2023-02-09

ШЫМКЕНТТЕН ШЫҚҚАН ШЫНЫ МОЗАЙКАЛАР ШЕТЕЛДЕ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Spread the love
«Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС компаниясы «Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан. 2018 жылдың мамыр айында ашылған компания шыны өндірісінде алдыңғы қатарда саналатын Испания, Италия сияқты елдердегі заманауи технологиялардың тәжірибесі негізінде құрылған. Бүгінгі таңда компания өнімдері декор, кілем тақталары сияқты күрделі сәулеттік шешімдері арқылы Қазақстан нарығында ғана емес, шетелде де сұранысқа ие.
Компания мемлекеттік қолдаудың бар игілігін көріп отыр. «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 14,25 пайызбен несие алса, соның 7,25 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Бұған қоса жеткіліксіз кепілзат орнына «Даму» қоры кепілдік берген.
– «Gidrostroy Glass Mosaic» бренді Қазақстандағы шыны мозайканың алғашқы әрі ең мықты өндірушісі саналады. Инновациялық даму жолын таңдаған компаниямыз ұдайы өнімнің сапасын жақсарту және алуан түрін арттыру, нарыққа өз идеяларын жеткізу бағытында жұмыс істейді, – дейді компания басшысы Олег Хатамов.
Шыны мозайка қабырғаны безендіруге, әшекейлеуге, еденге, бассейндерге, субұрқақтар мен басқа да қажеттіліктерге пайдаланылады. Интерьерді безендіруге арналған көптеген материалдың ішінде шыны ұзақ уақыт бойы мөлдір құрылымын сақтай алады. Компания алдағы уақытта шыны өңдеу және өндіру технологияларды пайдалана отырып, оның бірнеше түрін шығармақ. Ал материалдың құнын төмендету едендер мен қабырғаларды әрлеу үшін шыны мозаиканы қолдануға мүмкіндік берді.
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің іскерлік белсендігі тұрақты артып келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың бірнеше түрі бар.
Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарлама аясында 7,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 3 592 жобаға қолдау көрсетілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 81 жоба жүзеге асты. Бұдан бөлек, қабылданған өңірлік «Іскер қала» бағдарламасы да оң нәтиже беруде. Биылғы 556,1 млн. теңгеге 62 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 1,3 млрд. теңгеге дейін 6 пайыздық несие берілуде. Жыл басынан бері 129 жобаға қолдау көрсетілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қалада белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандар саны 104 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 40,7 пайызға артты.
Яндекс.Метрика