tories/001nurs.jpg» border=»0″ />
Қазақ халқы «Ақыл жастан» деген сөзді бекер айтпайды. Бүгінгі кейіпкеріміз «жас болса да бас бола білген» деп айтуға тұратын азамат. Мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін арқалап, еңбек етіп келе жатқан Нұрсұлтан Ильясұлы Ахметов Қаратау ауданы әкімі аппараты халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы. Жұмыс барысында байқағанымыз бас маманның өзіндік пікірі, ойы бар. Берілген тапсырманы орындауда көбірек ізденетініне ішіміз жылыды. Тиянақтылығы,біліктілігі, білмекке ұмтылысы қолынан іс келетін азамат екенін аңғартты. Әр сөзі нық, түсінікті, көпшілікпен кездескенде оралымды ойлары, іскерлігімен үйіріп ала қояды екен. Осы қасиетінің арқасы болар әріптестері арасында да беделі бар. Бойынан қазақ жігіттеріне тән қайсарлық пен азаматтық байқалады. Әр айтқан сөзі өзін танытады.
– Қаратау ауданы Шымкент қаласындағы ең жас аудан болып саналады. Құрылғанына көп болған жоқ. Жұмысты жүйелеу тұрғысынан келсек, уақытпен санаспай қыруар жұмыс атқарылып жатқаны белгілі. Психологиялық тұрғыдан алғанда ауыл тұрғындары мен қалалықтардың арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Түсініспеушіліктер орын алады. шағым-арыз жазылады. Сол шағымдар мен арыздардың басым бөлігі тіпті барлығы дерлік өзіңіз қызмет етіп отырған халықпен жұмыс жүргізу бөліміне келіп түсетіні тағы белгілі. Сан түрлі мәселе бар, сан түрлі мінезді адам бар дегендей. Сол кісілердің көңілін таба отырып жұмыс істеу сізге қиындық тудырмайды ма? Жасыңыз әлі отызға да толмапты.
– Расында да, Қаратау ауданы – қаламыздың іргесін кеңейтіп, іргетасын енді көтерген ең жас ауданы. Сәйкесінше, әкімшілік қызметкерлерінің басым бөлігін жас қызметкерлер құрайды. Өздеріңізге мәлім, ауданның аумағы 32256 га құрайды, ал аудан көлемінде 213 мыңнан астам халық тұрады. Ауданымызда 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алаптар орналасқан. Аталған ен елдімекендердің басым бөлігі іргелес аудандардан облыс орталығына қосылған елді мекендер. Сондықтан, өзекті мәселелер қатарының көп болуы заңдылық. Тұрғындардан келіп түскен мәселелер шешімін оңтайландыру мақсатында өзім тәлімгерлік ететін «Нұрсәт» шағынауданындағы келелі мәселелердің алдын алуда көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілді. Алда атқарылатын шарулар одан да көп. Біз мұны жақсы түсінеміз, өзіміз сияқты жас ауданымыздың өркендеуіне, көркеюі мен дамуы жолында бар жігерімізбен, ізденісімізбен, біліміміз бен біліктілігімізді көтере жүріп, тәжірибе жинақтауға кірісіп кеттік деп айтсақ болады. Бүгінгі біздің еңбегіміз ертеңгі ауданымыздың тарихы екенін біз жақсы білеміз. Егер мен мына мемлекеттің бір бөлшегімін, өзім еңбек сіңіріп жүрген аудан тарихының жасалуында өзіндік орным бар деп ойлайтын болсаң, ойда «қиын» «қиындық» деген сөздер болмауы керек.Оның орнына қызметімді қалай тиімді етемін, мәселелерді шешудің қандай оңтайлы жолдары бар, оны қайдан табамын, дегендей сауалдарға жауап іздеу керек.
– Сізді өзіңіз айтып отырған сауалдар ойландыратынына сенімдіміз. Қазір ауданда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Болашақта қандай істер жоспарда бар?
– Сөз басында атап өткендей, ауданымыз өте жас. Дегенмен бүгінде аудан әкімі – Ғабит Патшаханұлының бастамасымен көптеген маңызды әрі нәтижелі шаралар атқарылуда. Ауданның алдағы уақыттағы атқаратын негізгі міндеттерін атап өтсем:
1. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдаулары мен бағдарламаларын халыққа насихаттау мақсатында аудан аумағында нақты жұмыстардың жүргізілуін ұйымдастыру;
2. «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасын» жүзеге асыру бойынша жұмыстарға белсене қатысу;
3. Аудан әкімі аппаратының жұмысының басты мақсаты халыққа өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға бағытталады. Оның ішінде аудандағы жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына әлеуметтік көмектерді ұйымдастыру;
4. Өскелең ұрпақты сапалы білім мен тәрбие, отандық патриотизм, салауатты өмір салтына баулу бағытында жұмысты жалғастыру;
5. Тұрғындарды сапалы ауыз су, табиғи газ, электр қуаты және жылумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу бағытында жұмыстар жүргізу;
6. Ауданның санитарлық тазалығын тұрақты және сапалы қамтамасыз ету;
7. Абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын жалғастыру.
Осындай міндеттер белгіленіп, тапсырмалар нақтыланған, оған жауапты лауазым иелерінің де аты аталып, түсі түстелген. Мен өзімнің қызметтік міндеттерімді жақсы білемін. Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінде болғандықтан бізде түсіндіру жұмыстарына басымдық беріледі. Ал. Арыз-шағымға келсек, одан үрке беруге болмайды, кей тұста жұмысымызды ширатуға септігін тигізіп жататын кездері де болады. Халық біздің бақылаушымыз, біздің көрмегенімізді көреді, естімегенімізді еске салады. Осы тұрғыдан келгенде біздің бөлімнің жұмысы қызық, бір жұмыс күніміз екінші жұмыс күніне ұқсамайды.
– Сіздің замандастарыңызды басым бөлігі жеке кәсіпкерлікті, не болмаса танымалдылықты құп көретіні жасырын емес. Ал, сіз мемлекеттік қызметке келіп алып арыз-шағым тыңдап жүрсіз… Неге мемлекеттік қызметті таңдадыңыз?
– Әрбір баланың, жастың өмірде өзіндік мақсаты мен арманы болады. Онсыз өмірдің мәні жоқ. Менің ең басты мақсатым мен арманым – адамдық қасиеті жоғары азамат, ата-ананың үмітін ақтайтын перзент бола білу. Кәсіпкер жастар да, танымал жастарды белгілі бір тұрғыда өз еліне қызмет етіп жатыр. Кәсіпкер болу да оңай емес, танымалдылыққа қол жеткізу үшін де еңбек керек. Ал, мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етеді. Халықпен биліктің арасын байланыстырушы. Ол өзінің мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоятын тұлға. Бұл нағыз отансүйер азаматтың ісі деп білем. Бұл түп-тамырын түсіне білген адамға – үлкен дәреже. Менің аса үлкен жауапкершілікті жүктейтін мемлекеттік қызметті таңдауыма да түрткі болған осы отансүйгіштік, елге деген құрмет сезімі. Бұл таңдауыма қуанбасам, өкінген кезім болмаған.
– Мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы басқа қызмет өкілдерінен айырмашылығы қандай, ол қандай тұлға,оған қандай талаптар қойылады? Бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісіне ең алдымен қандай қасиеттер керек?
– Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Ал, мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Сондықтан, әр қызметкер кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Міне, меніңше оның басты айырмашылығы осында. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Себебі, мемлекеттік қызметкердің беделі – мемлекет беделінің бір бөлігі. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына қарап халық билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға беретінін естен шығармауға тиістіміз.
– «Әр сала өзінше бір мектеп» деп жатады. Мемқызметші саласында қандай мектептің тәрбиесін алдыңыз? Сізге бұл саланың мектебі не үйретті?
– Өте орынды сауал. Расында да әрбір сала, әрбір жолыққан басшы мен әріптес өмірлік сабақ берер мектеп сынды… Алысқа ұзамай, өзім 2 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан Қаратау ауданы әкімі аппаратындағы басшыларыма, әріптестеріме шын көңілден ризамын. Аудан құрылғалы басшылық еткен Ғалым Ыбрайұлынан және бүгінгі басшымыз Ғабит Патшаханұлынан алған қызметтегі және өмірдегі тәжірибеміз мен үшін, менің әріптестерім үшін де үлкен мектеп десем болады. Себебі, біз ұжымдаса, бір-бірімізге қолдау көрсете жүріп, бір-бірімізден үйрендік, білмегенімізді үйреттік, ең басты құндылық «бірлік» ұғымы екенін өте жақсы сезініп, түйсіне білдік. Жас аудан болған соң, айтылар сын көп. Сол себепті де, сынның орнын толтыру жолында жұмылып еңбек етіп, нәтиже көрсету біздің ұжымның басты ұранына айналған. Мен осы мектеппен, өзімнің ұжымыммен мақтанамын!!!
– Абай атамыздың жақсы сөзі бар «Болмасаң да ұқсап бақ» деген. Жалпы ұжым туралы пікіріңіз жақсы екен, десе де нақтылай кетейік, қызметте кімді үлгі тұтасыз, кімге «ұқсап бағуға» тырысасыз?
– Негізі өмір жолында үлгі тұтар тұлғаларым – ол менің ата-анам! Меніңше әрбір қазақстандық үшін, әрбір мемлекеттік қызметкер үшін үлгі халқымызды қилы кезеңдерден алып шығып, елдің дамуы жолында салиқалы саясатын жүргізіп келе жатырған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы болуы керек секілді. Үлгі тұтатын, ұқсап бағуға тырысатын тұлға ретінде мен өз Елбасымызды айтар едім.
– Міндетін өз деңгейінде атқармайтын мемқызметшілер де бар.Соның салдарынан мемқызметшілер жайлы пікір де сан алуан. Сіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Негізі әр адамның өзінің қалыптасқан субъективті пікірі болады. Сондықтан қоғамда сан алуан пікірлердің болатыны заңды. Жасырын емес, кейде немқұрайлылық көрсеткен қызметкерлер салдарынан көптеген жауапты қызметкерлер атына нұқсан келіп жататындығы да бар.Бұл жұмыс. Әркімнің жұмыс істеу қабілеті әртүрлі болғандықтан кемшілік болады, сын тағылады. Жалпы өмір сүріп отырған қоғамымызда қандай кемшіліктер бар болса, сол кемшіліктер мемлекеттік қызметтен де көрініс беріп жатады.Оны жою керек, болдырмаудың жолдарын қарастыру керек. Сын шын айтылып жатса дұрыс қабылдаймын. Және болдырмау үшін ізденемін.
– Бүгінде мемқызметшінің бекітілген қызметтік этикасы бар. Сіз еңбек етіп отырған ұжымда осы әдептің сақталуы қандай дәрежеде, сырт көз не дейді?
– Біздің ұжымда аталған мемлекеттік қызмет этикасының сақталу барысы өте жоғары деңгейде деп айтар едім. Өйткені, ол туралы ұмытуға болмайды. Оның үстіне бұл мәселе үнемі өткізілетін аппарат жиындары мен аудандық шараларда күн тәртібінен түскен емес. Әрбір мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік қызметке үміткер азамат қызметке келмес бұрын алдымен мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасымен толық танысып алғаны дұрыс. Сенің қолыңнан әдеп үдесінен шығу келе ме? Өзің үшін осы сұраққа жауап бере алуың керек. Кішкене күмән болса, басқа саланы таңдаған жөн. Бұл менің өзіндік пікірім. Ал, сырт көздің пікірі дегенге айтарым, адамның бәрі бірдей бола бермейтіні сияқты, пікірлері де әр алуан. Біреу рахмет айтып жатады, ал,тірлігі түрлі обьективті себептерге байланысты созылып кететіндер теріс пікір айтуы да мүмкін.
– Әлеуметтік желіде барсыз ба? Бар болсаңыз қандай мәселелерде жиі ой қозғап тұрасыз? Жалпы қоғамдағы қандай сұрақтар сізді жиі мазалайды?
– Әлеуметтік желіде бармын, дәлірек айтсам «Ғacebook» желісінде арнайы парақшам бар. Дегенмен, белсенді қолданушылар қатарынан емеспін. Себебі, халықпен күнделікті коммуналдық мәселелері бойынша тиісті елді мекендерде жұмыс жүргізетіндіктен, әлеуметтік желіде ұзақ отыруға және өз тарапымнан жеке посттар жазып, көпшілікпен бөлісуге уақытым бола бермейді.
Әлеуметтік желінің өзі бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймын. Оның да қоғамға тигізер пайдасы мен зиянды тұстары бар.
– «Өз тілің – бірлік үшін, Өзге тілің – тірлік үшін,» деген бар. Мемқызметшілер болашақта үш тұғырлы тіл бағдарламасы аясында үш тілді де білуі керек болады. Өзіңіз қанша тіл білесіз?
– «Жеті жұрттың тілін біл …» деген халықтың ұрпағымыз. Елбасымыздың бастамасымен елімізде «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы жүзеге асуда. Оны өз тарапымнан толығымен қолдаймын. Себебі, нәтижесі өте жоғары деңгейде. Өзіме келер болсам, әзірге мемлекеттік және ресми тілде ғана еркін сөйлей аламын. Алайда, мұнымен шектелмей жұмыс уақытынан тыс күндері ағылшын тілін үйрену деңгейімді көтерудемін. Бәсекеге қабілетті мемлекеттің мемлекеттік қызметшісі де бәсекеге қабілетті болуы керек.
– Бәсекеге қабілет туралы айтып отырсыз. Мемқызметші болу өзіңді жан-жақты дамыту отыруды талап етеді. Осы талап үдесінен шығу үшін не істеу керек деп жоспарлап отырсыз?
– Тек мемлекеттік қызметші ғана емес, әрбір адам өзін жан-жақты жетілдіріп отыруы керек. Себебі, Елбасымыз өз мақаласында баяндағандай біз бәсекеге барынша қабілетті болуымыз керек. Осы мақсатта мен мүмкіндігінше тіл меңгеруге күш салып жатырмын. Өз салама қатысты арнайы деңгейлік оқулар, біліктілік курстары бар соларға қатыстым.
– Сіздің ойыңызда он жылдан кейінгі Қазақстан қандай?
– Елбасымыз айтқандай: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан!». Менің Отаным 10 жылдан кейін бәсекеге қабілетті мемлекеттердің арасынан табылатынына сенімдімін. Ол үшін стратегиялық жоспарлар жасалған, бағдарламалар түзілген, қазір біз сол бағытта жұмыс істеудеміз.
– Рахмет, еткен еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Нұрсұлу ӨТЕМІСОВА.
Leave a Reply