Гүлісхан Нахбаева: «Өмірді шахматтан көруге болады»

tories/6670988746e3e0dff97920d12c6a463b.jpg» width=»300″ height=»419″ alt=»6670988746e3e0dff97920d12c6a463b» style=»float: right;» />

       Спорттың қызықты бір түрі — шахмат. Осы уақытқа дейін шахмат ойынын ойнап көрдіңіз бе? Ойнай алмасаңыз ойыншылардың ойнап отырғанын көрген боларсыз. Көрсеңіз қызығына ене алдыңыз ба? Әлбетте ене алмайсыз. Неге дейсіз бе? Шахмат ойынын көру басқа да, ойнау басқа. Шахматтың құмарына кіру үшін оны үйренген дұрысырақ. Шахмат басқа ойын түрлері секілді емес, өте күрделі ойын. Күрделі болатын себебі, ол тура бір екі мемлекеттің соғысы іспетті. Патша, уәзір, көмекшілері мен қолбасшылары болады. Алдыңғы шепте әскерлер тұрады. Әскерлерін айдап салады да, мықтылары жан-жақтан жайпап жаулай береді. Соңында бір жағы жеңіліс тауып, патшасы ұсталады. Патшаң ұсталса қимылдап көр. Патшаң ұсталып жеңіліс табу шахматта «мат» деп аталады. Мемлекет құпиясының барлығы шахмат ойынында сияқты. Бұл біздің ойымыз, Ал, осы ойынның нағыз ханшасы Нахбаева Гүлісхан Сайфулинқызы не ойлайды екен?..
       Біз Гүлісханмен ОҚО Ардагерлер кеңесінде жолықтық, аға буын өкілдерімен кездесуге келіпті. Нақ осы ойынның қызығы мен құпиясына әбден бойлаған жандардың ардагерлердің арасында көп екенін Гүлісхан бала кезден біледі. Сондықтан да кездесу жас айырмашылығына қарамастан оған түсінікті, әрі жеңіл түрде өтті. 
       Гүлісхан кім еді?
       Анықтама орнына: Нахбаева Гүлісхан Тәуелсіздіктің құрдасы, яғни, 1991 жылдың 21 маусымында Шымкент қаласында дүниеге келген.
      Жетістіктері: Шахматшы Гүлісхан 6 жасынан бастап шахматқа әуестенген. 14 жасында қыздар арасындағы Азия чемпионатына қатысып 5-орын алады, содан бастап өз талантын шыңдаған қыз 2007 жылы Өзбекстанда өткен 16 жас аралығындағы Азия чемпионатына қатысып 1 орынды иемденеді.
      2009 жылы Делиде өткен Азия чемпионатында тағы да 1 орынды уысынан шығармайды. Сондай-ақ, осы жылдың қараша айында Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып 3 орынды жеңіп алады. 2010 жылы шілде айында Делиде өткен Азия чемпионатында 2 орынды; 2011 жылы — Түркияның Стамбул қаласында өткен бүкіл әлемдік шахмат олимпиадасында нормативтік талаптарын орындап шахмат саласындағы ең жоғарғы дәреже болып табылатын «гроссмейстр» атағын жеңіп алады.
      2013 жылы нормативтік талаптарын орындап, Орта Азияда ерлер арасында өткізілген «Халықаралық шебер» спорттық атағын иеленген. Сонымен қатар осы жолы әйелдер арасындағы «Әлемдік элита» атты жүздікке 81-ші болып тіркелді. Кипр қаласында өткен халықаралық универсиаданың да жеңімпазы.
       — Гүлісхан Сайфулинқызы, негізгі мамандығыңыз кім?
       — Мен «М. Әуезов атындағы ОҚМУ»-нің «ағылшын тілі» мамандығын қызыл дипломға бітіргенмін, қазір Алматыда магистратурада оқып жүрмін.
      — Қызыл дипломға бітіргеніңізге әйгілі шахматшы қыздың ықпалы болды ма, жоқ әлде, бұл шын мәніндегі оқу деңгейіңіздің көрсеткіші ме?
      — Мен сіздің ойыңызды түсіндім-ау деймін. Атақты студентке жақсы бағаны әшейін-ақ қойып берген болар дегенді меңзеп тұрсыз ғой. Мүмкін біреу сенер, біреулері сенбес, алайда мен өзіме сенемін. Қызыл дипломға шахматшы қыздың еш қатысы жоқ. Иә, жарыстарға кетіп қалып та жататынмын. Бірақ, мұғалімдер де білмегенге бағаны атағына қарап қоя алмайды ғой. Жарыстан оралғасын өткен тақырыптарды қайта ақтарып, оқып өзімше дайындаламын. Өйткені тақырыпты жақсы меңгеріп алғаным өзім үшін қажет. Студент бола тұра беріліп жатқан білімді жіберіп алу ұят емес пе?Қыз баланың атағына сенгені жараса қояр ма екен?Өзіме бұл сұрақты жиі қойдым және іздендім, шахматшыға білім керек емес деп кім айтты сізге, мен оқығанды жақсы көремін. Қызыл диплом таза білімім, еңбегімнің жемісі.
      — Шахмат тақырыбына оралсақ. Мықты шахматшы болу үшін дарын керек пе, жоқ ұстазың мықты болу керек пе?
      — Маған осы сұрақты көп адам қояды, мақтауды да жиі есітемін. Біреулер бұл сенің дарының, туа біткен талантың деп жатады. Бірақ, мен қосыла алмаймын ондай пікірлерге. Менің осындай дәрежеге жетуіме ең алдымен әкем Сайфулин мен Айдын атты анамның ықпалы. Әркімге әрқалай ғой, негізінде менің ойымша адам туа бітті талант иесі бола алмайды-ау. Талант кішкентай ғана берілетін сияқты. Сол кішкентай ғана таланттың өсуі, шарықтауы ары қарай өзіңе ғана байланысты. 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек деуші еді ғой. Мен сол пікірге толығымен қосыламын. Түрлі ортаны көріп, талай сындардан өтіп жүріп шыңдаласың, үйренесің. Талант солай сенімен жүріп, өсіп-дамып бір күні өз орнын табады. Талантым туа біткен деп көп нәрсені елеусіз қалдырып қойсаң ұзаққа бара алмайсың, қанатыңды қатайтпасаң, қалай ұшасың… 
      — Менде шахмат ойнауға кішкентайымнан бастап құмартқанмын. Үлкендердің ойнағанына қарап отырып жүрістерге қанықтым, ойынның ережелерімен таныстым. Бір қызықтырғаны шахмат екі елдің соғысындай, мұхият қарап отырсаң талай құпияларды ұғуға болатындай. Қызығына кірсең шыға алмайсың. Мұны саған айтып отырған себебім, менің қызуғышылығым осылай туды, сені еліктірген не?
     — Қызығушылығың болмаса нәтиже де шығара алмайсың. Дұрыс әрине, сен айтқандай екі елдің соғысы деп алуға да болатын шығар. Тағы осыған қосарым шахмат ойыны бұл — өмір. Өмірдің қыр-сырын, қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстармен салыстыруға болады. Қызығушылығы бар адамға өмірді шахматтан көруге болады.
      — Атақты болу оңай жүк емес, меніңше, мақтап жатады, мақтанып та қаласың. Сондай сәттерде өзіңді қалай сезінесің?
      — Алдымда тұрып мақтай бергенді онша ұната бермеймін. Өтірік мақтауды жек көремін. Асып-тасып кетуден қорқамын. Бірақ мен шын ниетпен айтылған жылы сөздерге сыртқа көрсетпесем де іштей қатты қуанамын. Көпшіліктің, әсіресе, үлкендердің сөздері мені биікке жетелейді. Сол жылы лебіздерді әрқашан да есімде ұстауға және соған лайықты болуға тырысамын. Бірақ, шынымды айтсам, мақтанғанды ұнатпаймын.
      — Қазақтың атын шығару сен үшін қаншалықты маңызды?
      — Ол бірінші кезектегі мәселе мен үшін. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Алдымен ата-ананың үмітін ақтау керек. Егер соған қол жеткізсең отан алдындағы жауапкершілікті сезіне бастайсың. Тек мен ғана емес, мына шытырман өмірде қайнап-піскен ұлттың әрбір қызы мен ұлы өз талантын елі үшін, елін әлемге таныту үшін жұмсауы керек, аянбай тер төгуі тиіс деп ойлаймын. Ол біздің парызымыз.
      — Достарың көп пе?
      — Достарымнан таныстарым көп десем дұрыс шығар.
      — Достарыңыз, таныстарыңыздың сіздің өміріңіздегі орны қандай?
      — Олардың орны мен үшін жоғары. Мен оны әр жарысқа қатысқан сайын сезінемін. Талай жарыстарда жеңістеріме ортақтасып, мен үшін алаңдап, маған демеу болған сәттерінде, алдымнан күтіп алып жатқан кездерінде мен оларды соншалықты жақсы көретінімді түсінемін. Достарыңның сондай сәттерде қасыңнан табылып жатқаны қандай жақсы!Бұл менің өзімді ең бақытты сезінетін кездерім.
      — Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
      — Алдағы жоспарым осы шахматтың жүрісімен жүру. Осы жолдан таймасам екен деймін. Менде ойын енді басталды. Алда талай асулар бар, соларды бағындырғым келеді.
      — Танымал адамдардың көбісі жұрт көзіне көп түсе бергісі келмейді. Әсіресе әртістердің арасында. Өзіңде қалай?
      — Қарапайым өмірде бәрімізде әртіспіз. Менің жұрттан жасырынатын әдетім жоқ.
      — Сырыңызды кімге ашасыз?
      — Ойландыратын сұрақ екен. Мен әлі жаспын ғой. Менің айтар сырымнан, маған айтылар сындар көп сияқты.
      — Алда «Жаңа жыл» мерекесі келе жатыр. Жаңа жылды кімдермен қарсы аласыз?
      — Мен жаңа жылда отбасымнан бөлінбеймін. Жыл сайын бұл мерекені отбасымызбен бірге қарсы аламыз. Бұл отбасылық- мейрам.
      — Елге тілегіңіз…
      — Барша қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылды жақсылап шығарып салып, келесі 2014 жылды жайдары жүзбен қарсы алсын деймін. Барша адамзаттың жүзінен күлкі кетпесін. Алдағы жыл табысты да шуақты болсын! 
      — Сұхбатыңызға үлкен рахмет. Жаңа жыл, елдің намысын ту еткен сіз үшін құт боп енсін дегіміз келеді.
Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ,
«Қызмет» газеті.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика