«АҚША ДЕГЕН МЕН ҮШІН — ҚАЖЕТТІЛІК»

         

        …Бірақ, менің ауылға келген басты себебім ол емес еді. Талайға куә болдым. Жазған еңбегің бағаланбай жататын кездер аз емес. Көпе-көрнеу, көре тұра лайықты орынды қимайды. Біздің халықтың біреудің өзінен биік болғанын жек көретін бір жағымсыз қылығы бар. Тайдыруға, шалып жығуға дайын тұрады. Сыйластықты көзбояушылықпен жасайды. Әділеттілік деген бізден өте алыста жатыр. Мен сол ортадан, осыларға көрінбейінші деп безіп кеткім келді. Ал ауыл мен үшін құтты мекен. Мені осында сыйлайтындар әлдеқайда көп. Мен осы ортада өмір сүргенді ұнатамын…

        XXI ғасырда екі сөзі бірігіп, ұйқасы келіңкіреп тұрса, ақын екенмін деп баспа аралап, кітабын шығарып жүретіндер шықты. Кейбір кітаптардың тақырыбы «ақырып-ақ» тұрады, ал ішіндегісі іш пыстырады.Осы жағдайдың өзінен жағымдылық іздедік. Таптық. Айтары жоқ кітаптар көбейгенде мазмұны бар кітаптың құны арта түседі екен.

        Келешекке құнды дүние қалдыра білген, кітабының іші рухани байлыққа толы ақын- жазушының бірі Сатыбалды Дулати. Ауылда туылған, ауылда тұрады. 1942 жылы, яғни, елдің берекесін қашырып, тыныштығын ұрлаған соғыс жылдарында Төлеби ауданындағы Майбұлақ елді мекенінде, өмірдің қатал да қатаң уақытысында дүниеге келген. «Дәуір дастан», «Жан шуағы», «Көзімнің қарасы» атты үш кітаптың авторы.
Дала өмірін сүйетін ақын Майбұлақ ауылында өзінің өмірлік серігі болған қаламын ұстап, келешектің қажетіне жарайтын дүние қалдырсам деген оймен Алатаумен сырласып өзінің туындыларын түртіп жүр. Ақын ағамен бізде сырласып көрдік.

         Сатыбалды ДУЛАТИ, жазушы:

        — Сатыбалды аға, алдымен балалық шаққа саяхаттап қайтсақ. Бала Сатыбалды мен ақын Сатыбалдының арасы қаншалықты жақын немесе алыс?

        — Өзің білесің менің туып-өскен мекенім осы Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылы. Балалық шағым осында өтті. Ауылда 7 жылдық мектептен соң, қалаға келдім. Ол кезде қазақ мектебі деген мүлдем аз болатын. Сондықтан Шымкенттегі «Сыпатаев» атындағы қазақ мектебінде оқуымды жалғастырдым. Бала Сатыбалды мен ақын Ақын Сатыбалды бір адам десем болады. Сол бала кезімнен бастап-ақ менің әдебиетке әуестігім болатын. Оны білетін қасымдағы достарым маған келіп, ұнатқан қыздарына хат жазғызып алатын. Әкел деймінде, зырылдатып жазып бере беретінмін.

        — Қазір жұрт сізді жазушы деп таниды, тағы қандай кәсіптерден нәсібіңізді тердіңіз?

        — Әрине, бірден жазушы болып кеткен ешкім жоқ. Ауылда жүріп трактор, комбайында айдағанмын. Жасымда сен секілді журналистте болдым, бірақ бұл мамандықты оқыған емеспін. Өзімше іздендім, оқыдым. «Журналист және өмір» деген кітап бар, соны көп оқыдым. Қажетті терминдерді, анықтамаларды ақтардым, жазғанымды қысқаша болса да дәмді етуге тырыстым. Төрт жылдай бес тілді «Наурыз» газетінде қызмет істеп, одан кейін «Әдеби хабарлардың» редакторы болып та жұмыс жасадым. Ол кезде сендердегідей технология дамымаған, өте қиын еді. Бізде еркіндік болмады. Қазір қарап отырсаң апатты жағдайлар туралы ақпараттар әп-сәтте тарап жатады. Журналист барады, жазады, интернет, телеарна сол мезет таратып жатады. Ал, біз қызмет еткен жылдары ондай оқиғаларды мемлекет құпия деп жазғызбайтын. Ұшақ құлап жатса да «перденің ар жағында болып жатқанға сенің қатысың жоқ» дейтін. Бірақ мемлекеттік идеология өте мықты еді.
        Мұғалім де болдым. Бір кездері эстетика пәнінен сабақ бердім. Арнайы оқулық та жоқ, сабақта өтетінімізде өзіміз құрап жазып алатынбыз. Балаларды оқулықсыз, ізденіс арқылы осылай да қызықтыруға болады. Ал соңғы тоқтаған 
кәсібім – бұл жазушылығым, бұл менің жан-дүнием.

        — Танымал бола алдым деп ойлайсыз ба, шығармашылықтағы шоқтығы биік жылдарыңыз қайсы?

        — Менің ең басты танымалдығым жазушы ретінде қалыптаса алғандығым деп білем. Қай жерде жұмыс істемейін әріптестерімнен шынын айту керек осы танымалдығым ерекшелендіріп тұратын. Танымалдылық маған жазғандарымды дәмдірек етіп шығарғандығымнан келді деп ойлаймын. Шығармашылықта шоқтығым биік болған кез, КСРО-ның 60 жылдығында болды-ау деймін. Леңгір, Арыс, Шымкент және Кентау қалалары туралы радиохабарлар жасадым. Леңгірдегі көмір зауыты, Арыстағы теміржол, Кентау мен Шымкенттегі өндіріс орындары соғыс кезінде жауға атылған 10 оқтың 9-ын жасаған Қорғасын зауыты туралы хабарлар жасадым.

       — Әңгімеңізге қарап мен сізді бүгін радиожурналист ретінде танып отырмын. Жазушылар бай ма?

       — Қоғамдағы ең кедей адамдар олар жазушылар мен ақындар. Неге дейсің бе? Оларға ешкім кітабыңды шығар деп ақша төлемейді. Өзің ойланасың, өзің жазасың және кітабыңды шығару үшін өзің ақша табасың, төлейсің. Немесе демеушің болу керек. Менің кітабыма жанашырлық танытып, демеушілік еткен жолдасым Қуаныш Төлеметов еді. 

       — Кедейшіліктен арылудың жолы бар ма?

       — Жасыратыны жоқ, ебін тапқандар кедейліктен арылып та жүр. Бір дөкейді алады да, мақтап жазады. Ол жақсылап ақшасын төлейді, өзі туралы жазылып жатқасын аянып қалсын ба? Бірақ ондай кітаптар ақша алып келгенмен, абырой алып бермейді. Жақсы сөздер қалдыра алмасаң, ақ қағазды ластап қайтесің?..

       — Жазушы болғасын кітапқа үңілмеу мүмкін емес. Қандай кітаптарды ұнатып оқисыз? Және күнделікті шығып жатқан газет-журналдарды қарап жүресіз бе?

       — Мен поэзияны қатты ұнатамын. Орыс әдебиетін көп оқимын. Мойындауымыз керек орыс әдебиеті жоғары дейгейдегілердің қатарында. Ал дәл қазіргі уақытта  Сальвадор Далидың кітабын ақтарып жүрмін. Газет-журналдарға келетін болсақ, мен «Жас алашты» жақсы көремін. Сол газетті үнемі қарап жүремін.

       — Бір кітабыңыздың тақырыбын «Көзімнің қарасы» деп қойыпсыз. Ұлы Абайдың өлеңі. Абайды жоғары бағалайтыныңыз көрініп те тұр. Абай туралы пікіріңіз қандай? Абайды ұлы еткен өзі ме, жоқ әлде «Абай жолын» жазған М.Әуезов деп ойлайсыз ба?

       — Менің пікірім қырық та алпыс. Қырық пайызы Абай болса, алпыс пайызы М.Әуезов дер едім. Әуезовтың әлем әдебиетіндегі жұлдызы жоғары. Үндістанда Агра деген қалада Тәж-Махал ескерткішінің үлкен залында әлемнің 7 мықты жазушысының аты жазулы тұр. Соның ішінде біздің Әуезовтың есімі бар. Ал оны қазақтардың көбісі әлі күнге дейін білмейді, өкінішті.

       — Жазушылар одағына мүшесіз бе?

       — Иә.

       — Осы одаққа мүшелікке енудің қандай талаптары бар?

       — Мүшелікке ену үшін 2 әдеби кітабың, танымалдығың және 3 адамның саған жазған кепілдемесі болу керек. Қазір Жазушылар одағында жеті жүздей мүше бар. Оның бәрі жазушы деп айта алмаймын. Шын жазушылар жүз елу- екі жүздей шығар.

       — Кітап жазу жаныңызды қанағаттандыр ма?

       — Шынымды айтайын, менің жан-дүниемнің қалуы әдеби өмір. Мен үшін кітап жазу аурудың бір түрі. Оның бір ғана емі бар, жаза беру, жаза беру. Күніге бірдеңені түртіп қоймасам тұра алмаймын.

       — Қаланың өмірі қызықтырмай ма?

        Ол әркімге әрқалай ғой. Ал, мен кеңістікті қалаймын. Даланың өмірі қаныма сіңіп кеткен. Қаланың у-шуымен мен келісе алмадым, жаным дала өмірінің тыныштығын қалайды. Кезінде қалада да тұрдым, алайда өсіп келе жатқан ұл-қыздарым салт-дәстүрді бойына сіңіріп, қазақи болып өссін деген ниетпен ауылға келдім. Қаладағы орысша сөйлеп жүрген қазақтарды көріп жүрегім шайлықты. Балаларым ауылда өссе өссін, алдымен қазақ болсын дедім.

       — Байлыққа қызығасыз ба?

       — Жоқ, мен байлыққа қызыққан емеспін. Қызыққан болсам бүгінде қалталы адамдардың қатарында жүретін едім. Ақша деген мен үшін қажеттілік.

       — Шын байлық деп нені бағалайсыз?

       — Мен үшін шын және қымбат байлық деннің саулығы. Өзімнің бойымдағы рухани байлығым қымбат.

       — Сіз сияқты азамат қалаға келіп, ел мүддесі үшін қызмет етуі керек деп ойламайсыз ба?

       — Иә, мен ауылдамын. Жаңағы айтқанымдай мен кеңістіктің адамымын. Уақытысында қызмет атқардым. Жоғарыда айтқанымдай, журналистте болдым, тракторда айдадым, редакторда және «эстетика» пәнінен сабақ та бердім. Бірақ менің ішкі түйсігім әдебиет әлеміне үнемі тарта берді. Егер сол кәсіптермен жүре берсем,жаным қалайтын кәсіпке уақыт таппас едім.Кешке келесің сол жұмыстардың шаруасымен түнімен отырасың. Өлең жазуға уақыт тым аз қалады. 1-ші бетке салсан Бірақ, менің ауылға келген басты себебім ол емес еді. Талайға куә болдым. Жазған еңбегің бағаланбай жататын кездер аз емес. Көпе-көрнеу, көре тұра лайықты орынды қимайды. Біздің халықтың біреудің өзінен биік болғанын жек көретін бір жағымсыз қылығы бар. Тайдыруға, шалып жығуға дайын тұрады. Сыйластықты көзбояушылықпен жасайды. Әділеттілік деген бізден өте алыста жатыр. Мен сол ортадан, осыларға көрінбейінші деп безіп кеткім келді. Ал ауыл мен үшін құтты мекен. Мені осында сыйлайтындар әлдеқайда көп. Мен осы ортада өмір сүргенді ұнатамын.

       — Шоқанымыз бар, Абайымыз бар. Бүгінде «Халық қаһармандарын» мақтаныш етеміз. Балаларымыз соларға қарап ой түзесе дейміз, атын да ырымдап қоямыз. Қаһарман дегенде атағы барлардан бөлек кімдерді атар едіңіз?

       — Өте дұрыс сұрақ.Менің қосарым бірінші кезекте «Алаш» зиялыларын атар едім. Олардың еңбегі өте зор. Біз ұмытшақ келеміз. Осындайда «Желтоқсан құрбандарын» ұмытуға бола ма? Олардың күресі маңызды емес пе? Ал Қонаев ше, оның еңбегі аз ба? Тереңге үңілу керек.

       — Газет-журналдарға өлеңдеріңізді жариялап тұрасыз ба?

       — Шынымды айтсам мен оны міндетті деп ойламаймын. Неге дейсің ғой, газет – журналға берсең өзіңнің еңбегің үшін сенен ақша сұрайды. Түндерде көз ілмей, ұйқымен жағаласып жүріп жазған еңбегің үшін қалам ақыны кім төлейді? Саған қалам ақы бермек түгілі, өзіңнен алады. Бұл еңбегіңнің бір тиындық та құны қалмады деген сөз. Шындығым осы, менің газеттерге өкпем бар. Өтірік айтып қайтем, жас адамға өтірік айтуға болмайды, сені әлден былғағым келмейді, онсызда былғанып жатқан дүние аз емес.

      — Ендігі кітабыңыз қашан жарық көреді?

      — Мен жаза беремін, бірақ төртінші кітабымның шығар – шықпасын бір ғана Құдай біледі.
      — Өмір үшін күрес дегенді қалай түсінесіз?
      — Мен үшін өмір үшін күрес ол – еңбек. 
      — Әңгімеңізге рахмет, бір оқырманыңыз өзім болғандықтан, біз оқырмандар сізден тың дүниелер күтіп жүргенімізді жеткізгім келеді.
Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ «Қызмет» газеті


Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика