Қ.Анарбаев, тарих ғылымдарының кандидаты: «ҰЛТТЫҚ КОД ДЕГЕНІМІЗ – ӨЗІҢДІ-ӨЗІҢ ТАНУ»

Руханият – барша халықтың тарих таразысында түзілген танымы. Сол құндылығымызбен жүйрік уақыттың ырғасында бірде алыстап, бірде жақындап, жоғалтып барып қайта қауышқанымыз да рас. Өткенді ақтармай-ақ қояйық, кешегі тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылда жаңа буын жастары қалыптасты. Соған қарап, бүгінгі рухани жеңіс пен жетістігімізді де сынап көрсек болардай. Бүгінде алдымыздан өшкенімізді жағып, ұмытқанымызды ұлықтап, өскелең ұрпаққа тапқанымызды беріп, таянғанымызды сіңіре алдық па деген сауал шығады. Осы орайда жоғарғы оқу орнында жастармен тікелей тығыз байланыста жұмыс істейтін ғалыммен әңгіме арқауын тарқатқанбыз. Сұхбат алаңына ОҚМПУ-дың «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаевты шақырдық.

ТӘРБИЕ – ТАРИХ ПЕН ТІЛ АРҚЫЛЫ ӨРБИДІ

– Аға, өзіңіз осы университет қабырғасында біршама уақыт қызмет істеп келесіз. Мұнда ілім-білімге талпынған жастың рухани әлеуетін, деңгейін сізден сұрауға әбден болады деген сенімдемін.

– Бүгінгі студент жастардың рухани жаңғыруы дегенде, өзім Қазақстан жастарын екіге бөліп қараймын. Бірі – тарихи тамырынан айырылып, космополиттік идеяларымен батысқа еліктеп, материалдық құндылықты аңсап жүргендер. Екіншісі, ұлы бабалардан қалған қасиетті сақтаушы, қарнымның ашқанын емес, қадірімнің қашқанын ойлаймын деген жастар. Бұлардың екеуімен де мен кездесіп жүрмін. Біріншісі оңтүстікте аз да болса бар, бірақ жалпы әлеуметтік желіде, БАҚ құралдарындағы деректерде бұлардың саны арта бастағаны байқалады. Бұл өкінішті жағдай. Менің ойымша, тәуелсіздіктің 30 жылдығында бұлай болмауы керек еді.

Әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамаларда орыс тілді жастарымыздың әсіресе ана тіліне деген менсінбеушілігі, мемлекет келешегіне деген сенімсіздігі бар екені байқалады. Керісінше жастар арасында тарих пен тілге ерекше құрмет көрсетіп, ұлт болашағына сеніммен қарайтыны да баршылық. Бұл орайда, екі нәрсеге назар аударғым келеді. Рухани жаңғыру дегенде ғылымның екі саласына ерекше көңіл бөлу керек, ол – тарих пен тіл. Мысалы, қазіргі Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт қазақ екенін, бұл ел қазақтың тарихи отаны екені ашып айтылып, өзгелер мұны мойындауы керек. Ал, қазақтың тарихы мен тілін меңгермеген адам – ұлттың патриоты бола алмайды. Бәлкім, жүз жерден химия, физиканы немесе жаратылыстану ғылымдарын меңгеріп, ағылшын тілінде де сөйлей алуы мүмкін. Бірақ, қазақтың тарихы мен тілін білмесе өз халқын таныстыра алмайды.

Таным деген дүние тарихи салыстырылмалы түрде жүреді. Мысалға біз қандай нәрседе озық болып, кемшін түскенімізді тарихи салыстыру керек. Сондықтан, қоғам, отбасы, жоғарғы оқу орындары ұрпақты тарих пен тіл арқылы тәрбиелеуіміз керек. Биыл 1150 жылдығы аталып өтіп жатқан әл-Фараби бабамыз айтады: «Адамға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп. Тәрбие – тарих пен тіл арқылы өрбиді. Міне, осы тұрғыдан келгенде жастардың бірінші тәрбиесіне жете назар аударсақ деген ойым бар. Оны айтып та жүрмін.

Кейде ағылшын және орыс тілін жетік меңгерген жастардың Еуропаға барып, Америка асамын деген сұхбаттарын көріп қаламын. Сонда көңілім құлазиды. Мемлекетті кім көркейтіп, мына жерге кім ие болып, елге қызметті кім жасайды деп ойланасың. Азғантай қазақ өзді-өзі осылай бөлініп жатса, біздің келешек қандай болады?

Сондықтан, «Әрбір қазақ – менің жалғызым» демей осы бағытпен кете берсек, көп нәрсені жоғалтамыз. Кешегі ХХ ғасырдың басында идеологиялық, саяси репрессиялардың салдарынан халықтың 2\3 бөлігінен айырылып қалдық. Ал, бүгін тәуелсіздік алған бейбіт заманда еліміздің біраз бөлігінен айырылып қалуымыз мүмкін.

– Енді, аға, осындай жағдайларға ұрынбас үшін бүгін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орындарының қара шаңырағы өзіміз еңбек етіп жатқан ОҚМПУ-да бұл бағыттарға ерекше назар аударамыз. Өйткені, педагогикалық университет болған соң, жалпы ұлттың ұстаздары осында тәрбиеленеді. Әрине, бізге келген студент контигенттерінің арасында өз отандастарымыз ғана емес, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақстаннан келіп жатқандар бар. Оларды да түбі бір туысқан халықтар екенімізді айтып тәрбиелеуге тырысып жатырмыз.

Бұл жаңағы айтқанымызға қарсы орыс немесе ағылшын тілін білмейміз дегенді білдірмейді. Тек шет тілдерінде білім алуды өзге елдің мәдениетін білу, дипломатиялық, экономикалық байланыс жасаудағы құрал етіп қолдануымыз керек. Ал, елдің елдігі, түпкі мақсаты – қазақтың тілінде, тарихында. Қазақ болып соған ие болмасақ, тарихтан Қазақстан деген ат өшеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақалаларын түсіндіруге атсалысудамыз. Биыл оқу онлайн режимде болуына байланысты рухани жаңғыру бағыттарын, мәселелерін онлайн түсіндіретін боламыз. Мұның бәрі жете тарихты тану, ана тілді жетік меңгеру.

Ең бастысы – тарихынан ажыраған, тілінен айырылған адамның өзі мәңгүрт. Сондықтан, біздің руханиятымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді, ата-бабалардан қалған аманатты қазіргі заманға сай жетілдіре отырып, жастарға жеткізуіміз керек.

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ НАҚТЫ ФАКТІЛЕРГЕ СҮЙЕНБЕСЕ, ӨТІРІК БОЛАДЫ

– Тарих пен тілге ерекше назар аудару керек дейсіз ғой. Тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы ағамыз «Билік тарихқа қатысты пікірін өзгертуі керек» деген болатын. Өйткені, мектепте де, жоғарғы оқу орнында да тарих құрғақ цифр мен материалдық әдістемемен жүреді. Осыла жастарға тарихты түсіндіріп, бойына сіңіре аламыз ба? Сіздің ойыңыз қандай?

– Жалпы, Момбек ағаны жақсы білемін, тарихшы, шежіреші. Бірақ, бір нәрсені ескеруіміз керек. Ел тарихы жоғарғы оқу орнында оқытылғанда ғылыми болып табылады. Мысалыға, тарихты әңгімелеу бар, онда тарихи оқиғалар көркем сөз, көркем образ арқылы жүруі мүмкін. Ал, тарих ғылымы нақты тарихи фактілерге сүйенбесе, ол өтірік болып қалады. Сондықтан, тарихты әңгімелеу бір бөлек, ғылыми жүруі бір бөлек.

Ғылымның өзі жаратылыстану болып айналадағы жаратылыстың пайда болу, даму заңдылықтарын зерттейтін және қоғамдық болып бөлінеді. Тарих – осы қоғамды зерттейді. Қазақстан территориясында пайда болған қоғамның тарихы, өзіндік заңдылықтарын оқытады. Біз жоғарғы оқу орнында қоғамдық заңдылықтардың қалай дамитынын, қалай өзгеретінін үйретуіміз керек. Сол үшін ғылыми оқытылуына баса назар ауадарымыз. Ал, әңгімелеу – тілмен, көркем әдебиетпен, көркем сөздер арқылы шешендік сөйлеумен байланысты.

Бізде керемет ғалым тарихшылар бар, лекция оқығанда шешен сөйлей алмайды. Ал, екінші тарихшылар бар, шешен сөйлеп, жұртты аузына қаратады. Бірақ, ғылыми дәйектеу жағынан кемшін түсіп қалады. Осының екеуі сай келсе, керемет болар еді. Мынау кеңестік дәуірдің өзінде тарих-филология факультеттері болған. Жаңа классивикатор бойынша екеуін екі бөліп тастадық. Шын мәнінде, тарихшы филологтарды қосарлап дайындар болса, онда біздің билік тарихқа көзқарасын ауыстыруы керек деген мәселе өзінен өзі шешіліп кетер еді.

Жалпы тілдің даму заңдылығын тарихи тұрғыдан қарастыруға болады. Және тарихты шешен жеткізудің, ұлттық танымдар арқылы баяндаудың әдіс тәсілдерін меңгеруге де болады. Қазір тәуелсіз елміз, кейбір жағдайларда кешегі кеңестік жүйенің жақсы жақтарын да алу керек сияқты болып көрінеді. Тарих пәнін оқыту қайта қаралғанда тарихшы дәрісті шешендікпен түсіндіріп, бабалардың үнін тарихи тұрғыда пайымдай алады. Ондай тарихшыдан білім алған баланың патриотизмі артып, тарихтан тағылым ала білетін тұлға болып қалыптасар еді. Қсылай ойлаймын.

ҚАЗАҚ ЕЖЕЛДЕН БІР ТӘҢІРГЕ СЕНГЕН ХАЛЫҚ

— Дұрыс айтасыз. Біз тарих пен тілді оқытқанда дінді алып тастай алмаймыз. Себебі, терминдік жағынан болсын, діни сенім жағынан да халықтың танымы сабақтасқан. Рухани жаңғыру дегенде бүкіл мәдениетіміздің мәйегін түсіндіруде дінге көзқарасыңыз қалай?

— Дін дегеннің өзі – сенім. Адам сенімсіз өмір сүрмейді. Тіпті кешегі атеизм дәуірінде қызыл туды сүйді. Кезінде Ленинге де «Күн көсемі» деп сенді. Бұдан кез келген қоғамда сенім болғанын аңғарамыз. Біздің бабаларда бір Аллаға деген сенім орныққан. Тарихи әдебиеттерден қарағанда ежелгі «Алып Ер Тоңаны жоқтау» жырларында Тәңір туралы сөздер бар. Қазақ ежелден бір Тәңірге сеніп келген халық, көпқұдайшылықтан аулақ болған.

Ал, енді аспан, көк, Жер Ананы қадір тұтуы әртүрлі күштерді құдірет санаудан деп ойлаймын. Соның ішінде ең баяндысы діни сенім екенін уақыттың өзі көрсетті. Ал, біз дінді түсінгенде «Әлхамдулилла мұсылманмын» дейміз, қашаннан бері дегенде «Әлмисақтан бері» деп жауап береміз. Мұны бәріміз айтамыз. Енді келіп «Ислам діні» деп айтылған тұста – ол арабдың діні деп шығамыз. Біздің қателігіміз осында. Ол арабтардың діні емес, барша адамзатқа түсірілген соңғы дін екені белгілі.

Бұл тұрғыдан алғанда салт-дәстүр, әдет-ғұрып, киім-кешегімізге дейін ажыратып алуымыз керек. Мысалы, бізде қара жамылып жүрудің керегі жоқ. Ол – араб қоғамына тән дүние. Кешегі аталарымыз тақия, шапанын, әжелеріміз орамалын тартып, кимешегін киіп жүрді. Шашты жайып жүрудің өзі жағымсыз энергетиканы жинайтыны ғылымда дәлелденген. Бұдан шығатыны, орамал тартып жүру -тазалық, денсаулық үшін керек.

Қазақы болмысқа келсек, қазақ халқының шаруашылығымен байланысты, табиғи ортасымен байланысты салт-дәстүр жоралғылар бар. Мұның бәрін діннен түгел бөліп алуымыз да артықтау. Сондықтан, жастарға ғылыми негізде ара жігін бөліп, түсіндіріп беруіміз керек. Осы орайда Абайдың әжесі Зере анамыздың Құнанбайды емізбестен бұрын, дәрет алуы қандай мықты мысал болар еді. Біздің рухани ұлы тұлғаларымыз осындай тазалықта өсіп-өнді емес пе?!

«ЖЕРДІҢ ТАРИХЫ – ЕЛДІҢ ТАРИХЫ»

– Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру және тәрбие бөлімінің басшысы қызметін атқарып жатырсыз. Жастардың рухани жаңғыруға деген көзқарасы қалай? Жастармен қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Бұған дейін орталық боп келгені еді. Биылдан бастап университет тәрбие саласы тікелей рухани жаңғырумен бірлесе жүргізу үшін «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімі етіп қайта құрды. Біз студенттерге рухани жаңғыру деген сөздің терминологиясынан бастап түсіндіреміз. Сонымен қоса, Елбасының стратегиялық мақалаларымен танысуды ұсынамыз. Ұлттық код дегенді философиялық, тарихи тұрғыдан таныту мәселесіне назар аударылады. Және де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы алты бағытқа байланысты түрлі форматта іс-шаралар өтеді.

Одан бөлек, «Ұлы даланың жеті қырында» көтерілген жеті құндылықты жете ұқтыру да біздің мақсатымыз. Бұған қоса, күнделікті тәрбиелік жұмыстар, ұлттық патриотизмді қалыптастыру қатар өткізіледі.

Бізде енді педагогикалық оқу орны болғандықтан басым көпшілігі қыз балалар. Сондықтан, жақын арада «Дәстүрлі және қазіргі заманғы қыз тәрбиесі» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырғалы отырмыз. Онда ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері дәрістер оқиды. «Адалдық алаңы» мәселесі көтеріліп, қоғамды сыбайлас жемқорлықтан тазарту төңірегінде жұмыстар жүріп жатыр. Онда ұлы бабаларымыздың адалдық мәселесіне көзқарасы, күнделікті таным-түсінігін жастарға сіңірудеміз.

Қазір бәрі онлайн оқуға көшкен кезде, тәрбие жұмыстарына студенттерді тарту үшін онлайн байланысқа шықтық. Сонда құр оқып қана қоймай, әрбір студент өз ауылының киелі жерлерін түсіріп, «Жердің тарихы – елдің тарихы» дегендей (М.Мырзахметов) аңыз-әпсаналарды жинайды, оқиды, насихаттайды. Бұл өлкетану. Осылай жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық рухын көтеретін жобалар қолға алынып жатыр. Оқу орнында «100 жаңа оқулық» залы бар. Әлемдік ғылым-білім, әдебиет-мәдениет көкжиегінде оқытылатын ең үздік 100 оқулық қазақ тілінде ұсынылған. Бұл оқулықтарды оқу танымдық көкжиегімізді кеңейтіп, әлемдік ғалымдармен өз ғұламаларымызды салыстыра зерттеуге мүмкіндік туғызады.

ҚАЗАҚ – КЕШЕГІ БІРНЕШЕ ҚАҒАНДЫҚТАРДЫҢ ЖИЫНТЫҒЫ

– Ұлттық код дегенді жастарға ұғынықты қалай айтар едіңіз?

– Ұлттық код дегеніміз – өзіңді-өзің тану ғой. Қасиетті Құранда «Өзін-өзі таныған, Жаратушысын таниды» деген. Сондықтан, ұлттық код – қазақты тану. Мысалы, қазақтың танымында «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз бар. Бірінші өз туған-туысыңды мейман сияқты сыйла, сонда ауызбірлігі күшті деп өзгелер сенен қорқады. Ал, орыстарда «Бей своих, чтобы чужие боялись» деген. Байқасаңыз, бұл екеуі мүлде қарама-қарсы түсінік. Бұл екі халықтың өзіндік ұлттық коды бар екенін көрсетеді. Абайдың «Біріңді қазақ – бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дейтіні содан.

Бізді ұлы бабаларымыздан келе жатқан танымға жақындататын осы – рухани жаңғыру бағдарламасы. Оны жас қазақтың бойына сіңіру үшін білікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, талаптанған жастар да баршылық. Кешегі отарлық саясаттың салдарынан қалыптасып қалған қасиеттердерден арлыатын уақыт келді. Уақыт өте келе ол әдеттер жоғалады. Халық айтады ғой: «Мұсылман болу әсте-әсте, Кәпір болу бір пәсте» деп. Сондықтан, алға қарай біртіндеп қадамдай беруіміз керек.

Түсіне білсек, қазақ – бірнеше қағандықтардың бүгінгі жиынтығы. Біз империялық танымдық деңгейде үстемдік еткен елдің ізбасарымыз. «Төбеде – Көк, төменде – Қара жер жаратылғанда оның арасында кісілерге (адамдарға) билік етуді Тәңірім біздің бабаларға берді» деген ұғымды көк

түріктер айтып кетті. Қазақ сол көк түріктердің ұрпағы екені барлығымызға белгілі. Сондықтан, сол деңгейге қайтадан көтерілуіміз керек.

— Сырлы сұхбатыңызға рақмет, аға!

Әңгімелескен Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика