ТАРАЗ БАРДЫҚ, НЕ КӨРДІК?

Ақпанда еліміздің түкпір-түкпірінен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру орталықтарының мамандары, «Киелі жерлер географиясы» тақырыбында зерттеу жүргізіп жүрген ғалым-зерттеушілер мен өлкетанушылар Тараз қаласында бас қосып, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне жиналды. Жиында «Қасиетті Қазақстан» 5 томдық энциклопедиясының Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстары бойынша 3-ші томы таныстырылып, тұсауы кесілді.

Аталар ізін түгендеген жинақ

«Жамбыл өңірі қасиетті, киелі орындарға толы. Соның қатарында 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік тарихи-мәдени ошақтар бар. Былтырғы жылы өңірде «Жәнібек» ЖШС-мен бірігіп киелі жерлер картасы әзірленді, кітабы шықты, сайты жасалды. Сол сайт арқылы 3D кескіндемелері оқырманға жол тартқан болатын. Оның сыртында нешеме зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жүйеленді. Енді міне, республикалық орталықтың мұрындық болуымен 4 облыстың киелі орындары енген ірі жинақ жарық көріп, онымен сіздер де танысқалы отырсыздар. Осы істер нәтижесінде болашақ ұрпақ аталар ізімен танысып, бабалар рухында тәрбиеленуіне мүмкіндік туып отыр» деп сөз бастады Жамбыл облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев.

«Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бөлім басшысы А.Екімбаеваның айтуынша, бұған дейін жарық көрген 2 жинаққа 205 жалпыұлттық маңызы бар киелі орындар мен 575 өңірлік маңызы бар қасиетті нысан енген. Жалпы энциклопедиялық жинақтар нысандардың орналасуына қарай және нысандардың қамту аймағына байланысты әліпби тәртібімен облыстарға бөлініп қаралған.

«Қасиетті Қазақстан» жинағының 3-ші томы

Жарыссөзге шыққан тарих ғылымының докторы, профессор, археолог М.Елеуов, өлкетанушы-журналист М.Төлепберген, археолог ғалым А.Нұржановтардың ескерткіштерді қорғау мен қайта келтіру, насихаттау жұмыстары жайындағы пікірлері тыңдарман жұртшылықтың назарын аударды. Әсіресе, Арнабай ағаның киелі орындар тізімін анықтауда сақ болу қажеттігін алға тартып, археологиялық ескерткіштерді қорғау ісінде жергілікті әкімдіктердің атқарар шаруалары көптігін, тіпті кей ескерткіштердің учаскелерін жекеменшікке беріліп жатқанын ашына айтты.

Атауы 5 рет өзгерген қала

Семинар-жиын соңы Тараз қаласында орын тепкен киелі орындармен таныстыруға арналған танымдық саяхатқа ұласты. Топтың алғашқы тоқтаған орны «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының қорық-музейі болды. Ашық аспан астындағы мұражайдың берер сабағы көп. Сонау жыл санауымыздың басында осы қаланың негізін қалады делінетін ғұн империясының Шөже шаньюйден бастап, Ұлы Жібек жолы, Түркеш, Қарахан, Қарлұқ қағанаттары, Шағатай, Моғолстан хандықтары, ақырында Кеңес дәурінде үстіне Көк базар орнаған небір заманды өткергенін тауысып айту қиын шығар. Көне Тараз қаласы өзінің 2 мың жылдық тарихында 5 түрлі атаумен (Талас, Тараз, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл) кездесетін шаһардың алғашқы жазбаша дерегі қытайлық будда монахы Сюаньцзаның б.з. 400 жылғы жолжазбасында «Та-Ло-Се» (Талас) деп кездеседі екен. Ал 741 жылы осы маңда атақты «Атлах соғысы» болған. Сол дәуірден бергі тарих қатпарларын ақтарып, жәдігерлерді сайрататын орын – осы орталық. Музейде осы маңнан табылған заттар қойылыпты. Бір әттең-айы – археологиялық ашық музейде Хамам-монша қалдығынан өзге ешбір іргесі бүтін нысанның табылмауы. Оның басты себебі, Қоқан заманында қабырғасы мығым болған қамал Әулиеата бекінісінің орны Кеңес дәуірінде Көк базарға айналған, көкөніс өнімдерін сақтауға арналған база үшін жерасты қоймасын қазып, ескерткіштің астаң-кестеңін шығарғаны болып тұр. Содан аман қалған мәдени қабаттарының өзін біршама реттеп, керуенсарайлардың орындары, астық сақтайтын қойма, өсімдік шырыны мен шарап әзірлейтін орын секілді нысандардың іргесі аршылып, көрер көзге ұсынылып келеді екен.

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығы. Археологиялық музей

Топтың келесі аялдаған нысаны – Жеңіс саябағы мен «Даңқ залы» болды. Бұл екі нысан да былтыр облыс басшылығының бастамасымен бірі жаңартылса, екіншісі жаңадан пайдалануға беріліпті. Қай өңірді басқармасын, А.Мырзахметовтың қолтаңбасы осындай «Ұлы Отан соғысына» қатысты ескерткіштермен қалады екен. Облыстан шыққан соғыс және тыл ардагерлері мен қаһармандарының есімдері қара мәрмәрге қашалып, Б.Момышұлының ескерткішімен түйінделіп тұр. Талас өзенінің бір тарам тармағы саябақ әрін одан сайын аша түссе, соғыс техникаларының көрмесі демалыс аймағын айбаттандыра түскен. «Даңқ залы» екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаты соғыс майданы мен тыл еңбегіне қатысты жылдарға бөлініп, ерекше экспонаттармен жабдықталған. Бір қабырға толықтай «Ана қасіреті» деп аталып, соғысқа кеткен екі ұлын қыр басынан күткен ананың бейне-мүсінімен ашыла түссе, артқы фондағы баяу ғана шырқалған А.Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні көңіліңді тербете мұңға жетелейді. Екінші қабат толықтай Б.Момышұлына арналған, «Бауыржантану» залы деп аталады екен. Мұнда Бәукеңнің тірі кезінде кескінделген бюстінен бастап, төте жазумен жазған хаттарына дейін қойылыпты.

Сәулетті кесене немесе әке батасының құдіреті жайында аңыз

«Бауыржантану» залынан рухани қанаттана шыққан тобымыздың саяхаты Айша бибі мен Бабажа хатун кесенелерінде жалғасты. Мұндай көркем әрі сұлу өрілген көне кесене қазақ елінде жоқ. Сәулеттік стилі жағынан да тамыры тереңге кететін ескерткіштердің қатарында осы екі кесене тұр. Өйткені, елімізде «Күмбез жабынды» құрылыстар көптеп кездескенімен мұндай «Шатыр жабынды» архитектуралық келбет сақталған нысандар саусақпен санарлық қана. Оның ішінде Айша бибі және Бабажа хатун кесенелері қайталанбас сұлулығымен ерекшеленеді. Жалпы, «Шатыр жабынды» сәулет стилі – түргеш-оғыз және қарахан дәуірлеріне жатқызылатын ең көне стильге жатқызылады. Осыдан-ақ бұл 2 кесененің аңызда айтылатын Қарахан заманына сәйкесетінін аңғаруға болады.

Айша бибі кесенесінде

Тобымызға ақпараттық жетекші маман Ақжанның айтуынша, бүгінге Айша бибі жайлы аңыздың 28 түрлі нұсқасы жетіпті. Барлығында дерлік кейіпкерлер ұқсас: Айша сұлу Қараханға ғашық жан, Бабажа хатун оның қызметкері, ғашық жандар қосыла алмай, бірақ некелесіп қайтыс болады. Бірақ, ақ батасын ала алмай кеткен әкесі кей аңызда Тәшкен маңын мекен еткен Зеңгі баба деп айтылса, кейбірінде Тұрбаттағы Ысмайыл ата еді дейді. Айша бибі де, Бабажа хатун да қай уақытта өмір сүргені белгісіз аңыздық тұлғалар. Ал, Тараз қаласының ортасында тұрған Қарахан кесенесі Шах Махмұт Боғра қағанға арналғаны біршама дәлелденді десек, соған сәйкес әкесінің де сол дәуірде өмір сүргенін шамалап білуге болар. Зеңгі баба туралы аңыздардан оның Қ.А.Яссауиден кейін өмір сүргенін, Арыстан бабтың шөбересі болғанын білеміз. Ол дегеніміз ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың орта шені болар. Бұл Қарахан қағандығы дәуіріне емес, қарақытайлар мен хорезмшахтар дәуіріне кетіп қалады. Демек, Қарахан-Шах Махмұт Боғра ханмен замандас емес шығар? Олай болса, екінші нұсқа – Ысмайыл ата көңілге қонымды секілді. Заманы да, үстіне салынған кесене келбеті де келіп тұр. Соңғы кездері Ысмайыл атаның ата-тегі, ұрпағы жайлы шежірелік насаб-наме деректері табылып жатыр, Айша бибіге қатысты деректер нақтыланып жатса таңданарлық құбылыс болмас, бәлкім. Аңыз бен сәулет ескерткішінің берер тағылымы – ата-ананың ақ батасынсыз істің насырға соғары жайлы ұқтыруды меңзейді.

Таразда шіркеуден мешітке айналған ескерткіш бар

Ұзатылған қыздың сәукелесіне ұқсаған сұлу ақ кесенеден кейінгі бағыт тағы бір аңыз кейіпкері – Қарахан кесенесі болды. Кейінгі орта ғасыр мен жаңа дәуір алдындағы уақытта қала атының «Әулиеата» деп аталуына себеп болған нысан осы. Сәулет ескерткіші мен Қараханға қатысты аңыздардан бұрын кез-келген саяхатшыны қызықтырар сәулет ерекшеліктеріне тоқталған абзал болар. Кесене ең алғаш қарахан заманында салынғанымен, кей дәуірлерде бұзылып, қайта өзгеріп отырған. Қазіргі кейпі ХІХ ғасырда қайта салынып, күмбезді порталы 1906 жылы қайта бой көтерген. Қалпына келтіру жұмыстарынан қарахан дәуіріне жататын элементтер сақталмаған, ортаазиялық сәулет стилдері анық көрінеді. Яғни, кесененің қасбеті бедерлі етіп еңселеніп барып екі бұрышында кіші күмбезді мұнаралармен түйінделсе, негізгі фонда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы бұқаралық күмбезді-порталды келбетпен айшықталған.

Қарахан кесенесінің шығыс жақ бетінде Дәуітбек кесенесі тұр. ХІХ ғасырдың соңында күйдірілген кірпіштен қайта тұрғызылған кесене аса үлкен болмаса да, сәулет өнерінде өзіндік орны бар нысан саналады. Дәуітбектің толық аты-жөні — Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек-Шамансұр. Моңғол дәуірінде түркінің хан тұқымынан шыққан қолбасшы, өз заманының атақты мемлекет қайраткері болған. Кесене алғашында күмбезі жартылай иілген аркаға бекітілген төрттаған түрінде болса, аркалы кіре берісі мен қабырғалары XIX ғ. соныңда кірпішпен қайта өрілген. Оңтүстік бұрыштарының жоғарғы жағы жалған мұнара тәріздес етіп қаланған. Кесенедегі Дәуітбекке қойылған қабіртастағы жазуды В.В.Бартольд зерттеп оқыған. Аудармада «1262 жылы 31 наурызда қайтыс болған түркілік қолбасшы, қалам мен қылыштың иесі, жаны таза момындардың жанашыр қорғаушысы жерленген» деген жазулар бар.

Дәуітбек кесенесінің жанында ерекше нысан – Тараздағы ең алғашқы мешіттің орны. Жалпы, қараханидтер әулеті басқарған мемлекет – қазақ елі тарихында Исламды алғаш ресми дін деп жариялаған мемлекет. Ал оған дейінгі Түргеш және Қарлұқ қағанаттарында мұсылмандық жаңадан ене бастады да, несториан, монихеизм, буддизм секілді діндер қатар өмір сүрді деп саналады. Саяхат жетекшісінің айтуынша, бұл нысан Ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланған тұсқа дейін несториандық шіркеу қызметін атқарыпты. «Жаңа Ислам» мешіті деп аталуы да, михрабының құбыла тараптан қиыстау орналасуы да бұл ғибадат орнының мұсылмандар меншігіне өткеннен кейін өзгертілген шіркеу болғанын көрсетеді. Мешіт маңында саудагерлерге арналған Керуенсарай орын теуіпті. Бұл жерде демалыс бөлмелері, жылыту пештері, кәріз жүйесі қызмет еткені анық байқалады.

«Шахристан» Тараздың өз сәулетін айшықтауы керек еді

Тараз қатты өзгерген. Жақсы жағына қарай, әрине. Он жыл бұрынғы қала мен қазіргі қала келбеті адам танымастай құбылған. Әсіресе, А.Мырзахметовтің тұсында. Көне шаһардың қай тұсына барма, алдыңнан соның қолтаңбасы қарсы алады. Соның бірі – «Шахристан» жобасы. Бұл жоба Тараздың көнеден тартқан тамыры барын әспеттейтін сәулеттік кешен. Алайда, мені таңдандырғаны – неге бұқаралық сәулет стиліне басымдық берілген? Рас, Тараз бен оның айналасында орналасқан Қарахан, Ноғай ишан, Сыпатай батыр, Шоқай датқа кесенелерінде Бұқара сәулет ерекшеліктері бар, бірақ Тараздың өз сәулет стилі ше? Айша бибі мен Бабажа хатун кесенелерінің «шатыр жабынды» ерекше архитектуралық жауһарлар тұр емес пе? Әрі заманы жағынан де тарихы терең. Асқар Исабекұлына осыны жеткізер сәулетші болмағаны көңілді қынжытты. Әйтсе де, қазіргі «Шахристан» келбеті көздің жауын алады.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі . Көне түркі ескерткіштері. Балбалтас

Жаңа «Шахристанның» жемісінің бірі – Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі жеке ғимаратқа орналасыпты. Табалдырықты аттаған сәттен бастап, өңірдің тарихынан сыр шертетін экспонаттар, көрнекі құралдар мен картиналар тақырыптық көрме тұр. Сонау тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шежіресінен сыр тартады. Мені қатты қызықтырған бөлім – көне түркі ескерткіштері болды. Қатар тізілген балбалтастардың бірі тәж киіп алса, қияқ мұртты біреуі қылыш ұстапты, енді бірі қолына тостаған ұстап тұр. Ғылымда «Талас жазуы» деп аталатын көне түркі жазуын да осы жерден кезіктірдім. Тасқа қашап, хат жазуды ойлаған бабамызды кеңестік кезең «сауатсыз» деп қалай айтты екен? Егер, Таразға жолыңыз түсе қалса, кіретін нысандар тізіміңізге осы өлкетану музейін міндетті түрде қосыңыз. Өкінбейсіз.

Музейге іргелес орналасқан «Көркемсурет галереясы» да қызықты туындылар сақтаған ерекше нысан. Біз бас сұққан сәтте әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға арналған каррикатуралық жанр шеберлерінің көрмесі қойылыпты. Танымдық саяхат пен тарихтың ауыр тақырыптарынан шаршаңқыраған көңілімізге Д. Байтұрсынұлы мен С.Ахтановтың авторлық картиналары күлкі сыйлап, аспандатып жіберді. Осылайша бұл галерея саяхатымызға көңілді нота қосып, тамаша қорытындылды. Кеш түсіп қалғандықтан, «Тектұрмас» этно-мәдени кешеніне үлгере алмадық.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Ильяс

Осы тұста Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ильяс мынадай бір ойын ортаға салды:

– Қытайда Самарқан маңынан табылған б.з.д. ІІ ғасырға жататын Қаңлы (Кангюй) дәуіріне жататын қыш табақ бетіндегі суреттерден 200-ден астам бейнені нақтылап алып, соның әрбіріне аннимациялық 3D кескіндеме арқылы музей жасақтап отыр. Ол қыш табақта қытайдың бір ханшасының Қаңлыға ұзатылатын сәті бейнеленген екен. Сол 200-ден астам ғана суреттен тамаша музей жасақтап, шетелдік туристердің назарын жаулап отыр. Ал бізде 2 мыңнан астам эскпонатымыздан ондай тартымды музей жасай алмай отырмыз. Бұл біздің жұмысымыздың нашарлығын емес, керісінше музейге деген дүниежүзілік талаптың жаңа деңгейге жеткенін көрсетеді- дейді С.Ильяс.

Маманнан асырып не айтуға болады? Айтар ойымызды қорытындылауға осының өзі жеткілікті болар. Аннимациялық 3D кескіндеме жақсы-ау, алайда қазіргі біздің тарихи-мәдени мұраларымыздың күйі Арнабай ақсақал айтпақшы, «ең алдымен әкімдіктің өзінен қорғау керек боп тұр» емес пе?

P.S: Сапарымыз осылайша тағылымды аяқталды. Саяхатқа арнайы шақырып, мұрындық болған Түркістан облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және қайта қалпына келтіру орталығының басшысы Ж.Керімұлына алғыс білдіргенді жөн көрдік.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент-Тараз-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика