ШЫМКЕНТТЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

Шымкентте жыл соңына жейін газбен қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетті.  Бұл туралы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшылары мәлімдеді. Жуырда Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбыры жеткізілді. Жауапты мамандардың мәліметінше, шаһарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоспар бойынша 2023 жылы қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілсе, 2024-2025 жылдары газ және электр қуатымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайыз болады.
– Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбырын жеткізу жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінге дейін 16,1 шақырым газ құбыры тартылып, жоспар толығымен орындалды. Қазіргі уақытта магистралды құбырға газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды, – деді басқарма басшысы Боранбай Болатбеков.
Айта кетейік, бүгінде мегаполис тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар және Арғымақ елді мекендеріне табиғи газ желісі жеткізіліп, көрсеткіш 94,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.
Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшыларының мәлімінше, шаһардағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электр энергиясымен қамтылған, қалған сегізінде электр қуаты сапасыз саналады. Олар: Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ және Солтүстік саяжай елді мекендері.
– Жылдың соңына дейін осы 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа желі пайдалануға беріледі. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңға жуық тұрғын сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, қаладағы электр жарығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызға жетеді. Ал Қайнарбұлақ пен Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтуға байланысты жобаның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Жалпы, 2023 жылы мегаполистегі барлық елді мекен сапалы электр қуатымен 100 пайыз қамтылады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы.
Жауапты мамандар Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қуат таратушы 6 қосалқы станция салуды көздер отыр. Олар – «Ынтымақ» (110/10 кВ), «Қызылсу» (220/110/10 кВ), «Жұлдыз» (220/110/10 кВ), «Тұран» (110/10 кВ), «Шымсити» (110/10 кВ) және «Ипподром» (110/10 кВ) станциялары.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика