2024-09-20

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕН БАСТАУ АЛАДЫ немесе АУЫЛ болып Астанаға аттанды

tories/001expo.jpg» border=»0″ />

Бүгінде елімізде қандай да бір бағдарлама жасалмасын «Мәңгілік ел» идеясы аясында өрбіп жатады. Соның бір мысалы ретінде «Туған жер» бағдарламасының көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болып, жүзеге асып жатқанын айтуға болады.

«Егемен Қазақстан» республикалық газетінде шыққан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру барысының тағы бір бағыты ретінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын.

Туған жері мен елінің дамуын өз міндеті санап, үлесін қосуға дайын тұратын елжанды азаматтардың арқасында еліміз аңсаған «Мәңгілік ел» бола алатынымызға Елбасымыздың өзі сеніммен қарайды. «Мәңгілік ел» болуға деген ұмтылыс туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатыны да шындық. Ортамызда туған жеріне асқан бір ілтипатпен қарап, оның дамуына үлес қосуды міндеті санайтын азаматтар аз емес. Солардың бірін бізде танып –білдік, енді оқырманымызды таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Қолдың ашықтығы, қайырымдылық және жақсылық атаулы – жомарттыққа тән қасиет деп жатады ғой қазақ халқы.Сондай жаны жомарт жандардың бірі Төлеби ауданы, Қоғалы ауылдық округі «Диханкөл» елді мекенінің азаматы – Зауытбек Қарабеков. Ауылдағы қарапайым халыққа Ел жүрегі Астананы көрудің өзі арман. Бар болса бұйығы тірліктен босап шыға алмайды, жоқ болса қаражат мәселесі ойландырады. Бар тапқанын баласының аузына тосатын қазақы мінезбен өз арманын тізгіндеп, баласына жол ұсынып жүрген қаншама замандастарымыз бар. Зауытбек мырза жол салған жоқ, жоқ-жітікке азық-түлікпен де көмектеспеді осы мәселені шешті. Өзінің ауылдастарына «ЭКСПО-2017» көрмесіне билет сатып алып берді. Сондай-ақ, ауылдастарының сонау Сарыарқа төріндегі бас қаламызды көріп келудің жол қаражатын да өз қалтасынан төлеп берді. Осылай ауылдан көшіп кетсе де ауылын, елін, жерін,жерлестерін ұмытпағанына көптің көзін сөзбен емес іспен жеткізді. 20 тамыз күні Диханкөл ауылынан таңғы 8.00-де автобуспен көрмені тамашалауға аттанған делегация құрамында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жалпы саны 50 азамат болды.

«ЭКСПО дегеніміз әлемдік деңгейдегі өте ауқымды іс-шара. Елбасымыздың арқасында елімізде осындай әлемдік деңгейдегі іс-шара өтіп жатыр. Еліміз үшін маңызы жоғары. Біздің буын мұндай көрмені кейін көре ме, көрмей ме, белгісіз. Сондықтан осы тарихи сәттен ауылдастарым да шет қалмасын деп осындай шешім қабылдап отырмын. Бүгінде балаларым Тараз қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ауылдағы азаматтардан түскен өтінішті жерге тастамай барынша қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Өзім сол ауылдың тумасымын, сонда туып-өстім, бірақ оқу дедік, жұмыс дедік ауылдастарыммен аса көп араласа алмай қалып едім. Бірақ, менің жүрегім қашанда ауыл деп соғып тұрды. Міне, қазір теңізге тамған тамшыдай болса да ауылдастарыма көмек беріп, аз да болса сол жандарды қуантуға септігім тиіп жатқанына өзім шынымды айтайын қуанып, ерекше сезімде болып тұрмын. Ауылдастарымның айтып жатқан алғыстарына мың рахмет. Ақ жол аман-есен барып қайтуларына тілектеспін», — деп ағынан жарылған Зауытбек Қарабеков мырза әлем көз тіккен көрмеге аттанған ауылдастарына ақ жол тілеп қалды.

Шымкент қаласындағы Қапал батыр ескерткіші жанында естелік суретке түскен ауылдықтар үлкен қуанышпен Астанаға жолға шықты. Қоғалы ауылдық округінің әкімі Жеңіс Опышев ауыл тұрғындарына сәтті сапар тілеп, Зауытбек Қарабековке тұрғындар атынан рахметін айтты.

Осынау игі істің басы-қасында жүріп біз де, Астана қаласына Қоғалы ауылдық округі Диханкөл ауылының азаматтарымен бірге барып қайттық. Жол бойы көлік ішіндегі ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар осындай мүмкіндік сыйлаған Зауытбек ағаның азаматтығын жыр ғып айтып, «Қайырымды жүрек қартаймайды деген бар. Лайым аман жүрсін,» деп тілек те тілеп жатты. Осынау игілікті істің ұйымдастырушысы боп басы-қасында жүрген Төле би ауданы, Қоғалы ауылдық округі әкімі Жеңіс Опышевке де алғыстарын жаудырып жатты.

Ал, әлем көз тіккен ЭКСПО – 2017 көрмесін көріп, аралап шыққаннан кейінгі төлебиліктердің көңіл-күйлері тіптен керемет еді. Болашақтың энергиясына деген әр елдің өзіндік көзқарасы, «Нұр Әлем» шарындағы керемет дүниелерге таңданыстарын жасыра алмады.

Дана халқымыз «туған жерге туың тік» деп бекер айтпаса керек. Осындай шараға жомарттық танытқан Зауытбек ағаларының азаматтық ісінен үлгі алған жас жеткіншектер, болашақта еліміздің өркендеуіне, көркеюіне үлкен үлес қосып, ұлтжанды патриоттар болып өсетініне сеніміміз мол. Ұлтжанды, патриот жастар мәңгілік ел болуымыздың ең басты кепілі екені шындық! Лайым жаны жомарт жандар азаймасын.

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Яндекс.Метрика