Мерекелік сұхбат

Ж.Камалқызы ХҚТУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті: «ҚАЗАҚ ҚЫЗДЫ ҚОНАҚ ДЕП ТӨРГЕ ОЗДЫРҒАН»

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен Аналар жайлы әңгіме аз емес. «Алып анадан туған». Әлемді мойындатқан не данышпан, ер, батыр-балуандарымызды дүниеге әкелген  ақ жаулықты аналарымыз емес пе? Жанымгүл ханым, жауқазындай  перзенттерді  өсіріп, тәрбиелеген, азамат еткен Аналардың бірісіз. Мереке қарсаңында өзіңізге  «биресмилеу»  бір-екі сауалымызды қойсақ.

Б.Момышұлы атамыз: «Әйелдің үш қасиеті болуы керек: 1.Ерін күту; 2.баласын дұрыс тәрбиелеу; 3.үйін ұстай білуі»-деген. Сұрақты осы тағлымды сөзден шығарғым келіп отыр: отанасы ретінде, ана, әйел(қазақ әйелінің) қасиеті жайлы пікірлеріңізбен бөліссеңіз.

 — Ерін күтуді қыз бала өзінің ұшқан ұясында әкесін құрметтеуден бастайды. Әкесін құрметтеу, оған қалытқысыз қызмет ету, оның қас-қабағына қарап, абыройына кір келтірмеуге  үйренген қыз бала өзі тұрмысқа шыққанда, қайын атасын да солай сыйлауды заңдылық деп түсінеді, күйеуін күтуді де ешкімнен үйренбейді. Мен өз анамнан әкемді қалай күтетінін көріп өстім. «Әкелеріңнің алдында әдепті болмасаңдар, сырт көз үшін әдепті бола алмайсыңдар»,- деп отыратын. «Ер адам түз үшін жаратылған, үйдің майда тірлігімен оның еңсесін түсіруге болмайды»,- дейтін. Қонақтар келсе де қақ төрде отырып, қонақтарын қарсы алатын әкем есікке, ас үйге мойын бұрмаған қалпы дүниеден өтті. Менің де төрт перзентімнің әкесі, құдай қосқан қосағым солай қонақтарын төрінде отырып қарсы алады. Әйелдердің шаруасына араласпайды. Ас үйде жүретін ер-азаматтарды өз басым аса құрметтей қоймаймын.  Ерін күтуді қазақ әйелдері өздерін кемсіту деп ұғынбаған. Ер азаматтың сырт көрінісінен-ақ оның әйелінің қандай екенін аңғаруға болады.

             Бала тәрбиесінде біз ұлттық педагогиканы көбірек ұстандық. Отағасы  екеуміз де педагог мамандар болсақ та, ата-анамыздан алған тәрбие ықпалы көбірек әсер еткен сияқты. «Ұлың ынтығып өссін» деген  мақал  бала тәрбиесіндегі ұстанымымыз болды. Біз балаларымызды өсірген  жылдар кеңес үкіметінің орыстандыру саясатының қатты күшіне мінген кезеңі болатын.Ұлдарымызға тегін, жеті атасын кішкентайларынан үйреттік. Аталарының жақсы қасиеттері туралы көбірек айтып отырдық. Үйде тек өз ана тілімізде сөйлеуді, қазақ кісілерге тек қазақ тілінде сөйлеуді талап еттік. Бірде ата-анамның үйіне барғанбыз. Үлкен ұлым Дінислам жүгіріп келіпті: «Мама, ана бір бала ұятсыз екен, бір қазақ атаға орысша сөйлеп тұр, ұялмайды екен»,-дейді ентігіп. Әкем: «Ол көргені аз, тәрбиесіз бала, сенің олай етпегенің дұрыс»,-деп басынан сипады. Сөйтті де әкем маған аса бір ризалықпен қарап қойды. Сол бір мейірімге толы көзқарасы әлі көз алдымда. «Ұлды ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады»,- деп жазған екен А.Байтұрсынов. Мен ұлдарымды биіктен көргім келді, отбасындағы әйел тірлігіне араластырғаным жоқ. Қызым болмаса да ондай тірліктің бәрін өзім үлгердім. Балаларыма ренжіп тұрсам да, артық сөз айтып көрмеппін.

            Үйдің жылы ұяға айналуы әйелдің қолында. Үйді ұқыпты ұстау, дәмді тағам дайындау, дастарқан басында жылы қабақ танытып, жарасымды әңгіме айту да әйелдің парасаттылығын танытады.  Мақтанды демессің, тамақты дәмді дайындаймын, анамнан дарыған шеберлігім де бар. Көрпеше құрау, киім тігу, тоқу сынды жұмыстарды сүйіп істеймін. Біздің ұлттық тәрбиенің бар салмағы дастархан үстінде көрініс табады. Қолды тазалап жуып келуден басталған әдеп тұтас бір циклды тәрбие деп ойлаймын. Дұрыс отыру, дұрыс ас іше білу, дұрыс әңгіме айту, әдеппен және ретіне қарай сөйлеу, жарасымды әзіл, ұтқыр ой, тұшымды сөз айта білу дастархан басында қалыптасады. Осының барлығында ғажап тәрбие бастаулары жатыр. Біз өз ата-анамыздан осыны үйрендік, өз балаларымызға осылай тәрбие бердік. Енді немерелерімізге де осыны үйретіп жүрміз. 

«Қыз-қонақ», «Қыз – жат жұрттық», «Қызға қырық үйден тыйым» деп атамыз қазақ қыз баланың тәрбиесіне  қатты мән берген, қадірлеген…

Біздің қазақ  — ұлы халық. Оның ұлылығы қыздарды тәрбиелеуінен көрінеді. Қыздарды қазақтай сыйлайтын ел әлемде жоқ десем, қателеспеймін. Алпыстағы ақсақал төрде отырғанда, есіктен он бес жасар қыз келсе, жылжып қызға төрден орын берген. Соның бүгінгі күнге жеткен жұрнағы бар. Жөн білетіндер: «Қыз есікке отырса, кедейленіп қаламыз»,- деп әзілдеп, әлі де қыздарды төрге оздырып жатады. Қызды кішкентайынан: «Сен өз еліңнің қонағысың, баратын нағыз елің басқа, сол елге барғанда бізді ұятқа қалдырмайтын бол»,- деп  құлақтарына сіңірген. Бұның екі жақты тәрбиелік маңызы  бар: біріншіден, қызды қонақ ретінде барынша төбесіне көтере сыйлайды; екіншіден,үлкен жауапкершілік артады. Өзге елде ұятқа қалмайтындай етіп тәрбиелейді. Түрлі өнерге, шыдамдылыққа, әдептілікке, адалдыққа кішкентайынан үйретеді. Және сол баратын ел өзінің шын елі екенін құлағына сіңіреді.  Өз елін сүйген, өз елін сыйлай білген текті қыздардан ғана текті келін, ұлағатты  ана шығатынын түсіндірген.  Сондықтан қазақ қыздары өз елінің де, барған елінің де намысын, соның бар жақсылығын тілейтін әулиеге айналған. «Астың дәмін келтірер тұз- әулие; елмен елді қосатын қыз-әулие» дейді дана халқымыз. Бүкіл ел намысының көрінісі болғандықтан, қазақ ұлты қыз тәрбиесіне өте жоғары талап қойған. Бойын ғана түземеген, оның бар санасы мен ойын түзеуге көңіл бөлген. Бар асылы мен қымбатын қыз үстіне жапсырып, бар ұлттық құндылықтарды санасына сіңірген. Ең бірінші, қыз абыройын бүкіл ел болып қорғаған. Қыздарға ауыр сөз айту – қазақ жұртында үлкен көргенсіздік болып есептелген. Соған сәйкес қыздардың да  әдептен аспауын талап еткен. Қыздардың тәрбиесіне бүкіл ел жауапты болған. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйым» деген сөз қыздардың  құқын шектеу емес, қыздарға қойылар талаптың жоғарылығын көрсетеді. Бұрынғы  әжелеріміздің, солардың сарқытын ішкен аналарымыздың әдептілігі мен мәдениеті таңдай қақтырады. Қыдырғанда да қолдарына ұршықтарын алып қыдыратын әжелерді, қолдарына кестелерін, тоқымаларын  ала жүретін қыз-келіншектерді біз де көріп өстік. Көшеде бос қыдырып жүру – әдепсіздіктің басы деп ойлаймын. Ондай көше тәрбиесін алған қыз отбасына береке әкелетін қолы құтты әйел бола алмайды.

– Осы күні көп айтылып жүрген «гендерлік саясат» деген мәселеге көзқарасыңыз? Қалай ойлайсыз, саясат пен билік әйелге қол ма?

–Гендерлік саясат менің көңіліме қонбайтын мәселе. «Қазақта әйелін ұратын дәстүр болған» дейді өткенде бір жігіт теледидардан. Қазақтың дәстүрінде әйел ұру болмаған.  «Қатынын ұру — құл құтанның тірлігі» деп отыратын әжем. «Әйелдің өзінен жоғары екенін білгенде, жаман еркектер таяқ алып қоқаңдайды»,- дейтін тағы. Еркектің таяғын жеп, боқтығын есітіп және сонымен бір шаңырақ астында өмір сүріп, бір дастарханда отырып ас ішетін, ұрпақ өсіретін әйелдерді де ақылыма сыйғыза алмаймын… Ондай үйден қандай ұл мен қыз өсетіні белгілі. Ислам дінінде неке дұғасы тек тең адамдарға ғана оқылуға тиіс  екен. Неке оқылғанда, оның ақылы мен  білімі, көркі, тұрмысы, т.б. тең болуға тиіс екен. Әйелді ұру, қорлау — тек мәдениеті мен парасаты төмен адамдардың ғана әрекеті.  Әйелдердің ел ісіне араласуы, билік жүргізуі біздің ұлт үшін жаңалық емес. Арғы тарихты айтпағанда, Шоқанның әжесі Айғаным сұлудың өзі-ақ бұған дәлел.    Сондықтан, саясатқа, билікке араласқан әйелдерге онша бір таңырқамаймын да, оны өрескел санамаймын да. Бірақ, сол билік орнына сай білімі мен білігі, парасаты, күңкілден биік өресі, өсек жұқтырмас  адалдығы болса, қызмет істей берсін. Қызмет бәріне жетеді.

    Тәлімді әңгімеңізге архмет, енді жастарға  тілегіңіз.

–   Жастарға айтарым: ұстаздардан білім берілгенімен, оны игерер парасат өздерінен, текті елдің ұрпағы  парасатынан айрылмасын! Ұлдарымыз елімізге пана болсын, қыздарымыз шаңырақтың шаттығы,  отымыздың иесі дана болсын!

         Сұхбаттасқан: Ә.Тәшім,Түркістан қаласы.



Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика