2024-07-22

ШЫМКЕНТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСАҚ КӨНЕ ҚОРЫМНЫҢ ОРНЫН ТАПТЫ

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің  археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңындағы ежелгі Қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты.

Қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі 4 метрге жетеді, жерлеу камерасының тереңдігі 5,2 метрді құрайды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарын алған археологтар бұл отбасылық қорым болған деген болжамын білдіруде. Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелелдерді көрсетуде. Қорымнан  қыш құмыралар, әшекейлер, әйелдердің боянуына арналған сүрме және спираль тәрізді алтын сырға мен моншақ табылып отыр. Бұл заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды дейді археологтар.

Оңтүстік–шежірелі тарихымен дараланған өңір. Қасиетті топырақтан ежелгі қоныс орындарының ізі, көне бекіністердің орны табылып, қазақ даласында салтанат құрған мәдениеттер мен өркениеттер жайлы бірегей мағлұматтар  осы өңірден жинақталуда. Қазақстанның құрметті археологы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Павлович Подушкиннің жетекшілігімен құрылған археологиялық жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қонысында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашуда. Тарихи жәдігерлердің табылуына  ОҚМПУ-дің  тарих факультеті студенттері белсене  атсалысып келеді.

–Студенттерді тарих қойнауындағы құпия деректермен жақыннан таныстыру, оларға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді тәжірибе негізінде көрсету, қазба жұмыстарының  әдіс-тәсілдерін үйрету, жер бөліктеріндегі мәдени қабаттың құрамын зерттеуге баулу мақсатында, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оқу орнында  археологиялық жасақ құрылған. Тарих факультетінің студенттерін далалық практикадан өткізу тәжірибесінде университет үлкен жетістіктерге жетті деп ойлаймын. Бүгінгі табылып  жатқан жәдігерлер археологиялық жасақтың зор жемісі. Мұндай жасақ республика бойынша Шымкентте ғана бар,–дейді университет ректоры Гүлжан Сүгірбекова.

Бүгінде жасақ жұмысын  жалғаған атақты ғалымның ұлы  – Александр Николаевич Подушкин тарих факультеті студенттерінің археологиялық практикасының жетекшісі атанды.  А.Н.Подушкиннің басшылығымен I–IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сенсациялық жәдігерлер табылып отыр. Ежелгі Иран тілінің диалектісіне жататын арамей жазбасы  күйдірілген лай тақтайшаларының фрагменттерінен табылды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болды.

Қызмет ақпарат

2000 символ

Яндекс.Метрика