Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ, Экономикалық саясат институтының директоры, экономист
«ДҮМПУДЕН ІШКІ ЭКОНОМИКА АЙТАРЛЫҚТАЙ ЗАРДАП ШЕКТІ»
– Қайырбек Төлендіұлы, экономист, сарапшы ретінде экономикалық сараптамаларыңызды БАҚ беттерінен, сайттардан оқып жүрміз. Қазақстандық сайттардың біріне берген сұхбатыңызда «Қазақстанның экономикалық өсу моделі ескірді, әрі оны дайындайтын адамдар да ешбір өзгеріссіз құрамда қалып отыр» деген едіңіз. Биыл жаңа жыл Қазақстан үшін ерекше жағдайда басталды. Бүгінде атыс-шабыс тоқтады. Десе де, қауіп бар. Ең бастысы террорға тойтарыс берілді. Қазір еліміз шығынын санап жатыр. Сіздің ойыңызша ең алдымен елде орын алған дүмпудің кесірі қандай салаларға тиді? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Қазір Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ел болашағы үшін алаңдаулы екені рас. Сұраққа төтесінен көшсем, елде орын алған дүмпудің кесірі экономиканың барлық салаларына кері әсерін тигізді деуге болады. Соның ішінде ішкі экономикаға тиетін зардапты ерекше айтып өткен жөн. Дүмпуден ішкі экономика айтарлықтай зардап шекті.
– Ішкі экономикаға не кіреді, таратып айтып кетсеңіз?
– Ішкі экономикаға бағытталған секторлар мыналар: сауда саласы, қызмет көрсету саласы, қозғалмайтын мүлік, банк. Бұл жолы мемлекеттік мекемелер ғимараттарының бүлінуіне байланысты да бірталай шығындарды есептеуге болады. Әрине, өңірлік-жағрафиялық жағынан негізінен зардап шеккен Алматы, Талдықорған, Шымкент қалалары және ішінара Тараз өңірі де бар. Батыс және Солтүстікте бұл дүмпулер айтарлықтай шығын әкелген жоқ. Басқа өңірлерге қарағанда жеңіл өтті десек болады.
Экономика өскенімен, шынайы, «реалды жалақының» өсуі айтарлықтай болмады
– Дүмпуге дейінгі Қазақстанның жағдайы туралы экономикалық тұрғыдан ойларыңызды айтып жүрсіз. Жалпы жағдайға көшсек, дүмпуден кейінгі Қазақстанның жағдайы қалай болады?
– Дүмпу Қазақстанның Үкіметін отставкаға жіберді. Жаңа үкімет жасақталып жатыр. Бейбіт шеру жасаушылардың нақты талаптары болды. Ол талаптардың өзектісіне үкімет құлақ асты. Экономикаға кері әсеріне қарамастан газ бағасының ең төмен шегі республика бойынша 50 теіге болды. Және бұл бағамға 180 күнге дейін өзгеріс енгізілмейді. Қазір зардап шеккен елді-мекен мен қалаларды қайта орнына келтіру іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Жаңа үкімет митингке түрткі болған басқа да түйіткілді мәселелерді шешу үшін жұмыс істейтін болады. Президентіміз Жаңа Қазақстанға аяқ бастық деп мәлімдеді. Үкіметке тапсырма берді. Жағдайдың қалай өзгеретінін алдағы уақытта көретін боламыз.
– Азық-түлік бағасының тоқсан сайын өсуі де митингке шыққан халықтың талап-тілегіне кірді. Қымбатшылыққа қандай факторлар әсер етті? Жалақыны көтеру мұның шешімі бола ала ма? Өз тарапыңыздан, экономист ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Шынын айту керек, соңғы 5 жылда әлеуметтік экономикалық саясаттың нәтижесі бойынша экономика өскенімен, шынайы, «реалды жалақының» өсуі айтарлықтай болмады. Менің ұсынысым, осыны есепке ала отырып, экономикалық өсу модельін өзгерту керек. Яғни, тек ішкі жалпы өнімнің өсуі ғана емес, инклюзивті экономикалық өсу қажет бізге. Барлық Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартатын экономикалық өсу модельі керек.
«СҰРАНЫС КӨП БОЛЫП, ҰСЫНЫС АЗАЙСА, БАҒАНЫҢ КӨТЕРІЛЕТІНІ АКСИОМА»
– Пәтер бағасының өсуі де халықтың наразылығын тудырып жатыр. Бұл мәселені шешу жолдары қалай?
– Әлбетте, бізде пәтер бағасы мен оны жалға беру ақысы да өсіп жатыр. Мұның да өзіндік көптеген себептері бар. Менің ойымша пәтер мен оны жалға беру бағасының өсуіне бір себеп болған жағдай, зейнетақы қорынан тұрғын үйге ақша алу. Азаматтарымыз тұрғын үй сұрақтарын жеңілдетуге байланысты қосымша қаражат алды. Ол қаржылар құрылыс секторына, тұрғын үй саласына құйылды. Аталған салаға ақша көп түскен соң нарықтағы пәтердің бағасы, жалға беру ақысы да өсті. Сұраныста азайған жоқ. Зейнетақы қорындағы қаражатқа кімдер тұрғын үй мәселесін жақсартты. Үй-жайсыз жүргендерді қаншасы баспаналы болды? Бұл бөлек әңгіме, бөлек зерттеу. Қазірге белгілісі, сұраныс азайған жоқ. Ауылдардан халық көп шоғырланған қалаларға қоныс аударушылар көбеймесе, азайып отырған жоқ. Сұраныстың өзгермеуіне осы да себеп бола алады. Сұраныстың өсіп кетуі де ықтимал. Сұраныс көп болып, ұсыныс азайса, бағаның көтерілетіні аксиома.
Сонымен қатар, тұрғын үй саласындағы қымбатшылықтың тағы бір себебі, кейбір құрылыс заттарының бағасы өте жоғары болып тұр. Соған байланысты импорт алмастыру саласында түбегейлі шаралар қабылдау керек.
– Соңғы есептеулер бойынша, бизнеске 110 миллиардтай шығын келді. Жалпы шығынды айтпағанда. Мемлекет осы шығынның бәрін өз мойнына ала ма? Ол бюджетке ауыр соққы емес пе? Немесе мұны шешудің басқа да жолдары бар ма?
– Иә, алдын-ала есептеу бойынша шығынның көлемі 110 миллиардтан асып жатыр. Бұл әлі де есептеп, нақтылауды қажет етеді. Қирағанд қалпына келтіру, жалпы шығынды өтеу тек қана мемлекеттік бюджет арқылы емес, Ұлттық компания немесе басқа да ірі компаниялар, банктер т.б құрылымдардың бюджеттен тыс көмек беруі арқылы қалыпқа келеді деп ойлаймын. Кейбір жеке кәсіпкерлік ғимараттардың кәсіпкерлік сақтандыру объектісі болуы да ықтимал. Егер олар тиісті мүліктерін, ғимараттарын сақтандырған болса, шығынның біршамасын сақтандыру компаниялары өтеуі әбден мүмкін.
«ШЕТЕЛДЕН ҚАРАЖАТ АЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ, МҮМКІНДІГІМІЗ ЖЕТЕДІ ДЕП АЙТА АЛАМЫН»
– Қандай да бір шет елдерден, ұйымдардан ел экономикасын қалпына келтіру үшін көмек қажет пе?
– Меніңше, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан әлеуетті, потенциалы жоғары мемлекеттердің бірі. Мемлекеттік бюджеттің көлемі өте жоғары. Сонымен қатар бізде квазимемлекеттік секторда көптеген қаражат бар. Бұдан бөлек «Ұлттық қорда» біршама қаражат жатыр. Тіпті «Самұрық –Қазынаның» өзінде мемлекеттік бюджетке жетер-жетпестей қаражат көзделген. Сондықтан, шетелден қаражат алудың қажеті жоқ, мүмкіндігіміз жетеді деп айта аламын.
– Бюджетке, мемлекетке келген шығынды толық өтеу үшін, барлығын қалпына келтіру үшін қанша уақыт керек?
– Бюджетке келген шығын пәлендей көп емес. Дүмпу әрі кеткенде 10 күнге созылды. Бізде бір жыл, яғни 12 ай кәсіпкерлік қызметке мерзім бар. Бұл – бірінші.
Екіншіден, ең көп шығын Алматы қаласы бойынша болды. Алматы басқа қалалармен салыстырғанда ауқатты «донор қала» болып саналады. Яғни, бюджетке көп қаражат түсіретін қалалардың бірі. Сондықтан Алматының қалалық бюджетіне бұл қатты соққы емес. Дегенмен, донорлық өңірдің республикалық бюджетке жіберетін қаражаты аздау болады.
Қалпына келтіру мерзімі бұл «Жаңа Үкіметтің» ұйымдастырушылық қабілетіне, іскерлігіне, біліктілігіне, шапшаңдығына, басқа да субъектілердің өзара ықпалдасып жұмыс істеуінің тиімділігіне байланысты. Егер, үкімет және мемлекеттік емес мүдделі тараптар «тандем» әріптес ретінде бірге жұмылып жұмыс істесе, бүлінген дүниелерді қысқа мерзімде қалпына келтіріп, келген шығынды үстіміздегі жылдың 5-6 айында толығымен жабуға болады.
– Қайырбек Төлендіұлы, сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Бақжан МАХАШОВ
Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен алынды
Leave a Reply