2024-07-27

«ӨКІМЕТСКИЙ» ӨТІРІК…

       Өтіріктің де түр-түрі болады. Ақ сөйлейік, айтушысы келіссе өтіріктен де жаның рахат табады. Марқұмның топырағы торқа болсын, біздің елде Байсақал деген кісі болды. Пойыз жолда істейтін. Зәуіде үйге келе қалса әке-шешеміздің «барыңдар, ойнаңдар!» дегеніне құлақ аса қоймай, сол кісінің әңгімесін тыңдағымыз келетін. Жарықтық, бір келгенінде желдей есіп отыр екен. 

       – Бірде пойызда келе жатып, орыстармен ерегісіп қалдым. Екі сөзге келген жоқпын, «ер болсаңдар қазір пойыз бірінші тоқтаған бекеттен жерге түсіңдер» дедім. Олардың да іздегені төбелес екен. Алайда, біз мінген пойыз бекетке жетпей, айдалаға тоқтады. Соған қарағанда алдынан пойыз шығып қалды-ау, деймін. Жерге бірінші мен қарғып түстім. Аналар жерге түсіп болам дегенше қойны-қонышымды тасқа толтырып алдым. Олар секіріп түсе береді, мен түскен-түскенінше таспен ұра беремін. Ақырында әлгілер тым-тырақай қашты. Тас тиіп өлгендерінің өзі он жеті еді, – деп бір-ақ тоқтаған болатын, жарықтық.

    Одан кейін де қанша өтірік естідік, бірақ, соның бірде-біреуі бала кезде Байсақал көкемізден естіген өтіріктей әсерлі болған емес. Жанымызға дәл сондай маза берген емес.

       Бүгінгілер өтіріктің де қисынын тауып айта алмайды. Бұрынғы өтіріктерге өлердей күлсең, бүгінгі өтіріктерге өлердей жылайсың. Қазір «өкіметский» өтірік болмаса жеке адамдардың өтірігін мүмкіндігінше тыңдамауға тырысамын. Өкіметтің өтірігі ғана біздің баяғы Байсақал көкеміздің өтірігіне ептеп ұқсайды. Алайда, Байсақал көкеміздің өтірігі зиянсыз өтірік еді. Ал, мына өкіметтің өтірігі…

       Десек те, біздің өкіметтің өтірігі де Байсақал көкемнің өтірігіндей әсерлі, дәмді. Әсіресе теңге девальвацияға ұшыраған кездегі өтірікті айтсаңызшы! Әсіресе сол өтіріктің ішіндегі «уайымдамаңдар, қайта девальвация зиянға емес, пайдаға шығады. Ешнәрсе де қымбаттамайды. Нанның осы бағасы – баға. Бәрі біздің, яғни өкіметтің бақылауында болады» деген жері ше?! Тіпті, Үкіметтің мүшесі, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің аузынан шыққан сөз ше? Естеріңізден шығып кетті ме? Онда сол бір күнге бір сәт шегініс жасайық. «Со стороны стоимости зерна и муки оснований для повышения (стоимости) хлеба нет» сказал Мамытбеков в ходе совещания в правительстве во вторник. По словам министра, особых опасений также нет по посевным кампаниям. «Сельхозкультуры планируется разместить примерно на 1,5% больше, чем в прошлом году, на 21,8 миллиона гектаров, из них площадь весеннего сева 19 миллионов гектаров» пояснил Мамытбеков».

       Иә, бұл сөздерді ешкім де Мамытбековтің тілінен тартып айтқызған жоқ. Байсақал көкем терлеп-тепшіп, шайға қанып отырғанда өтірік айтқысы келіп бара жатқанда айта салушы еді ғой, соған ұқсас кепте айтқан әңгімесі, бұл.

       Мамытбековтің осы бір жанға шуақ шашатын әдемі өтірігінен бері арада төрт айдай уақыт өтті. Бүгінде Астанада нан қымбаттады. Астанадан кейін Қазақстанның барлық аймағында нан бағасының қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы «Нұр.КZ» порталы хабарлап отыр.

      Өкімет қымбаттамайды деп сендірген нан неге қымбаттады? Қазақстан астық өндірушілері мен нан пісірушілері одағының президенті Евгений Ганның пікірінше оған бірінші кезекте Үкіметтің өзі кінәлі. «Шенеуніктер сөзінде тұрмайды. Ақпанда теңге құнсызданғаннан кейін жергілікті атқарушы орган наубайханалармен нанның бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қойған болатын. Өз кезегінде Үкімет кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін субсидия төлейміз деп уәде берген. Алайда, тиісті құжатқа қол қойылғаннан кейін төрт ай өтсе де әлі күнге бір тиын төленген жоқ».

       Девальвациядан кейін 1 тонна бидайдың құны 28 мың теңгеден 45 мың теңгеге бір-ақ секірді. Осыны біле тұрып наубайханашыларды не деп кінәларсың.

     Р.S. Шүкір, біздің халық анаған да, мынаған да көзінің жасын көл қылып жылап отыратындардан емес. Нан қымбаттапты. Онда тұрған не бар екен?! Ел аман болсын! Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз. Сол нанның қымбаттағанынан өз басым ешқандай уайым көріп отырған жоқпын. Көппен көрген ұлы той. Менің уайымым марқұм Байсақал көкеміз елге анекдот болып кетіп еді. Біздің өкімет те анекдот боп кетпесе екен деген уайым ғой, менікі.

                                                                                                Абай БАЛАЖАН

Яндекс.Метрика