2024-09-20

Қызылкөпір әке махаббатының символы секілді

Өңіріміздегі ХІХ ғасырдың жарқын бір ескерткіші – Қызылкөпір. Аты айтып тұрғандай, көпірдің түсі қызыл болғандықтан солай аталған. Қазіргі Бәйдібек ауданының Екпінді ауылы маңындағы Бөген өзені үстіне салынған. Бұл нысанның құрылысы өз заманында тек қазақ даласы ғана емес, жалпы Орта Азиядағы қайталанбас құбылыс саналып, ерекше жаңалық болды. Халықтың айрықша ықыласына бөленді. Құрылыс кезінде ешбір дәнекерлеу пайдаланылмай, кесілген болат кескіндер тойтарма (клепок) байланыстармен құрастырылған. Тағы бір ерекшелігі, ұзындығы 34 метр болатын көпірдің өзеннің екі жағалауындағы тіректері кірпіштен өрілген. Кірпіштер еш бұзылмай, бүгінгі күнге жетіп отыр.

tories/0kyzy.jpg» border=»0″ />

Бұл нысан Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның есімімен тығыз байланысты. Аты аталған генерал-губернатор 1879 жылы Бөген өзенінің жарлауыт қабағынан көпір салу туралы бұйрық береді (Уз. ССр, фонд 17, опись1, ед. Хр. 25477 «О престройке моста через Бугунь» — 1879г.). Оған дейін бұл маңда тозығы жеткен ескі ағаш көпір болған. Көпір құрылысы бұйрық шыға салысымен іске аса қоймаған. Араға 7 жыл салып, генерал-губернатор Н.А.Розенбахтың тұсында ғана құрылыс толық аяқталады. Құрылыс кіші инженер Петровскийдің басшылығымен жүргізілген.

Көпір құрылысының болат материалдардан жасалуына қатысты ел аузында бір аңыз бар. Аңызда Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман ерке қызын ұзатып, бал айында Тәшкеннен Түркістанға күймемен сапарға шығатыны айтылады. Сапарға шыққан жастар 3 күн жүріп Шымкентке жетеді де, ары қарайғы 4 күндік Түркістан қаласына сапары кезінде Бөген өзенінен өтетін өткелде қиындыққа ұшырайды. Қызы әкесіне болған жайды баяндайды да, сол жерге бекем көпір салуды өтінеді. Қызының өтінішін орындау үшін сонау Петербордан инженерлерді алдырады да, болаттан көпір салдырып, қызының құрметіне қызылға бояпты дейді аңыз. Суы мол, көктемде өткел бермес Арыс, Бадам секілді өзендерге емес, жазды күні суы азайып қалатын Бөгенге көпір салудың астарында аңызда айтылатын жеке себептер болуы мүмкін.

Бұл көпірдің Ресей империясының Қазақстан мен Орта Азияны отарлау кезеңіндегі маңызы ерекше болды. Көне сауда жолдары негізінде пошта байланыс жолдары белгіленіп, бекеттер ашылып жатқан тұста империяның еуропалық бөлігіндегі әскери күштерін Түркістан өңіріне тартуда елеулі рөл атқарды. Сондай-ақ, жергілікті көшпелі халықтың да тұрмыс тіршілігінде, сауда байланыстарында өзіндік орны еселене түсті. Осылайша екі жақ үшін де стратегиялық маңызға ие нысанға айналды.

Көпір патшалық дәуірден кейін де, ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін қызмет етіп келген. Кеңес одағының тонналап жүк артқан ірі жүк көліктеріне шыдас бергеніне қарағанда, әлі де маңыздылығын жоғалтпаған. Тек 1970 жылдары ғана Самара-Шымкент автожолы қайта құрылымдалған сәтте жаңа көпір салынып, қара нар – Қызылкөпірдің бел омыртқасы тіктелгендей болды. Бүгінгі күні бұл нысан әлі де пайдалануда. Бірақ, қазір зымыраған көліктер өтпейді, тек жаяу жүргіншілер ғана ауыл мектебіне қатынайтын өткеліне айналдырған. Нысан тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған.

Аталған ескерткіштің айналасын абаттандырып, көлік тұрақ орнын реттеп, талапқа сай қоғамдық тамақтандыру және орналастыру орнын ашса, ары-бері ағылған туристер легін бір сәтке аялдатуға болады. Халықтың бұл нысанға деген құрметі бөлек. Себебі, ел аузында Екпінді ауылын әлі күнге ресми атауымен емес, «Қызылкөпір» деп атайды. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі автожолымен жолға шыққан жолаушылар «Қызылкөпірдің балығынан дәм татайық» деп арнайы ат басын бұрып жатады.

Қызылкөпір маңынан өткен сайын көз алдыма тұрмысқа шыққан қызының соңғы өтінішін орындау үшін һәм жасау-жабдығы ретінде болаттан көпір салдырып жатқан әкенің әрекеті елестейді де тұрады. Әке махаббаты деген ерекше құдірет емес пе? Қызылкөпір әке махаббатының символы секілді көрінеді.

С.ҚҰДАБАЙ

Яндекс.Метрика