2023-02-09

ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН ОНЛАЙН АУЫСТЫРУҒА БОЛАДЫ

Spread the love
Қазіргі таңда жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады. Ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері осылай деп еске салады. Бұл қызметті eGov.kz порталы арқылы онлайн жасауға, сондай-ақ, банктердің мобильді қосымшалары арқылы ауыстыра алатынын естеріңізге саламыз.
– Жүргізуші куәлігін кез келген уақытта eGov.kz порталы және Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы ауыстыруға болады. Бұл әдіс ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігінен құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де мүмкіндік береді, — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына немесе банк қосымшасына кіріп, өтінішті толтыру қажет. Ары қарай керекті автоХҚО-ны таңдап, электронды цифрлық қолтаңбамен өтінішті растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. SMS хабарлама келген соң таңдаған автоХҚО-ға барып, дайын жүргізуші куәлігін алып кетуге болады.
Егер жүргізуші куәлігіңіздің мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 073-нысандағы медициналық анықтаманы ұсыну қажет.
Қоса кетейік, жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданылады. Бұл бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. «Биометрия жүйесі – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңа үрдіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралы. Жыл сайын жүргізуші куәлігіне сұраныс артып келеді. Сондықтан біз бұл процесті барынша ашық етуге мүдделіміз. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алуға және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыруға өтініш білдірген», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиал директоры.

Үміткер жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін екі емтихан тапсыруы керек – теориялық және практикалық. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған кемінде 32 дұрыс жауап берілуі қажет. Ал практикалық емтихан автодромда 12 жаттығудан тұрады. Әрбір үміткердің емтиханды 3 ретке дейін тапсыру мүмкіндігі бар. Үшеуі де сәтсіз болған жағдайда, кандидат келесі емтиханға соңғы емтихан өткізілген күннен бастап алты айдан кейін ғана жіберіледі. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында үш Мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді, олардың екеуінде автодром бар.

Яндекс.Метрика