Шымкент қаласы білім басқармасының Титов атындағы №20 мектеп-гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесінің алғашқы қоңырауы сонау 1961 жылы 3126 оқушы үшін соғылды. Сол жылы мектептің алғашқы директоры болып И.И.Гудимов тағайындалып, 1961-1968 жылдар аралығында мектепке басшылық етті. Сол жылдары онымен бірге аталған білім ордасында Дрозд Е.А., Винтулькина Л.И., Москаленко О.А., Кравцова А.В., Тучина А.А., Амосова В.Д., Кнопмахер секілді көптеген тәжірибелі оқытушылар еңбек етті.
1968-1973 жылдар аралығында мектепті Харченко Раиса Кузьминична басқарды. Ол жас мамандарды көбейту, пән кабинеттерін жабдықтау және шығармашылық, ынтымақты ұжым құру бағытында жұмыс атқарды. Мектепте сол уақыттары М.В. Зинкина, К.И. Бобровская, Э.И. Авдеева, Л.Я. Умняхина, Н.М. Кокорина, М.П. Яркина, Ш.М. Ильясов, Н.Р. Кирюхина, Д.Е. Перепеленко, Г.М. Дончук, В.Н. Пугачева сияқты мұғалімдер жұмыс істеді.
1973 жылдан 1984 жылға дейін мектепті Демина Эра Андреевна басқарды. Ол директор ретінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға көп еңбек сіңірді. Мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, спорт алаңы мен ату тирі салынды. Бұл уақытта мектепте көптеген талантты педагогтар, мысалы, Савельева А.Т., Головачёва Л.С., Муштей Н.А., Дрозд Е.А., Шпота Л.П. жұмыс істеді.
1985-1998 жылдар аралығында дейін бұл білім ордасын Смолкина Александра Александровна басқарды. Оның кезінде мектеп 1996 жылы славян гуманитарлы-эстетикалық гимназиясының мәртебесін алды. Осы кезеңде оқушыларды гуманитарлық бағытта, әсіресе орыс және ағылшын тілдерінде білім беру жүйесі жетілдірілді. Мектеп бағдарламасына экономика, технология, лингвистика салаларын меңгеру жүйесі енгізілді. Мектеп мұғалімдері білім мазмұнын жаңарту үшін тәжірибелік жұмыстарға белсене қатысты. Смолкина А.А. мектебінің жаңашыл басшысы ретінде мектепті тұрақты дамуға бағыттап, мұғалімдер ұжымын қалыптастырып, оқу ордасының бет-бейнесін өзгертіп, имиджін нығайтты.
1998-2017 жылдары ұжымға талапшыл директор Ерошкин Андрей Васильевич басқарды. Оның жетекшілігімен мектеп шығармашылық жұмыста көптеген жетістіктерге жетті. Мектеп оқу процесінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды белсенді пайдаланды (электрондық пошта, интерактивті оқу бағдарламалары, интернет, интерактивті сабақтар). Мектепте гуманитарлық бағыттағы білім беруге ерекше көңіл бөліне бастады, гуманитарлық пәндерді тереңдете оқытатын сыныптар ашылды. Осы уақытта мұғалімдер авторлық интеграцияланған курс әзірледі. Андрей Васильевич педагогикалық ұжымды басқаруда мектептің үздік дәстүрлерін сақтап, оны заманауи әрі бәсекеге қабілетті етуге тырысты.
2018 жылдан бастап мектепті жоғары санаттағы білікті педагог Дармен Дана Жүсіпқызы басқарады. Ол балалардың интеллектуалдық дамуы мен еңбек қабілеттілігінің артуы бағытына ерекше мән береді. Ол күн сайын оқушыларды күлімдеп қарсы алады. Ол балаларға тек білім беруді ғана емес, сонымен қатар жылы қарым-қатынас арқылы қуаныш пен сенімділік сыйлауды да мақсат тұтады. Басшы «Оқушылар үшін білім алу процессі қызықты болуы керек, олар мектепке қуана келуі қажет» деген ұстанымда.
Мектеп өз шәкірттерін білім мен тәрбие беру процесіне үлкен үлес қосқан мұғалімдердің есімдерімен мақтанады. Әр жылдары мектепте өз ісіне адал, дарынды, білікті мұғалімдер еңбек етті. Олардың арасында Бейсенбаева Шолпан Әсілбекқызы, Бершимбаева Шолпан Серікбайқызы, Нұрманов Жорабек Есеркепұлы, Абиева Айман Әбиқызы, Алпеев Алексей Иванович, Васильева Лилия Михайловна, Гарвард Клара Эдмундовна, Батыршин Владимир Данилович, Головачева Лариса Семеновна секілді ұстаздардың есімі мектеп тарихында жазулы.
«Жас құтқарушы» клубы төтенше жағдайға дайын болуды үйретеді
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында «Жас құтқарушы» клубы жұмыс істейді. «Жас құтқарушылар» клубы – оқушылардың қауіпсіздік, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын меңгеру мақсатында ұйымдастырылған үйірме. Бұл клуб оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және табиғи апаттар кезінде әрекет ету сияқты маңызды тақырыптар бойынша білім береді. Сонымен қатар, оқушылар теориялық білімдерін іс-тәжірибе жүзінде шыңдайды, түрлі жаттығулар мен тренингтерге қатысады. Клуб мүшелері әртүрлі дағдыларды үйреніп қана қоймай, өзара ұжымдық жұмысты да дамытуға мүмкіндік алады. Олар оқу мен іс-шаралар арқылы бір-біріне көмек көрсету, дұрыс шешім қабылдау және жауапкершілік сезімін қалыптастыруды үйренеді. Бұл клубтың мақсаты – оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың қоғамға пайдалы, жауапкершілігі мол азамат болып өсуіне ықпал ету.
Аталған клуб жоспарының негізінде 1-11 сыныптарда төтенше жағдайлардың алдын алу және төтенше жағдайлар кезінде жасалатын әрекетті түсіндіру мақсатында «Жер сілкінісі», «Өрт қауіпсіздігі», «Сел көшкіні», «Су тасқыны» тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Төтенше жағдайлар туралы бейнероликтер көрсетіліп, жер сілкінісі кезінде қандай іс-әрекеттер және қорғану жолдары туралы айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оқушылар төтенше жағдай кезінде қандай іс-қимыл жасау керектігімен және өмір қауіпсіздігі шараларымен танысты.
Табиғат апаттары – адамзаттың өміріне қауіп төндіретін, болжауға келмейтін құбылыстар. Әр түрлі табиғи факторлар әсерінен жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, өрт сияқты апаттар орын алуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам, әсіресе жас ұрпақ, осы апаттар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгеруі қажет. Мектеп қабырғасында өткізілетін сынып сағаттары мен іс-шаралар оқушыларға төтенше жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін үйретуде ерекше маңызға ие. Бұл шаралар балаларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, практикалық жаттығулар арқылы олардың дағдыларын дамытуға көмектеседі. Мысалы, жер сілкінісі кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, су тасқыны немесе дауыл кезінде жертөлеге немесе қауіпсіз орындарға көшу, өрт кезінде эвакуация жолдарын дұрыс таңдау сияқты маңызды нәрселерді түсіндіру қажет.
Мұндай сынып сағаттары оқушыларды тек өздерінің ғана емес, басқалардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәрбиелейді. Сонымен қатар, табиғат апаттары болған жағдайда, балаларға сабырлы болып, өз-өзін сақтай білу, құтқарушылар мен мамандардың нұсқауларын орындау дағдыларын қалыптастыру өте маңызды. Төтенше жағдайға дайын болу – әрбір адам үшін міндетті болып табылады, ал мектепте осы дағдыларды үйрету – болашақтың қауіпсіздігі үшін қажетті қадам.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында…
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында кәсіби бағдар беру мақсатында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мамандарының қатысуымен 9-11 сынып оқушыларымен кездесуді ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Университеттің оқу бағдарламалары мен мамандықтары туралы ақпарат берілді. Мамандар 2025 жылы күндізгі оқу түріне қабылдау шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар оқу процесі мен болашақ мамандықтары туралы көптеген мәліметтер алып, өздерінің таңдау жасауына көмектесетін ақпарат алды. Болашақ талапкерлердің білімін артырып, өз мамандарын таңдауда дұрыс жол көрсетілді.
Сонымен қатар, №20 мектеп-гимназиясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы «Мектеп театры» аясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу арқылы құндылықтарды дәріптеу мақсатында мектеп үйірмелерінің қатысуымен театрландырылған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мектептің «Семисветик» вокал үйірмесі, «Театр әлемі», Домбыра үйірмесі, «Жұлдыздар» би үйірмелерінің дайындауымен өткен іс-шараға «Қамқоршылық кеңесі», жалпы мектеп ата-аналарының төрайымы Дрантусова Елена Геннадьевна және үйірмеге қатысушы балалардың ата-аналары арнайы қонаққа шақырылып, балаларының өнерлерін тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Атап айтқанда мерекелік іс-шарада «Театр әлемі» үйірмесінің «Ханшайым Аврораға сыйлық» ертегісі және қазақ тобының «Түлкі, Кене, Тасбақа» ертегісі сахналандырылып, «Жұлдыздар» би ансамблі қазақ және заманауи билері орындалса, «Семисветик» вокал үйірмесі Қазақстан туралы әндер шырқады.
Осылайша мектеп ұжымы білім берумен қатар өнер саласында ғана емес, спорт бағытында да біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтар болсақ, Мектеп Парламенті жоспары бойынша «Жетістігімді еліме арнаймын» тақырыбында салауатты әдеттерді, балама қызығушылықтарды дамыту бағытында Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында оқушыларға спортшыларды таныстыра отырып, спортқа құлшыныстарын арттыру арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру, салауатты өмір салтын үгіттеу мақсатында спорт шеберлерімен кездесу өткізілді. Кездесуге келген қонақтар халықаралық спорт шебері Баянова Карина, ҚР спорт шебері Захарченко Ксения, ММА әлем чемпионы Фазулзянова Карина, облыстық және қалалық волейболдан І орын иегері Сурков Кирилл шақырылды. Кездесу барысында спортшылар өздерінің жеткен жетістіктері туралы әңгімелеп, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп қойған жоқ, сонымен қатар спортқа деген қызығушылықты арттыру, спортшы атанып, ел намысын аброймен қорғауды мақсат ету, салауатты өмір салтын сақтау, гаджеттерге көп уақыт жұмсамай, спортпен айналысу тақырыбында түрлі кеңестер беріп, оқушыларға ой салды.
Мектеп пен ата-аналар байланысы жүйелі жолға қойылған
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында 2 сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен АПҚО жобасы аясында «Логикалық ойлауды үйрету» тақырыбында кезекті тренинг өтті. Тренингке 4 сынып ата-аналары қатысты. Мақсаты – ата-аналарға логикалық ойлауды дамыту жолдарын түсіндіру және оны күнделікті өмірде жүзеге асыруға көмектесу арқылы баланың танымдық қабілеттерін жетілдіруге ықпал ету. Міндеттері:
- Логикалық ойлау ұғымының маңыздылығын ата-аналарға түсіндіру.
- Логикалық ойлауды дамытудың жас ерекшеліктеріне сай тиімді әдістерін ұсыну.
- Баламен үйде логикалық тапсырмаларды орындау арқылы шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауды дамыту жолдарын көрсету.
- Ойындар, жаттығулар және қызықты тапсырмалар арқылы отбасылық қарым-қатынасты нығайту.
- Ата-аналарды логикалық ойындар мен жаттығуларды дұрыс ұйымдастыруға үйрету
«Логикалық ойлауды үйрету» тақырыбы бойынша мектеп психологы С.С.Кумакаева келушілерге бағыт-бағдар беріп, пайдалы ақпараттар берді. Тренинг соңында ата-аналар алған жағымды әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, мектепте 6-7 сынып ата-аналарына «Назар аудартуды және есте сақтауды дамыту» тақырыбында ата-аналарды педагогикалық қолдау сабағы да өткізілген болатын. Ата-аналардың балаларының есте сақтау қабілетін белсенді қолдауға және ынталандыруға дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның міндеттері:
– Балаларды қолдау үшін есте сақтау қабілетін дамыту әдістерін қолдануға ата-аналардың мотивациясын қалыптастыру;
– Ата-аналарға үйде қолдануға болатын есте сақтауды дамытудың практикалық әдістерін үйрету;
Сабақ барысында есте сақтау мен зейінді арттыру бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп, ата-аналарға үй жағдайында балаларымен ойнап зейін мен есте сақтауды дамытуға арналған ойын түрлерін орындап көрді. Сабаққа ата-аналар белсенді қатысып, кері байланыс берілді.
Сонымен қатар, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында 6 сыныптың жетекшілері мен психолог Курмакаева С.С. ұйымдастыруымен «Балаңыздың ой-пікірін ояту» тақырыбында жаңа форматта ата-аналар жиналысын өткізген еді. Жиналыста ата-аналарға балалардың ой-пікірін ояту туралы баяндама оқылып, техника қауіпсіздігі, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру, балалардың үйірмелерге баруы, секцияларға қатысуы туралы да айтылды. Ата-аналар жиыны мектептегі пән мұғалімдерімен байланысы нығайту, балалардың тәрбиесі және сапалы білім алуына қолайлы жағдай туғызды.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясы өзінің ұзақ тарихында көптеген табыстарға қол жеткізіп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруде үлкен жетістіктерге жетті. 1961 жылы ашылған мектеп өз жолында бірнеше ұрпақты біліммен сусындатып, қазіргі уақытта білім саласындағы бірегей оқу орнына айналды. Мектептің тарихында ұлы педагогтар мен тәжірибелі ұстаздардың еңбегі зор. Осы жылдар ішінде мектепте білім беру мен тәрбиелеудің сапасын арттыру мақсатында көптеген жаңашыл бастамалар жүзеге асырылды. Мектепте оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, білімдерін тереңдетуге, әрі қауіпсіздік дағдыларын меңгеруге баса назар аударылады. Осы мақсатта түрлі жобалар мен үйірмелер ұйымдастырылып, оқушылардың логикалық ойлауын, шығармашылығын, және салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Мектепте мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы тығыз қарым-қатынас пен қолдау да маңызды рөл атқарады, бұл білім мен тәрбиенің тиімділігіне оң әсер етеді.
Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының дамуы мен жетістіктері оның ұжымы мен оқушыларының тынымсыз еңбегінің нәтижесі болып табылады. Мектеп ұжымы өз білім беру әдістемелерін үнемі жаңартып, оқушыларға заманауи білім мен тәрбие беруді мақсат етеді.
Leave a Reply