2024-09-21

«Құдайға хат» драмасының премьерасы

 

tories/30112019-6.jpg» border=»0″ />

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында француздық жазушы-драматург Эрик Эмманюэль Шмиттің «Оскар және Роза ханым» романы бойынша «Құдайға хат» трагедиясының премьерасы өтті. Өмірді бағалауға үндейтін бұл шығарманың сахналық нұсқасын жасаған қоюшы режиссері — театр жетекшісі Алмас Бауыржанұлы.

Қойылым он жасар баланың бүкіл өмірін қалған он екі күнге қалай сыйдырғаны жайында. Айықпас дертке шалдыққан Оскар өзіне ұқсас балалармен бір ауруханада жатады. Операция өмірін аман алып қала алмайтындығын түсінген Оскарда өмір жайлы көптеген сұрақтар пайда болып, тым тұнжырап кетеді. Сонда ол өзіне екі күнде бір келіп қарап кететін Роза апаймен ойларымен бөліседі. Кішкентай баланың сұрақтарына жауап таба алмай, не айтарын білмеген Роза апай оған жаратушыға хат жазып көру жайлы ұсыныс айтады. Бірақ бала құдайдың да аяз ата секілді ойдан шығарылған бір нәрсе екендігін айтып, бас тартады. Дегенмен, жасы зейнет жасынан асып кеткен күтуші апай өзінің өмір жолын айтып беріп, құдайдың құдіреттілігіне баланы сендіреді. Осылайша кішкентай Оскар хат жаза бастайды. Басында не жазарын білмеген бала өзінің ішкі сезімдерін ғана түртіп жазып, құдайдың мекен-жайын таба алмай, хаттарды бөлмесінің бір бұрышына іліп қоя береді.

Бір күні әңгіме барысында Оскардың бұл өмірде тек он екі күні қалғандығы аңдаусызда Роза апайдың аузынан шығып кетеді. Бірақ, баланың көңілін түсіріп алмас үшін ол әр күннің он жылға тең екенін айтады. Осылайша, Оскар өзінің он мен жиырма жас аралығындағы өмірін сүре бастайды. Әр күнде өзінің қызығы мен проблемасы қатар жүреді. Мысалы, бозбалалық ғашықтық сезім мен қателігі. Одан кейін үйлі болып, жауапкершілік алуы. Отыздан асқандағы отбасылық проблема мен жалғыздық. Осылайша күндер өтіп, соңында Оскар «жүз отыз жасқа толғанда», өмірмен қош айтысады. Баланың ақ көңілдігі мен өмірге құштарлығы айналасындағылардың да көзқарасын өзгертеді. Басты кейіпкерлерден бөлек сахна ортасында баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқандығын, санасы ақпаратты қалай қабылдайтындығын бірнеше актер өз қимылдарымен көрсетіп тұрады. Кішкентай Оскарды үмітсіздік билегенде ойлары оны сыртқа қарай жібермей, ал қуанғанда шаттанып билеу секілді қара түсті киінген бұл актерлардың ойыны ерекше әсер сыйлайды.

Айжамал МАХАШОВА

Яндекс.Метрика