10.02.2020

Шыдаңыз, шыдаңыз, тағы да ШЫДАҢЫЗ…

«Жол қадірін жүрген білер». Бұл сөзден асырып жол мен жолаушылаудың қиындығын суреттейтін сөз бар ма екен? Қай ғасырда, қандай қоғамда болмасын өзекті сөз.

Елімізде экономиканың күре тамыры саналатын көлік дәліздері халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, біршама жақсарғаны белгілі. Осы бағытта сапалы көлік инфрақұрылымын құруға бағытталған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы да жұмыс істеп келеді. Дегенмен, кейде жол сапасына айтылар сын ести қалсақ, әлем бойынша тоғыншы территориялы еліміздің кең байтақ екендігін алдыға тосатындар табылып жатады.

Қазақстанда 25 мың шақырымға жуық халықаралық және республикалық маңызы бар жол бар. Біздің айтпағымыз жергілікті маңызды жолдардың жайы. Бір ғана Түркістан облысы бойынша облыстық маңызы бар 4,3 мың шақырым жол бар екен. Республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдардың хәлі нешік екенін көпшілік білер, ал облыстық маңызы бар жолдарға тұрғындар тарапынан айтылар сын көп. Бұл жолы редакциямызға қоңырау шалып, жол жағдайына алаңдаған оқырмандарымыз Қазығұрт ауданынан болды. Айтуларынша, «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолы құрылысы сиырқұйымшақтанып бара жатқанға ұқсайды. Оқырман сауалына жауап іздеп жолға шықтық.

Алдымен, оқырман сауалына кезек беріп алалық.

Б. Райымқұлов, Шымкент қаласының тұрғыны:

«Жол құрылысы неліктен жыл соңында басталды?»

Мен өзім Шымкент қаласының тұрғынымын. Кейде күнделікті жұмыстан тыс, әрі демалыс күндері қосымша табыс көзі ретінде қала маңындағы ауылдар арасында жолаушы тасымалдаумен айналысып тұрамын. Сапар бағытымен аптасына 4 мәрте, кейде 8 мәрте Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана, Жаңабазар, Алтынтөбе ауылдарына жолым түседі. Былтырғы қараша айында «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолының Жұмысшы ауылы маңындағы 2,2 шақырым жолы бұзылып, асфальт жабыны алынып тасталды да, жөндеу жұмыстары басталды. Содан бері осы 2,2 шақырым автожүргізушілер үшін азапқа айналды. Жол құрылысы неліктен жыл соңында басталды? Жол жөндейтін болса, тапсырыс берушілер күннің жылысында бастамай қайда қарап отырды? Қыс бастала салысымен жауын-шашын мен қарда қара батпаққа тығылып, қарапайым қара халық әуреге түсіп жүр. Жол азабынан қашан құтыламыз?

Ж. Бекенов, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылының тұрғыны:

«Жол сапасы сын көтермейді»

Жолаушы тасымалымен республиканың түкпір-түкпіріне жол тартып тұрамын. Негізгі кәсібім – тасымал қызметі. Мені таңдандыратын нәрсе – облыстық маңызы бар жолдардың сапасы. Таңданғанда, сапасының нашарлығы жағына таңданамын. Әсіресе, Қазығұрт ауданындағы облыстық маңызы бар жолдардан «Тұрбат-Қаржан» және «Шарапхана-Бірінші мамыр» бағытындағы автожолдар. Атын дардай қылып «облыстық маңызы бар» деген дәрежесі болмаса, жол сапасы сын көтермейді.

Осы бағыттағы елді мекендер тұрғындарының барлығының күні «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолына қарайды. Әсіресе, сенбі-жексенбі және демалыс күндері мұнда көлік ағыны арта түседі. Сол кезде халықтың қиналған сәтін көрсеңіз, аяйсыз. Адамды азапқа салудың сан жолы бар екен ғой деген деген ой келеді. Қазығұрттықт жұрт жол тақсіретін қашанғы тарта береді? Құрылыс басталғалы 3 айдан асты, өзі 2,2 шақырым ғана жол, көрпемен қабитын жуалдызбен істесе де бітіретін уақыты болған шығар? Осы мәселені көтеріп, жол құрылысы сапалы әрі тезірек аяқтаса деген тілегімізді жеткізсеңіздер.

Шарапхана-Бірінші мамыр автожолының күрделі жөндеуден өтіп жатқан 16 шақырымы

Оқырмандардың өтінішін ескеріп, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының интернет ресурста көрсетілген телефонына соғып көрдік. Хабарласу мүмкін болмағасын, ашық интернет деректерге сүйендік.

Түркістан облысы әкімдігінің фейсбук әлеуметтік желісінде 2017 жылғы 6-маусым күні «Алдағы жылдары қандай жолдар жөнделеді?» атты посты жарияланған. Осы постта «2018-2020 жылдары шамамен 4,5 млрд. теңгеге 37,1 шақырымды құрайтын 2 ірі жобаның құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Аталған жобалар аясында Шарапхана, Жұмысшы, Сынтас және Жаңабазар елді мекендерінен өтетін облыстық маңызы бар ұзындығы 16 шақырымды құрайтын КХ-29 автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Шарбұлақ және Тұрбат елді мекендерінен өтетін облыстық маңызы бар ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын КХ-48 автомобиль жолына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі» деп көрсетілген. Ал, 2018 жылы басталады делінген жол жөндеу құрылысына Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу порталында «КХ-29 Шарапхана-Жаңабазар – 1 Мамыр жолының 0-16 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары» деп аталатын лотпен 13.02.2019 жылы ашық конкурс жариялап, 20.02.2019 жылы өтінімдерді қабылдауды бастаған. Лот сомасы 2 518 242 000 теңге. Араға 7 ай салып барып қана конкурс қорытындысы шығып, «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС-мен жалпы сомасы 2 538 387 936 теңге (оның ішінде ҚҚС сомасы 271 970 136 теңге) қаржыға 12.09.2019 жылы №115 келісім шарт түзген. Ал мердігер мекеме жұмыстарды тек қараша айында бастаған болып тұр. Күрделі жөндеу 2020 жылға өтпелі. Келісім шарттың әрекет ету мерзімі 2020 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін екен.

Демек, бұл мердігердің жыл соңына дейін созбақтап, тұрғындардың ширығып тұрған жүйкесімен әлі біраз ойнауы мүмкін деген сөз. Осы жерде тағы сауал туады. Мердігер мекеме 3 айдан бері жалпы жұмыстың 2,2 шақырымын да бітіре алмаса, қалған 13,8 шақырымын қашан бітірмек? Жылдам бітіргеннің өзінде сапасы қандай болмақ?

Біздің құзіретті мекемеге осындай сауал жолдаудан басқа амалымыз қалмай тұр.

Ал, Қазығұрт ауданы тұрғындарына жыл соңына дейін 16 шақырым жолды әупірімдеп амалдауына тура келеді. Шыдаңыз, тағы да шыдаңыз, ШЫДАҢЫЗ…

Егер, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айтары болса, біз тыңдауға әзірміз.

С.Құдабай