2024-09-22

Құтқарушылар — қайсар жандар

Құтқарушылар күн сайын ерлік істер жасайды. Алайда, оны өздері жұртқа мақтан еткісі келмейді. Өйткені, бұлар оны тиісті міндет деп қабылдайды. Ал қарапайым адамдарға құтқарушылардың әр еңбегі үлкен ерлікпен пара-пар. Біреу бір адамды кездейсоқ құтқарып қалса, бүгінгі күннің батыры деп марапатқа ұсынылады. Ал төтенше жағдай қызметінің мамандары әр күні осындай батырлық жасауда.

Сондай батыл құтқарушылардың бірі – Бегжанов Темур. Темур Кеңесбайұлы Шымкент қаласындағы жедел-құтқару жасағында құтқарушы қызметін атқарады. Бұл салада 14 жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан құтқарушы  адамдарды судан да, таудан да, тіпті боранды күндері де қар құрсауынан құтқарып жүрген кәсіби маман.

Ол өзінің шеберлігін бұл жолы да дәлелдей алды. Шымкенттік құтқарушыларға қарлы боранда жолға шығып, қалып қойған Түркістан облысындағы жолаушыларға  көмек қажеттігі туралы ақпарат келіп түседі.  Бәйдібек және Созақ аудандарында қалың жауған қардың құрсауында қалған жандарға тез көмек қолын созуға жедел-құтқару жасағынан Бегжанов Тимур бастаған құтқарушылар жоғары жүрісті көлікпен  аттанып кетті. Межелі жерге жете сала түркістандық әріптестерімен бірге омбы қардың тұсауында қалған Таскөмірсай асуында 10 адамды, оның ішінде 2-уі  бала және Одаман бұлақ асуында 12 адамды, оның ішінде 5-уі бала  Таскөмірсай ауылындағы  жылыту пунктіне жеткізді. Бет қаратпайтын боранға қарамастан құтқарушыларымыз құтқару жұмыстарын жалғастырып, Шымкенттік құтқарушылар Бәйдібек ата елді мекенінен аудан орталығына шамамен 14 жастағы науқас жасөспірімді жеткізді.

Шымкент қаласына тұрақты орналасу орнына қайтып келе жатып, жол бойында құтқарушылар көрші елді мекенге бара жатқан, алайда ауа-райының қолайсыздығынан одан әрі жүре алмай жолда қалып қойған атқа мінген қарт кісі мен баланы тауып, көрші ауылға аман-есен жеткізді.

Осылайша, қайсар  құтқарушылырамыз бір күн ішінде қаншама жанға көмек қолын созды. Олар құтқарушы болу оңай емес екенін білсе де, өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Сондықтан, олар әрдайым көмекке  дайын.

О. Тұрбаев  

Шымкент қаласы  ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығының орынбасары, жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика