2024-07-27

ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰРДАСЫ

Елімізде 1955 жылы 19 қазан – «Құтқарушылар күні» бекітілген болатын. Осы жылдар аралығында өрт сөндіруші және құтқарушыларымыз талай жанға қиын кезде көмек қолын созып, өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Бұл салаға мойын бұрған, қызығып, осы жолды таңдаған жастардың  саны да артып келеді.

Солардың бірі — Ерболат Нарбекұлы Есенбек. Ол Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет етеді. Сондай-ақ, құтқару қызметінің құрдасы.

Ол  1995 жылы 24 тамызда  Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Кенесарық ауылында дүниеге келген. Жалпы мектепті тәмамдап, Отан алдындағы борышты да өтеп келген соң өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасады.

«Қиын және жауапкершілігі жоғары жұмыс екенін білсем де жүрек қалауы осы қызмет болды»,-дейді Ерболат. Тәртібі мықты тәлімгерден тәлім алып, қазіргі таңда біраз тәжірибе жинақтап та үлгерген жас маман бұл мамандықты таңдағанына өкінбейтінін айтады.  Өзі белсенді. Қызметінде үнемі мақтау естіп жүрсе де Ерболат  өзін салмақты ұс­тайды. Жан-жақты қабілетті, адамгер­шілігі мол жанды әріптестері де ерекше құрмет тұтады.

«Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» дегендей, бойында өрт сөндірушіге тән мықтылық пен қайсарлық бар Ерболат әнді де өте әдемі орындайды.  Дауыс тембрі тыңдаған адамды тебірентпей қоймайды. Бұл өнерді бала кезінен хоббиге айналдырған ол ерекше дауысымен  қазір де  мекемеішілік  түрлі іс-шараларда әсем әуендерді орындап, әріптестерін таң қалдарып та жүр. Сегіз қырлы, бір сырлы деп дәл осындай жандарды айтсақ болады.

Бұдан кейін де сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын өрт сөндіруші өз антына адал, міндетіне берік болатынына  кәміл сенеміз.

 

А. ТОЛТАЕВ

Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі

 

 

 

Яндекс.Метрика