2022-08-09

Бүлдіршіндер қауіпсіздігі

Сақина сарсаңда салмасын…

Жазым аяқ астынан. Кез-келген затты дұрыс қолданбасақ біздің денсаулығымызға, тіпті өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай қолайсыз жағдайлар туралы қоңыраулар құтқарушыларға жиі түседі. «Бала басына бір затты киіп кептеліп қалды, үйдің шатырына шығып түсе алмады, шарбаққа шырмалып қалды, шұңқырға жануар немесе бала түсіп кетті, есік құлыпталып, ішіндегілер аша алмай жатыр немесе еш хабар жоқ, саусағына сақина тағып шеше алмауда» деген шақыртуларға күнделікті шығатын құтқарушылар әрдайым қолайсыздықтан дер кезінде құтқарып, үлкен зиянның алдын алады. Әсіресе сақина салып, шығара алмайтындар жиі кездеседі. Жыл басынан бері шымкенттік құтқарушылар дәл осы шақырту бойынша 13 рет шығып, қолдары ісіп, түрлі тәсілді қолданып, кесіп алмақ болған әрекетінен түк шықпаған тұрғындарға көмекке келді. Күні бойы әуреге түсіп кептеліп қалған әшекейді шешу оңай емес. Ол саусақты жарақаттап, қысып, адамның денсаулығына үлкен зиян алып келуі мүмкін.
Көбіне әйел кісілер мен қыз балдарда мұндай келеңсіз оқиға болғанымен, кейінгі кезде ер балдарда сақина салуға әуестеніп алған, сондай-ақ сақина болмасада соған ұқсас заттармен ойнап, саусағын шығара алмай қалған балақайларда кездеседі. Осындай жағдайдың бірі жақында ғана Қайнар бұлақ саяжайындағы тұрғын үйлердің бірінде орын алып, онда кішкентай бала сақина тәрізді темірді қолына тағып шығар алмай қалып, ата-анасы құтқарушыларға жүгінген.
Мұның барлығы, әрине, салғырттықтың салдары. Балалардың қандай затпен ойнап жатқанын қадағаламау, ондай қауіп төндіретін заттарды баланың қолы жетпейтін жерлерге қоймаудың салдары. Сондай-ақ сақинаны таңдайтын немесе тағатын кезде өлшемін ескермеу, қолдың ісу жағдайын білген кезде дер кезінде шешпей, күні бойы саусақтағы сақинамен жүре беру-міне, осының барлығы сіздің және жақындарыңыздың денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтанда сақина сарсаңға салмасын десеңіз салғырттыққа жол бермеуге шақырамыз!
О. ТУРТБАЕВ,
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, әрі жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушы.

Яндекс.Метрика