2024-09-20

Аңызбен астасқан мүсін

Шымкент шаһарының ең көрікті әрі қонақтардан арылмайтын орындарының бірі А.Асқаров атындағы Дендросаябақ болса, ол жер былтыр тағы бір көркем туындымен толыққан болатын. Көркемөнер туындысының аты «Қызғалдақ – Оңтүстік мұрасы» деп аталады.

Бір шоқ дала қызғалдағын ұстаған Жер-ананың әсем қолын бейнелейтін композицияның биіктігі 5 метрді құрайды. Инсталляция адам мен табиғаттың бірлігін, ал әсем гүлдер тарихи тұрғыдан қызғалдақтар алғаш рет Қазақстанның оңтүстік өңірінде пайда болғанын меңзейді. Бұл туынды қалалық туризм басқармасының тапсырысы бойынша орнатылса, авторлары – мүсінші, публицист, Қазақстан суретшілер Одағының Жамбыл филиалының төрағасы Айдархан Сихаев және мүсінші, атақты кино қоюшы-суретші Сергей Копылов екен.

А.Асқаров атындағы Дендросаябақтың ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкері Б.Жолдыбайдың айтуынша, биыл бақ ішіндегі аяқжолдар бойына арнайы мәдени қызғалдақтар егілген, «Қызғалдақ – Оңтүстік мұрасы» инсталляциясынан ары қарай «Қызғалдақ алаңқайына» ұласатын жоба бар. Жоба бойынша саябақтың А.Байтұрсынов көшесі жағынан кіретін қақпасы алдынан ашылатын алаңқайдың ауданы 6 гектар аумаққа жоспарланып, қызғалдақтың бірнеше түрі егілетін гүлзарға айналады екен. Көктемде қалы кілемдей құлпырғалы тұрған алаңқайда арнайы тақтайшалар орнатылып, әр гүл түрінің аттары жазылады екен. Дендросаябақ қызметкері ол алаңқайдың қазірше тек жоба күйінде екенін, алдағы бір-екі жыл ішінде жүзеге асатынын айтты.

Қызғалдаққа арналған осынау ерекше ескерткішпен астасқан бір тамаша аңызды фейсбук әлеуметтік желісінің белсендісі Г.Мұхтарқызы жазды. Аңыз желісі былай дейді:

Ертеректе осы маңайды мекен еткен оғыздардың бір қағаны Қарабураның қызына құда түсіп, үйленіпті. Өте ажарлы болғасын, жұрт оны «Бегім сұлу» деп атапты. Бірде қаған аңға шыққанда бүркітінің томағасын ұмытып кетеді де, алып келуге атқосшысын жұмсайды. Ол Бегім сұлуды көріп, ақыл-есінен айрылады. Ертесіне бір-ақ есін әрең жинап, қайтып келеді. Қаған қаһарланып, «Неге кешіктің?!» деп дүрсе қоя бергенінде ол қорыққанынан «Ханым білегімнен ұстап, жібермей қойды» деп өтірік айтады. Хан ашуланып, үйіне келеді. Сөзге келместен, әйелінің бұрымын, оң қолын кесіп, зынданға тастайды. Қызының ауыр хәлін Карабура әулие түсінде көреді. Ханға келіп, «Қызым адал жарың еді ғой. Не жазды?» деп сұрағанында «Көзіме шөп салды. Содан абыройыма дақ келді» дейді. Қарабураның «Менен туғаны рас болса, олай істемейді. Көрсет қызымды, сөйлесейін» дегеніне қарамай, «Жоқ! Жоғал, қараңды көрсетпей!» деп қаған ақырып, нөкерлерін жұмсап, сарайдан сүйреп шығарып тастайды. Осыдан кейін Қарабура әулие «Қызым кінәсіз болса, бүгін түнде қолы мен бұрымы қалпына келсін. Жазықсыз жала бергенің үшін қалаңды жылан бассын!» деп қарғап, дұға жасайды. Түнде Бегім сұлудың қолы мен бұрымы Тәңірінің құдіретімен қалпына келеді. Хан оның кінәсіз екеніне көзі жетіп, кешірім сұрайды. Бірақ көңілінде дық қалған әйелі көгершінге айналып ұшып кетеді.

Сол уақытта бір жалғыз ілікті кейуана өмір сүріпті. Кемпір бір күні тезек теріп жүріп, бір іннің алдынан алтын ділдә тауып алады. Ертеңіне тағы да әлгі іннің маңына келсе, бір ділдә жатыр екен. Осылайша, кемпір күнде алтын ділдә алып кетуді әдетке айналдырады. Жағдайы оңалып, малы көбейе бастайды. Оны байқаған жұрт кемпірді әңгіме қылады. Бұл әңгіме қағанға жетеді. Қаған кемпірді алдырып, қорқытып отырып шындығын айтқызады. Қаған істің мәнісіне көз жеткізу үшін інді аңдытады. Бір жылан сол іннің аузына күнде бір алтын ділдә шығарып тастайды екен. Ханның нөкерлері ақылдасып, інді қазбақшы болады. Інді қазса, жер астынан алтынға толы бірнеше сандық шығады. Ханның адамдары елге мол қазынамен оралады. Шаһарға келіп кіре бергенде, әлгі сандықтар ордалы жыланға айналып, жерге түсе бастайды. Осы сәтте баяғы Қарабура әулиенің қарғысы есіне түскен халық дүрлігеді. Қаптаған жылан қара халықты шаға бастайды. Ел-жұрт үйінен безіп, қаласы қаңырап бос қалады.

Бегім сұлудың қолы мен бұрымы көмілген жерден жайқалған гүл өсіп шығады. Халық сол жерді қастерлеп, биік мұнара тұрғызады. Мұнараның төбесінде әлі күнге дейін көгершін отыр екен. Айналасында гүлдер жайқалып тұр деседі.

«Осы аңызда айтылатын мекен – Жыланбұзған деп аталса, бүгінде ол жер Шымкент қаласына өткен. Сондықтан, сол ауылға қатысты айтылатын аңыз бен жоғарыдағы инсталляция астасып, Шымкенттің символымен әдемі үйлесіп тұр» дейді Г.Мұхтарқызы. Осы орайда, жазушы М.Байғұттың «Қызғалдақты қызымыздай, қызымызды қызғалдақтай қадірлейік» дейтін сөзі ойға орала береді екен.

Газетіміздің алдыңғы сандарында «қызғалдақ маусымы» басталғаны жөнінде материал жариялап, сүйінші сұраған болатынбыз. Сол мақаламызда Шымкент қаласында тек қолдан егілетін мәдени қызғалдақтың ғана өспейтінін, оған қоса табиғи қызғалдақтардың сирек және өзге өңірлерде кездесе бермейтін Түркістан, Грейг секілді эндемик түрлерінің кездесе бастағанын айтқанбыз. Осының өзі Шымқаламызды шын мәнінде «Қызғалдақты қала» мәртебесін айшықтап тұрғандай көрінеді.

С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика