ШЫМКЕНТ ЖАЙЛЫ МЕКТЕП: НҰРШУАҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДА 2 МЫҢ ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП САЛЫНУДА

Соңғы жылдары мегаполис аумағы кеңейіп, миграциялық және демографиялық өсім артып келеді. Бұл өз кезегінде білім ошақтарына деген сұранысты көбейтіп отыр. Қалада жалпы орта білім беру ұйымдарындағы оқушы саны соңғы екі жылда 23 мыңға артқан. Қажеттіліктер ескеріліп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 37 700 орындық 25 мектептің құрылысы қарастырылған. Жобаға сәйкес жыл соңына дейін 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы бекітілген. Алдағы жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Бүгін қала әкімі М. Әйтенов ұлттық жоба аясында Нұршуақ елдімекенінде салынып жатқан 2 мың орындық мектептің жобасымен танысып,  жұмыс барысын тексерді. Қазір білім ғимаратын салуға елдімекен аумағынан 4, 2 гектар жер телімі бөлініп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес заманауи талапқа сай бой көтеретін білім нысаны 2024 жылы пайдалануға беріледі. Құрылысы 2024 жылы аяқталатын 11 жайлы мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне  жобалаушы мекеме тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптама қорытындысы қараша айына дейін әзірленеді.  М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің инженерлік-коммуникациялық желілерін талапқа сай жүргізіп, ғимараттардың кескін-келбетін мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті. Жобаны іске асыру барысы туралы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы алдында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Ол соңғы 10 жылда елімізде оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 270 мың оқушы орны тапшы. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн-нан асады.

«Сондықтан Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және т.б. болады», – деді Еділ Оспан.

Сондай-ақ вице-министр 2026 жылға дейін Ұлттық жобадан тыс шамамен 600 мың оқушы орнын пайдалануға беру, ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 3 мыңнан астам мектепті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Жаратылыстану-математика бағытында білім беруді жақсарту мақсатында 2029 жылға дейін мектептерде жергілікті бюджет есебінен 7 мың заманауи робототехника, химия, физика, биология, STEM кабинеттерін ашу көзделген.

 

Қызмет ақпарат

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика