tories/001ainala.jpg» border=»0″ />
Егер сіз тым қызғаншақ болсаңыз және оның өміріңізге кері әсер ететінін түсініп, одан құтылғыңыз келіп жүрсе, бұл мақала сізге арналады. Мақаланы әдістемеге жатқызуға болмайды. Десе де, айналадағы адамдармен аралас-құралас бола жүріп, түйген ойларды, оқығандарды бір кәдеңізге жарап қалар деп қағазға түсірдік. Сондықтан да сіз де өз ойларыңыз бен пікірлеріңізді қосуыңызға болады.
Қызғаншақ дегенде не айтуға болады, бұл қандай сезім? Білетініміз ол әйелде де, еркекте де, жаста да, кәріде де болады. Аналар келінінен баласын қызғанып жатады, әйелі күйеуін, күйеуі әйелін, тіпті қызмет барысында да қызғаншақтық туады. Сол қызғаншақтықтың екі түрі бар, біріншісі жағымды, екіншісі жағымсыз. Жағымсызы жаныңды ұзақ уақыт ауыртып жүреді, соңы ауруға ұласып жататын кездер де аз емес.
Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – қызғаншақтардың сол қызғанышқа жетелейтін сезімінің негізгі себептеріне күмәнмен қарауына әсер ету, олардың қызғанышының түбінде не жатқанына көңілін аударту.
Жағымды қызғаныш дегеніміз – бұл махаббаттың көрініс беруі немесе соның солай екенін негіздей түсу. Ол өзіне көңіл аударту амалдарына, қолдау, қорғаныш іздеуге ұқсайды.
Жағымсыз қызғаныш – махаббат аясынан шығып кетеді, ол қызғанып отырған адамын өзінің меншігіндей көреді және басқа емес, өзінен де қызғанатындай жағдайда болады.
Егер сан қатпарлы миымызды ақтарсақ, оның негізінде не жатқанын тауып алуға болады. Маған да, сізге де мынау қызық көрінуі мүмкін: жағымсыз қызғанышқа жол беретін адамдар өзін-өзі қаншалықты таниды екен?
— «Мен басқалардан кеммін!» (немесе «Басқалар маған қарағанда көріктілеу, білімділеу…!»). Жүйкеге тиетін ең жағымсыз қызғаныш осылай туады. Мұның түбінде жақсы көрген адамнан айрылып қалу немесе өмір бойы жалғыз қалып кету дегендей ойлар жатады. Сондықтан да ол жұрттың бәрін өзіне бәсекелес, «күндес» көреді.
Қауіпті байламдар:
— «Мен жеке тұлға ретінде қалыптаса алмадым және мұны өзгертуге болмайды». (Нұсқалар: иә, мен көрікті емеспін, семізбін, арықпын, бойым тапал, кәрімін, елеусізбін, шешім қабылдай алмаймын).
— «Мен өзімнің серігіме лайық емеспін!».
— «Мен өзіме сенімді емеспін, мен сияқтыларды оп-оңай ренжітуге, алдауға болады!».
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Алдымен, сенімсіздікті жою керек. Айналаңызға жақсылап қараңызшы, сіз кімнен кемсіз? Сізде де жақсы қасиеттер көп болуы әбден мүмкін. Оны өзіңіздің көргіңіз келмейді, олай болса басқалар қайдан көріп бағаласын. Бірінші өзіңіз көріңіз, түйсіктен өткізіңіз және оны әр жасушаңыз сезінетін болсын.
Өзіңізді бағалаңыз және еркелетіңіз.
Өзіңіздің бойыңыздағы махаббат, сенім, бақытқа лайық ұлы тұлғаны оятыңыз және еркін жіберіңіз, қашанғы танығыңыз келмей қапаста ұстайсыз.
Негізі ұлы адам болу үшін робот немесе әулие болудың керегі жоқ, қателесуге құқығы бар адамға айналыңыз. Жұмыс істеген адам міндетті түрде қателеседі. Мына сұраққа жауап беріп көріңізші, сізге айна-қатесіз ұқсайтын адам бар ма, мына өмірде. Жоқ, әрине. Болуы мүмкін емес. Сіз қайталанбайсыз. Осы есіңізде болсын!
Таңертең және кешке мына монологтарды қайталаңыз. «Менің артықшылығым мынада… (жақсы қасиеттеріңізді санамалап шығыңыз. Түнде, күндіз не болды оған қарамаңыз,ойыңыздан шығарып тастаңыз.
1.Мен бәрінен артықпын, көп білемін. Олай болса сен қандай себеппен жан-жағыңа қарайсың басқа қызметкер іздейсің (жұмыста) немесе әйеліңмен салыстырасың (отбасында)! Бұл қызғаныштың ең танымал түрі. Сіз осылай кемшілігіңізді жасырғыңыз келеді.
СОНЫМЕН ҚАУІПТІ БАЙЛАМДАР ҚАНДАЙ?
«Мен жұлдызбын, мен кереметпін!»
«Айналадағы адамдардың бәрі оңбаған, сауатсыз, бәлеқор!».
«Сүйеді екен — қадірімді білсін, жағдайымды жасасын!».
«Сүйетінін барлық уақытта дәлелдей алуы керек!».
«Егер маған емес, айналасына қараса, тіпті талғамының болмағаны!»
Таныс сөздер ме? Мұндай сөздерді сіз де айтқан болуыңыз әбден мүмкін. Айтылар сөз айтылды, енді не істеу керек?
Тақтан бірден түсе салу қиын әрине, алдымен ойша түсіңіз.
Серігіңізге жақсылап бастан-аяқ қарап шығыңыз да оның қайталанбас тұлға екеніне көз жеткізіңіз, артықшылықтарын тізіп шығыңыз, оның сіз ойлағандай ғана болып қалуы мүмкін емес нәрсе, ол да сіз сияқты өз пікірі, көзқарасы, қасиеттері бар тұлға, осыны көруге күш салыңыз.
Егер сіз ешқандай себепсізден-себепсіз кешірім сұрайтын болсаңыз, ол серігіңіздің жан-дүниесін төңкеріп тастауы мүмкін.
Өз сезіміңіздің тереңдігін білдіру үшін шығармашылықты пайдалануға болады. Бәрін бірден түсіндіріп тастау мүмкін емес, шыдам, төзім керек, бұл уақытты созады. Есесіне сіз әлгіндей қасиеттерді бойыңызда тәрбиелей бастайсыз.
Егер қызғаншақтық сезімі «Мен басқадан кеммін» деген себептен туындайтын болса, онда сізге 1 нұсқа көмектесе алады.
1. «Рахмет! Менен бұрын да бас тартқан, тағы да солай болып тұр, мен оған дайынмын (мені барлық жерде адам құрлы көрмейді, жұмыста да, үйде де). Осылай да болады. Бұл жағымсыздықтың негізі өткен өмірде жатыр. Сіз сонымен келісе бересіз, неге? Неге ол тетіктің жұмысын тоқтатып тастауға болмайды? Өмір өтіп жатыр, ғой. Бұл мүлдем басқа жағдай, басқа адам. Неге бәрі қайталана беруі керек ? Өзіңізге осы сауалды қойып көрдіңіз бе? Егер сұрап көрмесеңіз, сұраңыз, жауабыңыз қалай болады екен. Сіздің жауабыңыздың оң болатынына біз сенімдіміз. Шын мәнінде бәрі сіз ойлағандай емес.Бәрі өзгерген. Өзгермей жатқан өзіңізсіз. Егер өзіңізді жақсы жайлы өмірге лайық көрсеңіз, ол шын мәнінде солай болады.
Ал, жоғарыдағыдай жағдайды туғызатын қауіпті байламдар:
«Болашақты өткенім айқындайды!».
«Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің – өткеніңе қара!».
Шын мәнінде олай емес. Өткеніңіз сабақ болуы мүмкін, болашағыңызды жасау өз қолыңызда тұр.
Дайындаған:
Б. ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ
Leave a Reply