
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министр алдымен жергілікті «Ontustik» телеарнасының жұмысымен танысып, сол жерде қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізген кездесуге телеарна ұжымынан бөлек, мегаполистегі төртінші билік өкілдері жиналды.


Расында медиа мен мемлекет өзара тығыз әрі маңызды ұғым. Ақпарат құралдарын алға шығарып, жан-жақты дамыту қоғамның өсіп-өркендеуіне жол ашады. Бұны әлемдік процестен көріп отырмыз. Қазақстан да бұл даму динамикасынан қалып қойған жоқ. Отандық медиа-индустрия қарқынды және сапалы даму үстінде. Бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың санының белсенді артып жатқаны байқалады.

— Қоғамдық келісім — еліміздің басты байлығы. Қалалық ассамблея мүшелері, этнос өкілдері әрдайым ұйымшылдық танытып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған. Біз барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, — деді Д.Қыдырәлі.
ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Сергеева «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Айта кетсек, қазіргі таңда қалалық ҚХА жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет етсе, олардың жанынан 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді.