2024-07-27

ЖОҢЫШҚАНЫҢ ЖАУЫ

       Жоңышқа бізтұмсығы жайлы айтып отырмыз. Көктемде жалпы тіршілік иелерінің жандануы, жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайтыны баршамызға белгілі. Күн жылына шығатын ауыл шаруашылығы зиянкестері өсімдіктерге, егін шаруашылығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Осыған орай, көптеген ауыл шаруашылық дақылдарының, әсіресе жоңышқаның зиянкесі жоңышқа жапырағының бізтұмсығы, фитономус жөнінде мағлұмат бергенді жөн көрдік.

tories/image28034.jpg» width=»250″ height=»177″ alt=»image28034″ style=»float: right;» />

       Жоңышқа жапырағының бізтұмсығы, фитономус (Phytonomus varіabіlіs) – қатты қанаттылар отрядының бізтұмсықтылар тұқымдасына жататын қоңыз. Жоңышқа өсіретін жердің бәрінде кездеседі. Ұзын-дығы 4-6 мм, сұр қоңыр түсті. Дернәсілдерінің ұзындығы 8 мм-ге жетеді. Көктемде қоңыздар жаңадан өсіп келе жатқан жоңышқаның жапырағымен қоректенеді. Ұрғашысы жоңышқаның сабағын кеміріп кішкене қуыс жасайды да, жұмыртқаларын топтап сонда салады. Өсімталдығы өте жоғары; әрбір қоңыз 300–2500-ге дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдер жапырақ бүршіктерінің ішіне еніп, қоректенеді. Екі рет түлеген соң олар төбе бүршіктен шығып, ашық түрде қоректенеді. Жапырақтың жұмсақ тінін түгелдей жеп, жүйкелерін ғана қалдырады. Дамыған дернәсілдер жапырақ бетіне піллә жасап, соның ішінде қуыршаққа айналады. Жас қоңыздары жаздың бас кезінде біраз уақыт жапырақтармен қоректенеді. Содан соң ыстық басталысымен топырақтың беткі қабатына еніп, жазғы ұйқыға кетеді. Жоңышқа жапырағының бізтұмсығы, негізінен, екінші және үшінші жылғы жоңышқалықтың бірінші орымын қатты зақымдайды. 
       Күресу шаралары. Фитономустардың санын азайту үшін ерте көктемде егістікті бірнеше із салып, тырмалау жұмыстарын жүргізу керек. Жоңышқаны ауыспалы егіске пайдаланған кезде көпжылдық дақылдарға шек қою керек. Көпжылдық егістен жоңышқаның тұқымдық учаскелері кем дегенде 500 м алыс болуы қажет. Жоңышқаның тұқымы мен шөбін кезектестіріп пайдалану керек. Энтомологиялық аулағышпен 10 сермеу жасағанда жоңышқаның көктеу кезеңінде 3-8 қоңыз, сабақтану мен шанақтану кезеңінде 10 дернәсіл түссе, онда инсектицидтер: вегетациялық кезеңде Данадим эксперт к.э. (0,9-1,0л/га),  Децис 2,5% (0,5 л/га), Циракс 25% к.э. (0,24 л/га) препараттарымен өңдейді.

А. БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР АШМ АӨК МИК, Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының маманы. 
Яндекс.Метрика