2024-09-21

«Кереку» атауы қайтарылсын!

Тарихи атау

Фейсбук әлеуметтік желісінде тарих тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев  Кереку атауына байланысты  пікірін жариялады. Ғалымның айтуынша «Кереку» орыс сөзінің  қазақ тіліне бейімделген нұсқасы дейтіндер қатты қателеседі. Себебі тарихи деректер Кереку аты алғаш қағазға түскенде бұл өңірде орыстардың ізі де болмағанын көрсетіп отыр. Керекуге  Коряковтың мүлдем қатысы жоқ.

tories/11112019-7.jpg» border=»0″ />

 

Жамбыл Артықбаев

Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Фейсбук әлеуметтік желісінде өзім құрмет тұтатын ақын Арман Қани ағамыз «Кереку – Коряков емес» деп маңызды әңгімені бастап жатыр екен. Мәселе келер жылы болатын Коряков форпостының тойы туралы, сонымен бірге Кереку атын жаңғырту. Енді Арекеңнің өзіне сөз берейік:

«Павлодар қаласын қазақтар әлі де «Кереку» деп атайды. Патшалық-кеңестік кезеңнің деректерін басшылыққа алған тарихшылар мен өлкетанушылар мұның сырын өздерінше түсіндіреді. Олардың пайымдауынша, ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде Н. Коряков деген біреу Ресейдің Тара қаласынан қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерге келіп қоныс салған көрінеді. Сол елді мекенге кейін, 1720 жылы орыс әскерлері тұрғызған форпост Коряковтың құрметіне Коряковский аталыпты. Кереку болса – Коряковтың қазақша нұсқасы екен.

Ол кезде қазақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ғана мекендепті, тек 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» кезеңінде қалмақтардың тықсыруымен Сыр бойынан Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріне ауып келіп, тұрақтай бастапты. Демек, қазіргі Павлодар облысының аумағы – қазақтардың тарихи мекені емес, ежелгі орыс жері…

Сондай қорытынды шығарғанымен, Коряковтың өмір сүрген жылдары, отбасы, ұрпақтары, әріптестері жөнінде бірде-бір дерек келтіре алмайды. Тіпті кәсібін де нақты айта алмайды, саудагер, жүзбасы (сотник), тұз өндіруші, қала салушы деп түрліше атайды. Бірақ ХҮІ ғасырда Сібір хандығы жерін жаулаған атаман Ермактың (1532-1585) өмірбаянына келгенде олардың еш кідірмейтіні анық.

Мұның өзгеше сыры бар. Өйткені, Коряков деген адам бұл өңірде мүлде болмаған, ойдан шығарылған аңыз кейіпкері. Тарихи бұрмалауды тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев әшкерелеп, шындықтың басқаша екенін ғылыми негіздеп дәлелдеді. Жерлес ғалым орыс картографы, географы және Сібір тарихшысы әрі жылнамашысы Семен Ремезов 1699-1701 жылдары құрастырған «Сібірдің сызба картасын» («Чертёжная книга Сибири») Омбыдан алдыртып, талдау жасады. Онда қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жер «Коряков Яр» түрінде картаға түсірілген. Одан соң Коряковский форпосының Коряков Яр деген жерге салынғанын айғақтайтын деректер тапты. Егер карта дайындалған ХҮІІ ғасырда өңірді орыстар қоныстанбағандықтан орысша атаулардың болуы мүмкін еместігін ескерсек, «Коряков Яр» сөзінің төркіні «Кереку жар» екенін байыптаймыз. Ал «Кереку» – Махмұд Қашқаридың (1029-1101) «Түркі тілдерінің сөздігіне» енген «үй», «кереге» деген мағына беретін көне түркі сөзі екені белгілі…»

Осы тақырыпты бастағалы да міне бір мүшел болды. Ертіс өңірінің тарихы жер-су атауларында алтын әріппен жазылған. Сондықтан, мен Ертіс бойы топонимдерін «тарихи резервуар» деп жүрмін. Кереге жар-Кереку жар, Сырлы қала, Ақсарай, Қалабалғасын, Желі өзен-Железен, санай берсең толып жатыр. Арекең Кереку мәселесін дұрыс көтеріп жатыр, егер қазір қимылдамаса ертең ел 1720 жылы орыстың келгенін тойлайды. Бейбіттің жазып жатқаны да дұрыс, бүкіл қазақ әдебиетіндегі Кереку атын қайта көтеру керек, Естай, Майра т.б. әндеріндегі Кереку, тағы басқасы. Қырдың елі бұл қаланы әлі де «Кереку» деп атайды, басқа керемет әдемі ат берсе де Кереку – Кереку болып қалады! Менің ойымша, халықтың көзіне жиі түсетін ресторан, кафе, қонақ үйлерге, базарларға «Кереку», «Сырлы қала», «Ақсарай» аттарын берген дұрыс! Менің «Кереку қызы» деген әнім бар еді, соны айтатын әнші болса, міне, бердім. Ғылыми конференция өткізер болсаңыздар, барамын. Уәде осы болсын!


Яндекс.Метрика