Шымкент қаласындағы Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектеп базасында Шымкент қаласы Білім басқармасының әдістемелік орталығымен бірлескен «943 – мақсатты мектептерді дамыту» жобасы аясында білім сапасын арттыруға арналған қалалық семинар өтті. Семинардың мақсаты – мақсатты мектептерді әдістемелік қолдауға инновациялық тәсілдерді енгізу және заманауи білім беру технологияларын қолдану арқылы педагогтер мен әдіскерлердің кәсіби дамуына ықпал ету.
Семинар бағдарламасы мына бағыттарды қамтыды:
- мақсатты мектептердің қажеттіліктеріне бейімделген әдістемелік қызметті талдау және оны бейімдеу;
- мұғалімдердің сабақтарын бақылау және талқылау;
- сабақтарды бақылау бойынша әдіскерлердің жұмысын ұйымдастыру және бақылау парағын толтыру;
- менторлық тәсілді кеңейту мүмкіндіктерін талқылау.
Семинар барысында қатысушылар мектеп мұғалімдерінің функционалдық сауаттылықты дамытуға және заманауи оқыту әдістерін қолдануға бағытталған сабақтарын бақылады. Бұл сабақтар жоғары әдістемелік дайындық деңгейін көрсетті және талқылаудың маңызды бөлігі болды.
Менторлар бақылау парақтарын толтыра отырып, сабақ құрылымын, қолданылған әдістердің тиімділігін жан-жақты талдап, мұғалімдерге сапалы кері байланыс берді. Бұл процесс курстан кейінгі сүйемелдеу жұмысының маңызды бөлігі болып, әдіскер-менторлардың білім беру сапасын арттырудағы үлесін көрсетті.
Семинарда Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынова мақсатты мектептермен өзара әрекеттесудің болашағы туралы баяндама жасаса, «Әдіснама және педагогикалық инновациялар» кафедрасының меңгерушісі Г.К.Рахимжанова қорытындылады. Ол ұйымдастырушыларды, әсіресе №36 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Гузель Аюпованы жоғары деңгейде дайындалған іс-шара үшін алғыс айтып, бақылау барысында сабақтардың практикалық маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, ол бақылау парағының критерийлері білім беру процесінің сапасын жақсартуға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Бекітілген жоспар бойынша қаладағы бес ауданда бес семинар өткізіліп, соңынан қорытынды тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылмақ. Осылай деген жауаптылар аталған іс-шара мегаполистің білім саласын жетілдіріп, мұғалімдерге бағыт-бағдар береді деп отыр.
– Семинарды өткізудегі негізгі мақсат – педагогтардың кәсіби деңгейін көтеріп, шеберліктерін арттыру, мұғалімдерге дағды қалыптастыру. Бұл біздің жұмысымызда бұрыннан келе жатқан дағды, бірақ қазір біз мұғалімдердің деңгейін жаңаша форматта қайта көтеріп жатырмыз. Мұғалімде дағды артқан кезде ол оқушының да дағдысын арттырады. Ал оқушының дағдысы артса білім сапасы жоғарылайды, – дейді Шымкент қаласының Білім басқармасының Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынова.
Семинар барысында Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектеп оқытушылары бірнеше сыныптарға бөлініп, ашық сабақтар өтті. Оны өзге мектептерден келген пән мұғалімдері бақылап, тәжірибе алып қана қоймай, олар да аталған мектепте жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ашық сабақ жүргізді. Дәрістен соң педагогтар өз білгендерімен бөлісіп, сабақтың кем-кетігі жайында өзара пікір алмасты.
– Мен өз пәнім бойынша 8 «Ә» сыныбында қазақ әдебиеті пәнінен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасы тақырыбында сабақ өттім. Сабақтың басталғанынан бастап, оқушылардың жинақылығы, сабаққа деген қызығушылықтары көңіл қуантты. Сабақты қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект арқылы Шәкәрім Құдайбердіұлының сөйлете отырып бастауды жөн көрдім, – дейді №82 Қ.Қасымұлы атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Нұрбақша Қаппарова.
Ұлттық құндылықтар ұлт болмысын айқындап, халықтың жай-күйін терең тануға көмектеседі. Сондықтан тарих беттерін парақтап, жас өренге ұлттық код жайында жүйелі үгіт-насихат жүріп отырады. Осылай деген мектеп басшылығы аталған семинарға ұлттық құндылықтар жайындағы ашық сабақты да кірістірген.
– Біздің тәрбие жұмысында әкелер клубы, әжелер клубы, тағы да басқа клубтар арнайы жұмыс істейді. Мұның бәрі – күнделікті сабақпен бірлесе отырып жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Сондықтан да оны семинар тақырыбына енгіздік, – дейді №36 Қазыбек би атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының орынбасары Нелкен Алтекова.
Семинар аяқталған соң оқытушылар өзара пікір алмасып, сабақ жайындағы ойларымен бөлісті. Алып-қосар ұсыныстарын айтып, дәрістің кем-кетігін талқылады. Осылайша семинар тәжірибе алмасу, үздік тәжірибелерді талқылау және алдағы жоспарларды жасау алаңына айналды. Бұл шара педагогтер мен әдіскерлерге мақсатты мектептерде табысты жұмыс жасауға арналған жаңа құралдар мен стратегияларды алуға мүмкіндік берді.
Жалпы, еліміздің барлық аймағын қамтыған «943 – мақсатты мектептерді дамыту» жобасына 943 білім ордасы енген. Оның 40-ы Шымкент қаласында орналасқан. Бағдарлама шеңберінде мұғалімдердің біліктілігін арттырып, тәжірибелерін ұштау мақсатында 160 сағаттық базалық курс өткізу жоспарланған болса, соның 80 сағаты өткізіліп, алда оқытушыларға тың серпіліс берген қосымша дәрістер әлі де жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналған мұндай жұмыстар заманауи білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Олар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, жаңа әдістемелер мен технологияларды меңгеруге, оқыту процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар білім беру стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етіп, оқушылардың сапалы білім алуына ықпал етеді. Мұндай семинарлар ұстаздардың шығармашылық әлеуетін ашып, мотивациясын арттырады, кәсіби ортада тәжірибе алмасуға жағдай жасайды және өзгермелі талаптарға икемді бейімделуге көмектеседі. Нәтижесінде ұстаздың кәсіби өсуі білім сапасына және оқушылардың болашағына оң әсер етеді. Білім беру саласы үнемі жаңарып отыратын сала екенін ескерсек, заман талабына сай өзгерістер енгізу және оқыту әдістерін жетілдіру маңызды. Бұл үшін заманауи технологияларды қолдану, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және білім беру мазмұнын қоғам қажеттіліктеріне бейімдеу қажет.
Тарих тереңінен – жарқын болашаққа
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасы Шымкент қаласы №128 жалпы орта білім беретін мектеп тарих пәні мұғалімдерімен бірлескен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тарих тереңінен – жарқын болашаққа» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында филиал директоры Л.Искакова Тәуелсіздіктің 33 жылдығымен құттықтап, еліміздің ұлы тарихына, аға ұрпақтың қаһармандық өмір жолына тоқталды. Іс-шара барысында №128 мектеп оқушылары қастерлі Тәуелсіздіктің айшықты жетістіктерін айта келе, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы сахналық көрініс көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл бағдарлама арқылы оқушылар Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсініп, тарихи тұлғалардың еліміз үшін жасаған елеулі еңбектерін паш етті. Бұл іс-шара тек Тәуелсіздіктің маңызы мен қадірін жастарға жеткізіп қана қоймай, еліміздің болашақ даму жолында аға ұрпақтың ұлы еңбегін ұлықтаудың және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңыздылығын көрсетті.
Маңызды келісім шартқа қол қойылды
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты филиалы мен Шымкент қаласы Білім басқармасының №2 Оқушылар сарайы МКҚК арасында маңызды келісім шартқа қол қойылды. Келісім бойынша екі тараптың ынтымақтастығы педагогтерді кәсіби дамыту, инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу және көшпелі тәжірибелік сабақтар арқылы сапалы білім беру қызметтерін ұсынуға бағытталады. Бұл серіктестік ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік жұмыстарды бірлесе жүргізу, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда жаңа мүмкіндіктер жасауға арналған. Сонымен қатар, тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын дамытуға күш салатын болады.
Келісім аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша КДИ филиалының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, тыңдаушыларға біліктілікті арттыру курстарында дәріс алу үшін қажетті барлық жағдайлар қарастырылмақ. Екі жақты ынтымақтастық өңірдегі білім беру үдерісін жетілдіру, заманауи оқыту әдістері мен инновациялық технологияларды енгізу мақсатында маңызды қадам болары сөзсіз. Алдағы уақытта білім саласында тиімді әрі нәтижелі жұмыстар атқарылмақ.
«Ұстаз» – кәсіби дамудың ұлттық платформасы
2025 жылдан бастап еліміздегі білім беру ұйымдарының педагогтерін аттестаттау процесінде портфолионы бағалау кезеңі автоматтандырылған «Ұстаз» ұлттық платформасында өтетіні белгілі. Осыған орай, 25-27 қараша аралығында филиал базасында «Ұстаз» платформасына тіркеу және портфолионы жүктеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оқыту семинарына Шымкент қаласы бойынша білім беру ұйымдарының аттестацияға жауапты мамандары қатысты. Филиал қызметкерлері «Ұстаз» платформасымен жұмыс жүргізудің қадамдарын көрсетіп, платформаның тиімділігін айтып, педагогтердің деректері мен жетістіктерін цифрландырудың артықшылықтарын түсіндірді. Семинар барысында платформаға қатысты сұрақтарға жауап берілді. Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында «Ұстаз» Ұлттық платформасының жұмысы толықтай автоматтандырылған.
Мұғалім мен білім алушылардың жетістіктерін растайтын педагогтің жеке кабинетінің деректері және оның кәсіби қызметінің құжаттары, тәжірибені жинақтау (трансляциялау), біліктілікті арттыру туралы мәліметтер бар ақпараттық жүйенің қолданысқа енгізілуі – осы кезге дейін электронды портфолио жинақтау кезеңіндегі кейбір түсініспеушілік мәселелерін болдырмаудың, академиялық адалдықтың нақты шешімі болмақ.
Жасанды интеллект – мұғалімге көмекші құрал
Курстан кейінгі сүйемелдеу – қазіргі мұғалімнің педагогикалық құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттырудың, оның педагогикалық қызметін жоғары деңгейде жүзеге асырудың, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізудің қажетті шарты. Педагог қызметін курстан кейінгі қолдау педагогтің курстан кейінгі қызметін үздіксіз мониторингілеу және оған берілетін әдістемелік, консультациялық көмек болып табылады. «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы Нуржигитова Н.Ж мұғалімдерді курстан кейінгі қолдау мақсатында Шымкент қаласы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №72 жалпы білім беретін мектебінде педагогтермен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында білім беру саласында өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – білім беру платформаларын және жасанды интеллекті оқу процесі мен сабақтарда қолдану туралы «Цифровые технологии: современные реалии» тақырыбында тренинг өткізілді. Инновация, жасанды интеллект, цифрландыру терминдеріне анықтама бере отырып, ресурстарды іздеу, ақпараттық технологияларды алу, қолдану бойынша заманауи технологиялардың оң және теріс тұстарына тоқталды. Озық технологиялар, платформалармен жұмыс жасау жолдарын көрсете отырып, сабақ үстінде Wordwall, canva, interacty, classroom, mire, cahoot, chat GPT, learning apps, Шедеврум секілді платформада қызықты, мағыналы сабақтар құрастыру жолдарымен бөлісті. Тренингке қатысушы ұстаздар сілтеме арқылы кіріп, аталған платформалармен сынама жұмыс жасап көрді. Оқушының тақырыпқа деген қызығушылығы мен ынтасын арттыруда цифрлық технологияларды ұтымды қолдану сабақ сапасын арттырудың бірден бір жолы екенін ұғындырды.
Аталмыш шара мектеп педагогтеріне білім кеңістігінде қолданылатын тиімді амалдарды пайдалану жолдарымен танысып, курс барысында алған білім мен біліктілік дағдыларын пысықтауға оң әсерін тигізді.
Leave a Reply