кезде театрдағы қызметкерлердің ұзын саны – 204 адам, олардың ішінде шығармашылық жолында жүргендері – 114.
-Бүгінгі театр репертуары жайында не айтар едіңіз, қандай жетістіктеріңіз бар?
Бүгінде театр репертуарында түрлі авторлардың сан алуан опералары мен балеттері толыққанды бар. Мысалы: «Евгений Онегин», «Травиатадан» бөлек Е. Брусиловскийдің «Қыз-Жібегі», У. Гаджибековтың «Аршын Малаланы», И. Морозовтың «Доктор Айболиты», балаларға арналған Р. Салаватовтың «Қарлы ханымы» т.б.
Опера және балет театры ұжымы жүлделерден де құралақан емес. 2011 жылы облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Театр көктемі — 2011» республикалық театр фестиваліне С. Рахманиновтың «Алеко» операсын сахналап, «Театр дебюті» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, 2013 жылы облысымызда өткен «Театр көктемі — 2013» фестиваліне де жоғарыда айтылған «Қарлы ханым» балетімен қатысып, қыздың образын сенімді орындағаны үшін балет әртісі Аида Амидоваға «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы берілді. Аталмыш ұжым 2014 жылы алдыңғы үрдіс бойынша өткізілген «Театр көктемі — 2014» фестиваліне Е. Рахмадиевтың «Қамар сұлу» операсымен қатысып, «Ең үздік музыкалық қойылым» номинациясымен марапатталды. Б.Т. Рахманов басшылық ететін ұжым әртістерінің әрқайсысы елімізден бөлек шетелдердегі байқауларға қатысып, түрлі номинациялар мен марапаттарды иеленді десек артық айтқандық болмас еді.
-Қазір көп арасында қазақ халқы опера тыңдамайды, балетті көрмейді, жалпы мұндай дүниелерді түсінбейді деген пікір бар. ..
-Иә, мұндай пікірдің бары рас. Десе де театрға келетін өнерсүйерқауымның пікірі басқа. Өткенде ғана біздің қойылымымызды Тараздан келіп тамашалаушылар болды. Сол көрермендеріміз Таразға гастрольдік сапармен баруымызды сұранды. Бұл бір ғана жәйт. Жалпы мұндай пікір айтпас бұрын өз ұлтымыздың сұлулыққа жаны құштар екенін ескеруіміз керек-ақ. Мұны ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімізден, киімдерімізден байқауға болады.Мұндай ұлттық нақыш біздің театрымызда бар. Негізі опера да, балет те көрерменмен жақын қарым-қатынаста болатын тірі өнер. Оның сұлулығы да, сиқыры да, құпиясы да осында. Жоғарыда сіз айтқан пікірдің көбесін сөгу үшін осы өнерді мұнан әрі дамыта түсуге жарнама керек-ақ боп тұр бүгінде. Егер ата-аналар балаларын театрға алып келіп жатса, қандай керемет. Мен сізге шынын айтайын тал шыбықтай бойын енді түзеп келе жатқан балаға теледидардағы шетелдік мультфильмдерден гөрі біздің театрдың берері әлдеқайда көп. Осы орайда менімен келісетіндер халықтың ішінде көп деп ойлаймын. Егер өнердің нағыз майталманын, талант іздесеңіз біздің театрға келіңіз деп айтар едім.
-Әрине, біз де сіздің пікіріңізбен келісеміз, әңгімеңізге рахмет.
Дәурен Мұстафин «Қызмет» газеті
Leave a Reply