Шымкент қаласындағы мектептер жаңа оқу жылына жаңа келбетпен жаңарып кіріспек. Ескірген оқу ғимараттары, құрал-жабдықтар, кабинеттер, көрнекі құралдардың бірқатары жаңғырып отыр. Мұндай өзгерістер жайында Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттар легінде шаһар басшысы бірнеше мектепке бас сұққанынан хабардар болып отырмыз.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күні кеше күрделі жөндеуден өтіп жатқан А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне барды. Аталмыш білім ошағы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар, химия, физика, биология, информатика т.б. зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды. 250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панель сатып алынған.
— Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар,-деді әкім.
Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Шаһар басшысы М.Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстары барысын тексерді.
2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынған.
Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады. «Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз»,-деді әкім жауапты сала мамандарына. Барлық кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.
Бетті әзірлеген С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ