tories/-.jpg» border=»0″ width=»313″ height=»189″ align=»left» /> Соңғы бiрнеше жыл iшiнде ауыр атлетика еліміздегі №1 спорт түріне айналды. Бұған әлi күнге дейiн таңғалып жатқандар көп. Тұңғыш рет олимпиада ойындарындағы жетiстiктерi бойынша зiлтемiршiлерiмiз елiмiздiң былғары қолғап шеберлерiнен асып түстi. Әлемдiк бiрiншiлiкке байланысты жағдай да осындай. Боксшыларымыздың қолы бiр алтынға да жетпей жатқан кезде ауыр атлетшiлерiмiз бiр емес төрт бiрдей алтын медальдi мойындарына iлiп, айды аспанға бiр-ақ шығарды.
Көкейдi мазалап жүрген бiрнеше мәселе бар. Осыдан небәрi үш-төрт жыл бұрын ауыр атлетикадан елiмiздiң негiзгi командасында қатарынан бiрнеше оңтүстiкқазақстандық спортшылар жүретiн. Татьяна Хромова, Бақыт Ахметов, Вячеслав Ершов секiлдi зiлтемiршiлерге оңтүстiк өңiрi көп үмiт артатын. Бiрақ, қазiр олардың орнын басқа саңлақтарымыз басты. Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Владимир Седов, Светлана Подобедова сынды елiмiздiң майталмандары әлемдiк аренада толағай табысқа жетiп жүр. Десек те, кезiнде ұлттық құраманың негiзгi дiңгегi саналған оңтүстiкқазақстандық спортшылардың соңғы кездегi нәтижелерi көңiлге қонбай жүргенi жасырын емес. Неге? Бiз бұл сұрақтың жауабын Оңтүстiк Қазақстан облысының ауыр атлетикадан олимпиада iзбасарларын даярлайтын спорт мектебiнiң директоры Юрий Мельниковке қойған едік.
– Ұлттық құрамада оңтүстiкқазақстандық спортшылар аз деп айтуға келмес. Мәселен, 105 келi салмақта өнер көрсететiн Сергей Истомин Қазақстандағы нөмiрi бiрiншi спортшы десек, артық айтқанымыз емес. Сергей Истоминге елiмiзде тең келер қарсылас жоқ. Жасы небәрi жиырма үште. Илья Ильин сияқты бiрден жоғары жетiстiкке жете алмаса да, көрсеткiштерi бiрте-бiрте өсуде. Ең өкініштісі, ол Лондон Олимпиадасында жүлделі орындарға қол жеткізе алған жоқ. Сергейсiз де Қазақстан құрамасының спортшылары Олимпиаданың төрт бiрдей алтын медалін қанжығаларына байлап, мол табысқа кенелдi. Бiр жағынан ауыр атлетикада мол табысқа кенелгеннiн де кесiрi тиiп жатады. Содан сақ болғанымыз дұрыс.
— Шәкірттеріңіздің бүгінгі деңгей-дәрежесін қаншалықты бағалайсыз?
— Лондон олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынын негізінен зілтеміршілер толтырды. Шынында да, қазіргі таңда еліміз ауыр атлетикадан дүниежүзілік деңгейдегі алпауытқа айналды десек артық айтпаймыз. Бұл қатарда шымкенттік толағайлардың да есімін айрықша мақтанышпен айтуға болады. Мәселен, бүгінде Надежда Ногайды көпшілік Илья Ильинмен салыстыруды әдетке айналдырған. Небәрі 15 жасында жастар арасында әлем чемпионы атанған ол өзінен 4-5 жас жоғары қарсыластарын тізе бүктірген болатын. Әлбетте, Ногайдың болашағы әлі алда. Олимпиада ойындарында ол тек жоғары нәтижелерге жетуі тиіс. Дегенмен, спортшының тым жас екенін ескеру керек. Оның үстіне, ұлттық құрамада бүгінгі таңда бәсекелестік өте жоғары екенін де ұмытпауға тиіспіз. Надежданың басты қарсыласы – Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Мария Грабовецкая қазір нағыз бабында. Әйтсе де, кімнің мықты екенін алдағы уақыт көрсетеді. Сонымен қатар, Сергей Истоминге де үлкен үміт артуға болады. Бірақ, оған әлі де болса тыңғылықты дайындық жасап, біраз еңбектену қажет.
– Соңғы өткен әлем біріншілігінде, сондай-ақ, Олимпиада ойындарында қазақ құрамасы ауыр атлетика сынында Қытайдан кейінгі жетекші орынға шыға білді. Спорттық ареналардағы жетістіктер еліміздің экономикалық әлеуетінің өсуімен тікелей байланысты болып отыр деген пікір бұған қаншалықты негіз бола алады?
– Спорт саласындағы жетістіктерді үнемі ел экономикасының өсуімен байланыстырып отыру еш қисынға сәйкес келмес. Себебі, қайсыбір сында болсын, жүлде тек бабы мен бағы келіскен жүйкесі берік азаматтарға ғана бұйыратыны хақ. Демек, жеңістің өзі ердің еселі еңбегінің жемісін көрсететін тұғыр. Ал, одан барлығының да үміті болары даусыз. Оның үстіне, қайсыбір елдiң спортшылары көп табысқа жетiп жатса, халықаралық ұйымның басшылары соған қысым көрсете бастайтыны да бар. Бұл жайында бiзге ескертiлдi де. Нақты не үшiн екенiн айта алмаймын. Мәселен, кезiнде Түркия спортшыларының аты дүркiреп тұрған. Олар қазiр қайда? Немесе темiрден жаралғандай болып көрiнетiн ирандықтар да көрiнбей кеттi. Тек ауыр салмақта бiрдi-екiлi спортшылары ғана бар. Гректер де дәл солай. Екi грек спортшысы үш дүркiн олимпиада чемпионы атанды. Қазiр бұл елдiң спортшылары спорт аренасынан мүлдем жоғалып кеттi. Оның үстiне тыйым салынған дәрi-дәрмек тағы бар. Әсiресе, ауыр атлеттер көбiне осы тыйым салынған дәрi-дәрмектердi пайдаланады.
– Қайбiр жылы қазақстандық спортшылар да допингпен ұсталғаны бар…
– Бұл жағдайды еске алғым келмейдi. Ондай оқиға болған. 2007 жылы облысымыздың намысын қорғап жүрген Вячеслав Ершов допингпен ұсталды. Бұдан соң бiз онымен арадағы барлық қарым-қатынасты үздiк. Қазiр ол Ресейде жүр.
– Көпшiлiктi мазалап жүрген сауал – облыстың құрамасында қазақ спортшылары жоқтың қасы. Неге? Әлде қаракөз бауырларымыз зiлтемiрдi бағындыруға шамалары келмей ме?
– Мұның себебiн өзiм де түсiнбеймiн. Қазақтардың ауыр атлетикадан жүлде алмауы бәлкiм кездейсоқтық шығар. Әйтпесе, елiмiздiң ең мықты боксшылары мен палуандары қазақтар ғой. Ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионын дайындағым-ақ келiп жүр. Бiрақ, сәтi түспей жүр. Қазiр бiздiң мектепте жаттығып жүрген 300 спортшының көпшiлiгi – қазақтар. Өз басым соның бiрнешеуiне үмiт артып отырмын. Мәселен, Ыдырысов деген жас атлет Сингапурде өтетiн жастар арасындағы олимпиада ойындарына жолдама алды. Сондай-ақ, Арыс қаласынан келген Жаппаркүл есiмдi спортшы қыздың да болашағы зор. 2009 жылғы Жастар Олимпиадасында тұңғыш рет ауыр атлетикадан Жазира Жапарқұл толағай табысқа жетті. Жазира 63 келі салмақта сынға түсіп, қарсылас шыдатқан жоқ. Осы додада қызылордалық қыран Рүстем Сыбай да жақсы өнер көрсетіп қола медаль иеленді. Олардың сыртында, былтырғы жылы өткен Азия ойындарында Дәурен Шәуетей, Алмас Өтешов сияқты қаракөз бауырларымыз қола жүлдеге қол жеткізді. Жалпы айтқанда, ауыр атлетиканың қыр-сырын меңгерген қазақтың қыз-жігіттері арамыздан көптеп шығып жатыр.
– Соңғы кездерi елiмiзге сырттан спортшыларды шақыру үрдiсi көбейiп барады. Бұған қалай қарайсыз?
– Мен кезiнде сырт елден спортшы шақыруды ең алғашқы болып қолға алған азаматтардың бiрiмiн. Кезiнде осы әрекетiм үшiн көп сыналдым. “Мельников сырттан спортшы шақырып, соның арқасында ғана жоғары жетiстiктерге жетiп жүр” деген сыңайдағы әңгiмелердi жиi еститiнмiн. Бiрақ, қалай болғанда да бұл саясат өзiн ақтады ғой. Шетелден спортшыны шақыру бөлек те, оған барынша жағдай жасау мүлдем басқа. Мұндай атлетке кететiн шығын шаш етектен. Алғашқы кезде Ресейден спортшыларды шақырып, Қазақстан азаматтығын бергенiмiзде менi барлығы сынаған. Ал қазiр сол зiлтемiршiлер олимпиада және әлем бiрiншiлiгiнiң медальдарын жеңiп ала бастаған соң, бұл дұрыс қадам болды деп баға берiлiп жатыр.
— Бақыт Ахметов – сіздің тікелей көрегендік әрекетіңіздің нәтижесінде ғана спорттық аренада жаңа тыныс ашқандығын білеміз…
— Әрине, бұл әңгіменің тарихы ұзақ. 1996 жылы Атлантада атақты Анатолий Храпатый алтын алғаннан кейін еліміздің ауыр атлетикасы біраз құлдырап қалған болатын. Федерация басшылығына Қайрат Тұрлықанов келгеннен соң, үлкен спортқа бетбұрыс қайта жанданып, тасымыз өрге домалады. 2004 жылы Афины Олимпиадасында күміс медальді қанжығаға байладық. Сол кездегі Сергей Филимоновтың ерлігін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Одан кейінгі екі бірдей әлем чемпионатында Қазақ елінің әнұраны шырқалды. Екі ретінде де Илья Ильин алдына жан салмады. 2008 жылы Қытай астанасында ауыр атлеттер 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді олжалап, айды аспанға шығарды. Илья Ильин алтын алса, Алла Важенина мен Ирина Некрасова күміске қол созды. Қола медаль Мария Грабовецкаяның еншісінде.
Ғасырлар тоғысында Қазақстанның ауыр атлетикасы қатты ақсап тұрған еді. Даңқты Анатолий Храпатый үлкен спорттан қол үзгеннен кейін оның жеңісті жолын жалғастыруға лайық ізбасарлар көпке дейін табылмады. Сенім артқан Сергей Филимоновтың өзі ала-құла өнер көрсетумен шектелді.
Міне, сол тұста шетелден еліміздің ауыр атлетикасын өрге сүйрейтін легионер шақырту қажет болды. Таңдау көршілес Қырғызстанда туып-өсіп, халықаралық аренада жақсы көрсеткіштерімен көзге түсіп жүрген Бақыт Ахметовке түсті. Сол кездері Бақыт біздің басты үмітімізге айналды.
Бақыт 1979 жылы Бішкек қаласында туып-өсті. Алғашқыда еркін күреспен айналысса, кейіннен ауыр атлетика үйірмесінің табалдырығынан аттады. Білікті бапкер Қайыш Садықовтан тәлім-тәрбие алған ол бірден дара талантымен оқшауланды. Осы спорт түрімен айналысқанына бір ай толмай жатып, екі жылдың тәжірибесі бар әріптестерін ұта бастады. 17 жасында спорт шебері нормативін орындаса, 19 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Жас өрен онымен тоқтап қалған жоқ. Даңқты жерлесі Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Қаныбек Османәлиевке ұқсағысы келген Бақыт бірте-бірте түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіске жете бастады. Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің жеңімпазы, ерлер арасында Қырғызстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. 1999 жылы әлем чемпионатына қатысып, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында күш сынасу құрметіне ие болды. Бұл жарыстарда ол 12 және 15-орындарға табан тіреді.
Қазақстанға келгелі бері Бақыт Ахметовтің жолы оңғарылды. 2002 жылы ол Түркияның Измир қаласында студенттер арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. 94 келі салмақта күш сынасқан жерлесіміз қоссайыстың қорытындысы бойынша 390 келілік зілтемірді ырқына оңай көндірді. Сол жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында алауы тұтанған Азия ойындарында 400 келіні бағындырып, алдына жан салмады.
2004 жылы Алматы қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында Бақыт Ахметов пен Сергей Филимонов бас жүлдені олжаласа, Татьяна Хромова күміс медальді мойнына ілді. Осы үш спортшы Афины Олимпиадасында бақ сынады. Төртжылдықтың басты додасынан Ахметов пен Хромова құр алақан қайтса, Филимонов күміс медальді иеленді.
2005 жылы Катардың астанасы Доха қаласында өткен әлем чемпионатында Бақыт жұлқып көтеру жаттығуы бойынша қола медальді иеленгенімен, қоссайыстың қорытындысы бойынша төртінші орында қалып қойды. 2007 жылы Таиландтың Чианг-Май қаласындағы дүниежүзілік додада да дәл сондай жағдайға тап болды. Жұлқуда күміс алғанымен, жалпы есепте төртінші сатыға табан тіреді. Алайда ол кезде Ахметов 105 келі салмақ дәрежесіне ауысқан болатын. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында айтулы ауыр атлет 415 (190+225) келілік көрсеткішпен бесінші орынды қанағат тұтты.
Бүгінде Бақыт Ахметов ауыр атлетикадан республикалық Олимпиадалық даярлау орталығында аға бапкер қызметін атқаруда. Алматы қаласында орналасқан бұл мекемеден де мықты спортшылар шығып жатыр. Халықаралық аренада жасындай жарқырап жүрген Зүлфия Чиншанло, Жазира Жапаркүл, Рүстем Сыбай сынды көптеген дарын иелері аталмыш Орталықтың түлектері саналады.
– Біздермен бәсекеге түсер Қытайдан өзге кімдерді атай аламыз?
– Ауыр атлетиканы «азиялық спорт» деп тектен-текке айтпайды ғой. Біздің әлемдік аренадағы басты қарсыластарымыздың барлығы дерлік «сарықұрлықтың» өкілдері. Тайланд, Оңтүстік Корея, Иран, Жапонияның атлеттері қазақстандық зілтеміршілерден еш кем емес. Оларға сақтықпен қарайтынымыз рас. Жалпы, еліміздегі ауыр атлетиканың дамуына аталған елдердің де ықпалы тиді. Біз алғашқыда соларға қарап бой түзеген болатынбыз.
— Тәуелсіз қазақ елінің мәртебесін шартарапқа танытқан екі дүркін Олимпиада чемпионын дайындап шығару нақ осы ауыр атлетика спортына ғана бұйырды ғой…
— Ия, сөз жоқ, мамандар Ильяны тума талант дейді. Ауыр атлетикаға алғаш қадамын алты жасында бастаған жерлесіміз үнемі өрге басуды алдына мақсат етті. Ол ересектер арасындағы сайысқа небәрі он алты жасында келді. Бастапқыда бозбалаға талай адам күмәнмен қараған еді. Алайда, Илья талаптыға нұр жауатынын біледі. Өзінің қабілетін бағалай алады. Қарсыластың осал тұсын тап басады. Осының өзі талайдың жүйкесіне жүк түсіреді.
Ильяның бақ сынаған алғашқы сайысы есінде қалған шығар. Оған да он жылдан астам уақыт өтіпті-ау. 2001 жыл еді. Семей қаласында ауыр атлетикадан ел біріншілігі талай мықтыны анықтады. Бұл сайыста Илья да бақ сынаған. Жасы небәрі он үште болатын. Бапкерлер балғын ауыр атлеттің шеберлігіне тәнті болды. Жас өренге арнайы сыйлық берді. Арада үш жыл өткенде Илья жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде еліміздің әнұранын көкте қалықтатты. Әлемдік аренадағы тұңғыш табысы еді бұл. Сол жылдың қарашасында тарлан ұл тұңғыш мәрте ересектер арасындағы дүниежүзілік дүбірлі додада бақ сынады. Бұл кезде Илья небәрі он жеті жаста болатын. Әлемнің әр елінен келген «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар қазақстандық жас жігіт алдымызды орап кетеді деп ойлаған жоқ шығар. Ол 85 келі салмақта төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген отыз ауыр атлетпен жарыс жолына шықты. Илья жұлқуда 170 келілік зілтемірді бірден бағындыра алған жоқ. Екінші мәрте жарыс жолына шыққанда оны көтергенмен, одан кейін 173 келіні қанжығаға байлай қоймады. Бұл жалпы есепте жетінші көрсеткіш еді. Енді серпуде барын салмаса болмайды. Жерлесіміз үш мәрте 205, 211, 216 келі зілтемірді төбесінде ойнатып, әлемдік рекордқа түзету енгізді. Қоссайыстың қорытындысында 386 келілік көрсеткіш Ильяның еншісіне байланды. Сол салмақта ең жас ауыр атлет болса да, қарсылас атанған кіл мықтылар орта жолда қалып қойды. Ильядан бұрын Қазақстаннан Анатолий Храпатый 1988 жылы осындай табысқа қол жеткізген еді.
Арада бір жыл өткенде Доминикан елінде өткен әлемдік жарыста тағы да сол жетістігін қайталады. Бұл жолы 94 келіде сынға түскенімен, ол өзінің тума талант екенін айдай әлемге паш етті. Жұлқуда – 176 келі, серпуде 217 келі зілтемірді бағындыра алды. Одан кейін 233 келіге тапсырыс берген. Бұдан бұрынғы әлемдік рекорд 232 келі болатын.
— Жалпы, ендігі жерде өзге елдерден легионер-спортшылар шақыру біздер үшін қаншалықты тиімді?
— Дәл қазір Қазақстанның ауыр атлетикасы шеттен келетін спортшыларға зәру емес. Ал негізінде дұрыс пайдалана білсеңіз, легионерлер өте керек. Қандай жағдайда? Оны өзіміздің тәжірибеміз бойынша түсіндіріп берейін. Өздеріңіз білесіздер, осыдан төрт-бес жыл бұрын ауыр атлетикамыздың жағдайы мәз болған жоқ. Қалай дамытуға болатыны жөнінде күн сайын ақылдасатынбыз. Содан бір күні Ресейден Эдуард Тюкин мен Василий Ершов Қазақстан азаматтығын алып, келе қалды. Ол кезде біздің қазіргі мықты спортшыларымыз өте жас, мәселен, Илья 16-да болатын. Басында аса мән бермегенбіз, бірақ кейін қарасақ, жастар тәжірибиелі әріптес ағаларына қарап үйреніп, олардан асып түсуге тырысады екен.
Дәл сол Ильиннің өзі екі мәрте әлем, екі мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Мұның нәтижесін түсініп, Ресейге ренжіп жүрген Светлана Подобедова мен Алла Важенинаға «құда түстік», Қытайдан Майя Манезаны алдырдық. Байқағандарыңыздай, мұнда да қателескен жоқпыз. Бейжің Олимпиадасында Манеза мен Ирина Некрасова арасында бәсекелестік пайда болып, нәтижесінде өзіміздің қыз күміспен күптелді.
Сонымен, айтайын дегенім, легионерлерді дұрыс қолдансақ, өз пайдамызға шешуге болады. Бұл тәжірибені Қазақстан спорты бүгінде кеңінен қолданып жүр. Мәселен, теннисте де, футболда да, хоккейде де сырттан келіп жатқан спортшылар аз емес. Мұның бәрі бүгін болмаса, ертең оң нәтижесін беретініне сенімім мол.
— Күні кеше ғана мәресіне жеткен Лондон Олимпиадасы ойындары Қазақстан құрамасын жалпы есепте алғаш рет үздіктер қатарына қосты. Айта берсек, тұңғыш рет толағай табысқа қол жеткізген қазақ құрамасы 7 алтын алса, оның 4-еуі тек бір ғана спорт түрінен болды…
— Ия, ендігі тарих беттерінде қатпарланып жазылып қалған ойындар қорытындысында қазақстандықтар үшін тұңғыш сөзі бірнеше рет қайталанғаны анық. Еске түсіріп тізіп көрер болсақ, ең алдымен жеңімпазымыз Илья Ильин ешқашан өзі қатысқан ресми халықаралық жарыстарда жеңіліп көрген емес!.. 2005 жылы 17 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған соң, ол өзі қатысқан жарыстардың бәрінде тек алтын медаль иеленіп отырды. Үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы, екі дүркін олимпиада чемпионы! Алла қаласа, ол Риода енді үш саусағын шошайтады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, Қазақстан тұңғыш рет үздік 12 елдің қатарына енді. Көздері жасаурап, Голландия, Украина, Куба, Иран, Испания, желаяғы көп Жәмайканың артта қалғанын айтыңыз! Енді осы биікті ұстап тұруымыз керек. Асып түсіп жатсақ, арман қане! Тұңғыш рет Қазақстаннан екі дүркін олимпиада чемпионы шықты. Илья Ильин Бейжіңдегі табысын Лондонда еселеді. Қызылорданың қыраны қарсыластарынан биік самғағаны соншалық, бәрі де Илья-баһадүрдің жеңісін күмәнсіз мойындады. Серпе көтеруде және қоссайыста Илья әлем рекордын жаңартты, бұдан артық не керек өзі? Ия, тұңғыш рет Қазақстан 7 алтын медаль жеңіп алды. Бұл Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларын қосқандағыдан да артық! Бәрекелді! Бұл нені көрсетеді? Бұл Қазақстанда өзіндік спорт мектептері қалыптасқанын көрсетеді. Осы жолғы 13 медаліміздің екеуін ғана – Даниал Гаджиев пен Гүзел Манюрованікін көршілер өзімсіне алар, қалғанының бәрі — өзіміздікі! Чиншанло мен Манезаны да, Ресейде жолы болмай қойған Подобедованы да түбіне су құйып жүріп өсірген – өзіміз! Винокуров спорттағы тәй-тәй қадамын КСРО-да жасаса да, тәуелсіз Қазақстанның арқасында осылай кең айдынға шықты! Тұңғыш рет бір спорт түрінен 4 алтын қоржынымызға түсті! Бұған жұрттың іші күйгені соншалық, тіпті Ресейдің сырбаз дейтін спорт министрі Мутконың өзі осы жерде қызбалыққа салынды. «Қазақстан ауыр атлетиканың отаны ма еді соншама?» деп жіберді қапелімде. Ни сияқты азаматтардың алақайлай секіргенін күтіп отыратын біздің жұрт қандай бақытты! Енді осы төрт алтын азаматтың қасына Анна мен Алмастар қосылып жатса, алты құрлықта бізге кім тең келер? Тұңғыш рет Қазақстан 4 спорт түрінен алтын алды! Бұл да бұрын-соңды болмаған жетістік. Атлантада – 3 (бокс, грек-рим күресі және бессайыс), Сиднейде – 2 (бокс пен жеңіл атлетика), Афинада – 1 (бокс), Бейжіңде 2 (ауыр атлетика мен бокс) спорттан алтынымыз болған. Биыл велоспорт пен ұзақ үзілістен кейін жеңіл атлетика қосылды. Ең бастысы, тұңғыш рет алтынымыздың саны күмісіміз бен қоламыздан көп. Қазақстан бұл олимпиаданың алғашқы 8 күнінде алтыннан басқа түсті металдарды бар деп білген жоқ. Осының әсерінен бүкіл әлем біздің әнұранымызды жаттап алуға сәл қалды! Және залдағы қазақ жанкүйерлерінің бірауыздан шырқауына таң қалды! «Бірлік деп осыны айт!» деп тамсанды ресейлік басылым!
Несін айтамыз, бұл бір ғажап олимпиада болды ғой…
— Кейінгі жасөспірімдердің спорттық ойындарға деген қызығушылығын қай деңгейде бағалайсыз?
— Бүгінде жастар арасында қылмыстың өршіп бара жатқаны ешкімге құпия емес. Тіпті жасөспірімдердің өздері бірін-бірі мектепте атып кетіп жатыр. Соның салдарынан бір отбасы болашағынан үміт күткен перзентінен айырылса, жастардың арасында да аяғын, қолын кестіріп жатқандар жоқ емес. Бұған кінәлі кім? Баяғы елі-жері үшін жанын қиған батырлардың ұрпағы бүгінде неге азғындап барады? Бұрын жауға кезелген суық қарулармен неге жастар бір-бірін атып жатыр? Сұрақ көп, ал жауап жоқ. Меніңше, жастар арасында қылмыстың өршіп кеткеніне кінәні ата-анадан немесе мектеп мұғалімінен іздегеніміз дұрыс емес. Бұдан шығар жол бар ма, біз осыған бас қатыруымыз керек. Соттау, жазалау, ату дегендер – ескі әдіс. Қазір онымен адамды қорқыту мүмкін емес. Сондықтан жастар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауды күшейткен дұрыс. Әсіресе Бразилия, Тайланд, Қытай, АҚШ пен Жапонияда жақсы дамыған джиу-джитсу, муай-тай, кендо, кунг-фу секілді жекпе-жек түрлерін толық игеру үшін жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге оқуға жібергеннен де ұтылмаймыз. Бірақ шетелге шен-шекпенділердің балаларын емес, нағыз болашақтан үміт күттірер талант иелерін аттандыру керек.
Қазір қадам сайын кездесетін түнгі клуб, ойын автоматтарының жастарға берер түгі жоқ. Одан жастар қарыз болады, соның салдарынан шабысады, атысады, түбінде сотталады.
Менің өзім жұмыс сапарымен АҚШ елінде бірнеше рет болдым. Ол жақта әр квартал сайын спорт залдары бар. Есесіне түнгі клуб аз. Жастар арасында спортқа деген құмарлық басым. Соның пайдасы болса керек, бұл елде спорт жоғары деңгейде дамыған. Спортшылары Олимпиадаларда алғашқы үштіктен түсіп көрген емес. Қазақстан секілді шетелден спортшы сатып алмайды. Олимпиада жүлдегерлеріне беретін сыйақысы біздің елдегіге қарағанда 15 есе аз. Себебі олар спортқа ақша табу үшін емес, қызық үшін қатысады. Спортпен айналысқан адам көп ауырмайды. Олар дені саудың жаны сау деген қағидаға сүйенеді.
Ал Гонконгте түнгі клуб дегенді іздесең де таппайсың. Тек сырттан келген қонақтардан ақша жасау үшін бір-екі ғана түнгі клуб бар. Есесіне ол жерде де спорт залдары көп. Біздің ел шетелдік спортшыларды сатып алуға жұмсаған қаражатқа ауыл-ауылдарда спорт залдарын көптеп ашып тастауы керек. Сонда, біріншіден, қылмыс кемиді, екіншіден, ауру-сырқау азаяды.
Мен жуырда өзімнің ұлымды көршінің баласымен есік алдында екі сағат күрестірдім. Кешке «қыдырмайсың ба?» – десем, шаршағаны сондай, көшеге шығуға шамасы келмей, ұйқыға кетті. Жастар спортпен қаншалықты көп айналысса, соншалықты қыдыруға, тәртіп бұзуға мүмкіндігі азаяды. Ал қылмысты қолы бос, барар жері жоқ адам жасайтыны белгілі. Сондықтан жастарға уақытты тиімді пайдалануды үйретуіміз керек. Біздің адамдарды түрмеге отырғызумен қылмысты азайта алмайтынымызды түсінетін уақыт жетті деп ойлаймын.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply