Қазақстанда жабайы мысықтұқымдас жануарлардың сегіз түрі мекендейді: дала мысығы, қамыс мысығы, сабыншы, шағал мысығы, қабылан, сілеусін, қарақал, барыс. Оларды өмір сүру ареалына қарай ыстық шөлдерден аязды тауларға дейін әртүрлі табиғи аймақтарда кездестіруге болады. «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» аумағында жабайы мысықтардың ішіндегі дала мысығы ( лат. Felis silvestris lybica) мекен етеді. Парк аумағында олардың 500-ге жуық бас саны есепке алынған.
Тіршілік ортасы
Дала мысығы Африка, Солтүстік Үндістан, Орта және Орталық Азияның оның ішінде Қазақстанның далалық, шөлді, кейде таулы аймақтарын мекендейді.
Сыртқы түрі
Дала мысығының түсі құйрығында қара жолақтары бар құмды-қоңырдан сары-сұрға дейін болуы мүмкін. Дене ұзындығы 45-тен 75 см-ге дейін, құйрығы 20-дан 38 см-ге дейін, салмағы 3-тен 6,5 кг-ға дейін жетеді.
Табиғатта
Дала мысығы – жыртқыш аң. Дала мысығы негізінен тышқандарды, егеу құйрықтарды және ұсақ жануарларды қорек етуге негізделген. Кеміргіштер, құстар және олардың жұмыртқалары, кесірткелер дала мысығының қорегі. Ол көбінесе жәндіктерді (қоңыздар, шегірткелер) жейді, тіпті дала тасбақаларын ұстап жей алады немесе жұмыртқаларын қазып алады басқа да ұсақ сүтқоректілермен қоректенеді. Мүмкіндік пайда болған кезде ол бауырымен жорғалаушылармен қоректенуі мүмкін. Аң аулау кезінде мысықтар ақырындап жемтігіне жетіп, бір метрдей қашықтықтан шабуыл жасайды. Дала мысықтары негізінен түнде және ымыртта белсенді. Жаумен қақтығыс кезінде дала мысығы үлкен болып көрініп, жауды қорқыту үшін жүнін көтереді. Күндіз ол әдетте бұталарға тығылады, бірақ кейде қара бұлтты күндерде белсенді.
Ғ.Ағатай
«Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ-нің ҒАМ-бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
Leave a Reply