Шымкентте бір отбасының жеті бірдей мүшесі қолөнермен айналысады. Қазақтың көне қолөнерін дәріптеп жүрген Бейісбековтер әулеті бүгінде киізден түрлі жасау жасап, былғарыдан бұйымдар дайындайды. Болат Бейісбековтың үйіндегі жеті жан қазақтың қолөнерін кәсіп қылып, көпшілікке дәріптеуде. Кілең суретшілер жиналған жанұяда түскиіз тоқиды, сурет салады, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан. Мәселен, қыз-келіншектер шеберханада ұмыт бола бастаған киіз басу мен алаша тоқуды дамытуда. Жүннен жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндерге қазақтың шашағын жасап көрсетеді. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады екен. Тұңғиықта қалып қойған шашақты дүниелерді суырып алып, қазіргі заман талабына сай етіп жасап шығаруда. Сондай-ақ киіз басып, киім шығарады. Табиғи өнімнен жасалған сырт киімдер мен үйде киетін аяқ киімдерге сұраныс та артып отыр.
» Жүнді өртеп жатыр дегенді естіп, содан кейін осы жүнмен жұмыс істеуді ойландық. Қазіргі таңда сол көбінесе меринос қойдың жүнінен сырт киімдер, оюланған камзолдар жасаймыз. Өзіміздің де жергілікті жүндерді қолданамыз. Оны аяқ киім, пима дегендерге пайдаланамыз. Қазір мына аяқ киімге сұраныс өте көп болып жатыр. Әсіресе, кішкентай балаларға арналған аяқ киімдер жақсы өтуде. Табиғи өнім аяқты терлетпейді, оның үстіне денедегі суықты тартып алады. Бағалары әртүрлі. 2-5 мың теңгенің аралығында,- дейді отанасы.
Бұл әулеттің галереясынан кез келген көркем туындыны кездестіре аласыз. Әкесі мен баласы былғарыдан жасаған ер тоқым көздің жауын алады. Мазмұны мәнді кескіндеменің айтатын астарлы ойы да терең. Шеберлердің көз майын тауысып жасаған әрбір бұйым тарихпен астасып жатыр. Олар қолданбалы өнердің ең көне түрі саналатын құмыра жасауды да қайта қалпына келтіріпті. Оған қажетті топырақты Сыр өзенінің бойындағы саз балшықтан алып келеді екен. Тіпті қолөнердің шыңы саналатын зергерлік бұйымдарға дейінгінің бәрі осында. Ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп қалған қолданбалы өнерді насихаттаушы жандар көне бұйымдардың жасалу тәсілін де үйретеміз дейді.
Қиялы ұшқыр шеберлердің қолынан шыққан дүниелер қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді дәріптеумен ерекшеленеді. Қолынан іс келетін жандар бойымыздағы қасиетімізді жастарға үйретіп кетсек деп отыр. Өнердің сан түрін меңгерген шеберлер отбасы ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлар көрмелеріне қатысып, бірнеше елдерді аралап келгенін айтады. Жыл сайын шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, өнерімізді дамытып отырамыз. Мемлекеттен қолдау болса, ісімізді одан әрі дамытатын едік,- дейді.
«Былғарыдан жасалған, басқа да бұйымдарды біз өзіміз қолмен жасаймыз. Ал оның бәрінің дүниежүзілік деңгейде жасайтын құралдары бар. Егер сол станоктар болатын болса, біріншіден нарықты жаулауға болады. Қазір біздің нарықты көрсеңіздер «Қазақстан» деп жазып қойған, бірақ бәрі Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайдың жұмыстары»,-дейді қолөнерші Болат Бейісбеков.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply