2024-07-27

Сіз өтірік айтасыз ба?

        Өмірінде бір рет те өтірік айтпаған адам бар ма екен, осы? Өтіріксіз қалайша өмір сүруге болады? Негізі өтірік айтқан дұрыс емес екенін бәріміздің ішіміз сезеді.Бірақ… Кейде амал жоқтан өтірік айтуға тура келеді. Зиянсыз өтірік деп қоямыз оны. Ол қандай өтірік?

         Мысал: Жақыныңыз, не досыңыз аурухана да жатыр дейік. Сіз дәрігерге жолықтыңыз. Дәрігер сізге сол жақыныңыздың өмірі таянып қалғанын айтады. Ал сіз сол әңгімені ауырып жатқан адамға айта аласыз ба? Жоқ, айта алмаймыз… Шындықтың бетін бүркеп,»жазылып жақсы болып кетесің» деп өтірік айтамыз. Еңсесі түспесін деп, жігері құм болмасын деп зиянсыз өтірікті амалсыз шындыққа балап айтамыз. Не үшін? Әрине, қымбат көңіл үшін. Сондайда көңілден қымбат не бар екен?!

         Ата-ана балаға өтірік айта ма?

         Дүкен көрсе болды «ананы-мынаны алып берші» деп мазаны алатын, тіпті жат қап тепсінетін бала аз емес?! Бірде ата-ана баладан барын аямай қалаған затын сатып алып береді. Ал, кейде қалтасында ақшасы бола тұра «ақша жоқ, болғанда аламыз» деп балаға өтірік айтады. Не үшін? Ол бала жаман болсын деп емес, бала бармен қатар жоқты да біліп өссін, қанағатшыл болсын деген ниетпен айтылады. Бұл енді балаға айтылған зиянсыз өтірік.

         Қоғамда «Зиянсыз өтірік» деген ұғым бар. Ол көбінесе көңіл үшін де айтылып жатады. Өтірік айту үлкен күнә екенін білеміз. Дегенмен, біреулердің араздасып қалмауы үшін, болмаса үмітін үзбеу үшін, қымбат көңіл үшін де өтірікті айтып жатамыз. Ол өтіріктің пайдалы екені де бар.

 Сіз не дейсіз?

          Біз дәл осы сұрақты исламтанушы, теолог Ершат Оңғаровқа жолдап едік.

         «Адамдар өтірікті әр түрлі себептерге байланысты айтады. Олардың ішінде пайда табу үшін де, өзін жоғары етіп көрсеткісі келіп те, күншілдіктің, жағымпаздықтың кесірінен де өтірік айтатындар бар. Алайда «Өтірік-өрге баспайды». Тіпті, басқаларға ұнау үшін де, олардың шашпауын көтеріп, күлкіге батыру үшін де өтірік айтатындар кездеседі. Мұның бәрі күнә. Ғұламалар өтірікті үлкен күнәлар қатарына қосады. Оның ішінде Алла тағала мен Пайғамбарымызға қатысты өтірік айту аса күпірлік. Қасиетті Құранның 167 жерінде өтірік айтудың күнә екендігі ескертілген. Басқа үлкен күнәларға мұншалықты көңіл бөлінбеген. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты ауыр екендігіне кепіл. Өтірік айту-мұнапықтық, екі жүзділіктің белгісі. Қасиетті Құранда: «Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят). Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Ислам білгірі ибн Хажар: «Өтірік-бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсіндіру» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде: «Өтірік айту-ризықты азайтады», «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа түсіреді. Адам өтірікті әдетке айналдырса, Алланың алдында өтірікші болып жазылады»,-деп баяндалған. Ислам шариғатында үш жағдайда өтірік айтуға рұқсат етілген. Бірінші, ерлі-зайыптылар арасын жарастыру үшін айтылған өтіріктің зияны жоқ. Екінші, соғыс тактикасы үшін өтірік айтуға рұқсат етілген. Үшінші, араздасып қалған екі бауырдың арасындағы түсініспеушілікті жойып, татуластыру үшін айтылса өтірікке жатпайды. Өйткені, бауырмашылдықтың жоғары тұратындығы қасиетті Құран мен хадистерде көп айтылған. Мәселен, Умму Кулсум бинт Ғуқба деген сахаби әйел былай дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адамдар қолданатын өтіріктер ішінде үш нәрседен басқасына рұқсат бергенін көрмедім: «Соғыс жағдайында, араздасқан адамдардың арасын жарастыру үшін және ері әйеліне, әйелі еріне айтқан өтіріктері» (Муслим). Бұдан басқа жағдайларда адам баласы өзгелерден қаймықса да, сөзінің түбін ойлап, өтірік, өсек айтпауға тиісті. Алла баршамызды өтірік айту күнәсінен сақтасын! Екі дүниеде де шыншылдардан болуымызды нәсіп етсін!»-деп жауап беріп еді Ершат Оңғаров.

        Бұдан не түйеміз? Өтіріктің зияны да, пайдасы да бар екен. Дегенмен пайдалысы аз. Рұқсаты жоқ өтірікке бойалдырып жолдан таюға болмайды екен. Мүмкіндігінше өтірікке жол бермеген дұрысырақ. Адам жанының тазалығы да осыған тікелей байланысты. 

 Жарылқасын Үсентаев «Қызмет» газеті



Яндекс.Метрика