2024-07-27

Бала өзімшіл болмау үшін не істеу керек?

Баланы қолпаштау, қит еткен қылығына тамсану оның өзімшілдігін қалыптастырады. Кейде ата-аналар, әсіресе ата-әжелері «менің баламдай бала жоқ! Кім олай ете алады екен? Көрдіңдер ме, менің балама ешкім жетпейді» деп майын тамызып, асыра мақтаудан алдына жан салмайды. Әрине, баланы мақтап отырған дұрыс дедік, бірақ, мақтаудың да тепе-теңдігін (балансын) сақтау керек емес пе? Ол айтқан тапсырмаңызды тап-тұйнақтай орындаған болар, бәлкім, асыра орындады ма… бағасын беріңіз. Рас, сүйсініңіз. Бірақ, өзімшілдікке дейін жеткізбеңіз. Өзімшіл балалар өзін тыңдамайды, яғни өзіне талап қоя білмейді. Керісінше басқаларға, жан-жағына, тіпті егде тартқан ата-әжесіне де ОЛ талап қоятын болады.

 Дүниеге келген адамдардың жүйке жүйесінің қызметі кейбіреулерде – күшті типті, енді біреулерінікі әлсіз типті болып келеді. Жүйке жүйесі әлсіз типтегілер екінші сигнал жүйесі әлі жеткілікті дамымай тұрады да, истерияның пайда болуына мүмкіндік береді. Көбінесе ол баланың еркелігі сияқты болып көрінеді. Балаға қалағанын бермесе, айтқанын орындамаса айналасындағыларға тілегін орындату мақсатымен еденге құлай кетіп, бақырып жылайды. Ойыншықтарын оңды-солды лақтырады, отыра қалып аяғымен жер тепкілейді. Алайда, мұның истерика екенін, соңы неге апарып соқтыратынын, есейгенде адам өміріне қаншалықты залал келтіретінін ата-аналардың өзі біле бермейді (С.Г.Файнберг «Балалар жүйке ауруларының алдын-алу жолдары» 1985 жыл).      
Олар мұны баланың бұзықтығы, қияңқылығы немесе еркелігі деп қабылдайды. Сосын шудан тезірек құтылғысы келіп, тыныштық сақтау үшін де, көршілерден ұят болмас үшін, қонақтан қысылғандықтан тілегін орындауға көшеді. Осыдан соң бала миында истериялық реакция мықтап орнығады да, келесі жолы ол жәй ған сабырмен сұрауды білмейді, әлгіндегідей айла-тәсілге барады.
Истерия деген не? Оның адам өміріне зияны қандай? Көбінде сал (инсульт) болып қалатындар – истериктер болып келеді. Сонымен бірге сіңірдің тартылып қалуы, кенеттен мылқаулық, көздің көру қабілетінің төмендеуі, түрлі елестерді көре бастауы, зәр мен үлкен дәреттің кідіруі, құсуы, ісінуі истерияға ұшыраған адамдарда болады. Мысалы, адам уланғанда немесе бұзылған тамақты жеп қойса құсады, іші өтеді. Ол ішектегі улы заттарды сыртқа құсу арқылы шығарып тастады. Егер ағзаға қандай да бір инфекция енсе, микробтармен күресу үшін адамның дене қызуы (ыстығы) көтеріледі. Сол секілді, истерия психологиялық соққыға қарсы адамның еркінен тыс қорғаныс реакциясы. Яғни, бұл тұрмыстағы қиыншылықтарды, түсінбеушіліктерді және ұрыс-керісті шешуге бағытталған санадан тысқары ырықсыз әрекет. Истериялық ауруы бар адам қасақана, әдейі істемейді. Жанына батқандықтан соған барады.    
Бала есейгенде, әдетте мектепке барған кезде бұрынғыдай емес, жүйке жүйесі қызметі мен екінші сигнал жүйесінің рөлі артады. Сөйтіп кішкентай адамның реніштері баяғыдай «адуынды» болмай қалады. Бала ұстамды бола бастайды. Дегенмен, әлгіндегідей «еркелігін» елемей, бетінен қақпай өсіретін болса, ертең ержетіп, отбасын құрғанда, қызмет атқарғанда немесе махаббат мәселесіне кезіккенде оның бала жасынан іште бұғып жатқан истериялық реакциясы еркінен тыс оқыстан оянып, запа шектіруі мүмкін.
Истериканы қалай болдырмауға болады? Алдымен баланың сабырмен айтқан өтініш-тілегін орындап отыруыңыз керек. Шыж-быж болып, жылап-еңіреп истерикаға дейін жетуіне жол бермеңіз. Ол үшін балаңызға қуаныш сыйлаңыз. Мейірімді болыңыз. Егер бала долылыққа салына бастаса, еш уақытта айтқанын орындаушы болмаңыз. Сізге маза бермесе, оңаша қалдырыңыз. Бір сағатқа болса да, сәл алыстау кетіңіз. Бірақ, көзден таса етуші болмаңыз. Біраздан соң бала тынышталып, ымыраға келе бастайды. 
Таңертең ұйқыдан тұрғанда балаңыздың жүзіне күлімдеп қараңыз. Оның өзіндік сыры бар. Бала ширақ болып өседі. Ал, күнұзақ еңсеңіз түсіп, қабағыңыз кіржиіп жүретін болса, мұндай күй балаға да беріледі екен. Яғни, әкесі немесе шешесінің қабағы ашылмайтын болса, ұл-қызы дәл сондай түр-әлпетпен жүруді әдетке айналдырады. Олар көпшілік орынға барған жағдайда да серпілуі қиынға түседі. Сондықтан қандай қиындықты бастан өткеріп жатсаңыз да, бар күш-жігеріңізді жиып, балаңыздың алдында көңілді, әрі белсенді, өзіңізге сенімді болуға тырысыңыз. Сіз көңілді, серпіліп жүрсеңіз балаңыз да көңілді болып өспек.   {jcomments on}

Яндекс.Метрика