ӨЗ ЕЛІН ҚАСТЕРЛЕЙТІН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ — БАСТЫ МІНДЕТІМ

   «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осы болса керек. Рахмет Галиахметовтің ортаншы баласы Ришад әке жолын қуып, спорттық жарыстарға қатысқанды жаны сүйеді. Талай облыстық додаларда топ жарып жүрген аудан мақтанышы. Оның спорттық жарыстарда биіктен көрінуі әкеден алған өнегесі  мен отбасының тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.

    «Қаракөл» орта мектебінде қырық  жылдан бері ұстаздық еңбек етіп келе жатқан Рахмет Галиахметовті Қызылқоға ауданының халқы жақсы таниды. Ол 1973 жылы Қостанай облысындағы педагогикалық институтты дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық пәндері мұғалімі мамандығы бойынша тәмәмдап, «Қаракөл» орта мектебінде еңбек жолын бастайды.  Рахмет ағамыз спорттың қай түрін де жете меңгерген. Волейбол, баскетболдан дайындаған командалары облыс көлемінде мектепаралық шараларда жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Баланы спортқа баулуда болсын сол сабырлы кейпінен, ұстамдылығынан бір өзгерген емес. Дауыс көтеруді білмейтін, қабақ шытпайтын жайдарлы жан. Қашан да жарыстың не екенін жалықпай түсіндіріп, ондағы қиындыққа төзе білуге, ұтымды жүріс тәсілдерін меңгеруге, қарсыласының ойын іштей сезе білуге, сабырлылыққа тәрбиелейді. Рахмет ағамыз уақытпен санаспайды. Ауданда волейболдан, баскетболдан, футболдан өткен жарыстардың  басы-қасында жүреді.

   Қолындағы ортаншы ұлы Ришад — ауылдың, одан қалды ауданның мақтанышы. Кір тасын көтеруден облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Әке көрген оқ жонарын ескерсек, Ришадтың әлі де елге танылары хақ. Қазіргі таңда жас болғанына қарамастан, ол — Рахмет ағамыз секілді үлгілі ұстаз. «Қаракөл» орта мектебінде «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен сабақ береді.  Ришадтың айтуынша, бала кезгі әкеден дарыған спортқа деген құштарлық, спортты сүю, өмірінің әр кезеңінде көрініс тауып отырады.      

   – Әкеміз сонау кішкене кезімізден бастап спортқа баулып келеді, ылғи да «тек ерінбеу керек» дейді. Жалқаулықты жат санап, әрдайым дайындық үстінде жүретінмін. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім осы әкемнің берген тәрбиесінің арқасында , — дейді әке жолын қуған жас ұстаз Ришад.

  «Жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек, жылқының да жылқысы бар қазанаты бір бөлек» деген сөздер біздің Рахмет ағамызға арнап айтылған секілді. Олай деудің де себебі бар. «Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын» дегендей, саусақ басып санайтын болсақ, адамгершілігі, адалдығы, еңбекқорлығы, бауырмалдығы, қарапайымдылығы, еліне, ұлтына деген жанашырлығы – жақсы қасиеттері. Рахмет ағамыз жан тәнімен тек спортқа ғана бейім емес, атқа мінуге де ерекше мән берген. Оның атқа құмартып әуес болуы да әбден орынды. Өйткені, киелі Қаракөл  өлкесі –  аттың құлағында ойнаған, жылқыны өсіру, баптау, үйрету, жаратудың қыр-сырын толық меңгерген ата-кәсіпті жоғалтпаған елді мекен. Рахмет ағамыз небір шу асауларды ауыздықтап, оп-оңай үйретіп алады екен. Жылқы бағу кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа, оған ептілік пен қатар, қарулы да болу керек.

    Рахмет Галиахметов үшін бала тәрбиесінің де орны бір бөлек. Өмірлік жары Баян апайдың да тәрбие беруде сіңірген еңбегін ерекше атап өту керек. Жаны жайсаң ағамыз спорттық жарыстарға іс-сапармен кеткенде, бала тәрбиесі Баян апамыздың қолында қалатын. Жеңгеміздің Қаракөл дәрігерлік емханасында еңбек етіп жүргеніне, міне, 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Күні-түні жұмысбасты болғанымен, Рахмет ағамыз бен Баян апайдың бала тәрбиесін жоғары қойып, үлгілі ұрпақ тәрбиелегеніне ешкім күмән келтіре қоймас.

Әр халықтың діні мен тілі, салт-дәстүрі бөлек болғанымен, ұрпақ өрбіту, тәрбие­леп өсіру және ата-ананың перзенттері алдында жауап­кершілігі бірдей. Ба­лалар – біздің ертеңі­міз. Олар­дың қандай азамат болып шыға­тыны біздің бүгінгі берген тәр­биемізге тікелей байланысты. Барлық шәкіртке өз баламдай қараймын. Ешқайсысын бөле-жармаймын.  Оқушы тәрбиесіне, елдің болашағына нем­құрайды қара­мау керек деген ұс­танымым бар. Әр оқушыдан патриот, өз елін қастерлейтін ұрпақ  тәрбиелеу — басты міндетім, – дейді Рахмет аға.

   «Отбасы – шағын мемлекет» демекші, елдігіміздің негізі қаланып, ұрпағымыздың дүние танымы қалыптасатын отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан балаларымыздың бойына спортқа деген сүйіспеншілікті арттыруға баршамыз осылайша мүдделі болсақ, болашағымыз жарқын, келешекте дені сау, толыққанды, бақуатты отбасы қоғамымыздың берік тірегі болатыны сөзсіз.

  Әль-Фараби ЖОЛДИЕВ,

Атырау облысы,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика