2024-07-27

Ашамайға мінгізудің мәні

tories/ashamaiga_minu.jpg» width=»300″ height=»200″ alt=»ashamaiga_minu» style=»float: right;» />

       Қазақта ер баланы ашамайға мінгізу дәстүрі бар. Бүгінде ескерілмей қалғаны болмаса, тәрбиеге әсері мол. Бір дәстүрдің өзі үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке баулу сияқты сан қырлы тәрбие құралдарын біріктіріп тұр. 
       Алдымен дәстүр туралы айтайық. Бала 6-7 жасқа келгенде орындалады.
       Баланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып, баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да – қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. 
       Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі – ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғаш-қы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б… Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын, ойыншықпен көп ойнамаған. Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. 
       Бүгінде ұлымызға сүндет той жасау салтымызға сіңісті болып, ата-ананың міндетіне айналды. Осы орайда бір сауал туады. Осы тойдың «сценариіне» ашамайға мінгізу дәстүрін енгізуге қалай қарайсыз?
Яндекс.Метрика