2024-07-27

«Біздің қыздарымыз келіндер институтына түсуге дайын»

             Көктем мезгілі жер бетіндегі барлық тіршіліктің оянып, жаңарып адамдардың да көңіл-күйі жасаратын кезі. Табиғаттың осы бір құдіретін әркім өзінше қабылдайды. Көктемнің лебін ерекше сезінетін жандардың бірі көз жанарынан айырылған жандар. Таң қалмаңыз. Олар өздерін осы қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді. Олардың көзі көрмегенімен жүрегі көреді. Нақ солай. 8-наурық халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында Шымкент қаласындағы ОҚО көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында зағип арулар арасында «Сұлулықты көзбен көрме, жүрекпен көр» атты облыстық байқау өтті. Қатысушылар зағип болғандықтан байқаудың ережелерінде де ерекшелік болды. Жүректің сұлулығын көрсетуге келген арулар 6 сайыс бойынша бақ сынады.

           Айрықша өткен «Көктем аруы» байқауына ОҚО Шымкент қалалық оқу-өндірістік кәсіпорынның директоры Пірімжанов Марат Аханұлы, арнайы кітапхананың бөлім меңгерушілері Тұранбаева Ұлбике Мутанқызы, Тұяқбаева Назиля Тұрабайқызы Қазылық жасады.

          Байқауға,  жеке кәсіпкер Сыздықов Жұманәлі Мұсаәліұлы демеушілік көрсетті.

          Байқау қызықты да тартымды өту үшін, оны алға алып баратын жүргізушілер оқырмандар арасынан таңдалып алынды. ІІ-топтағы көз мүгедектері Каттабекова Гүлсара мен Мухамадаминова Набира белсенді көрінді. Іс-шара басталысымен-ақ жүргізушілер аруларды ортаға шақырып оларды өз-өзін таныстыру тапсырмасын берді. Арулар өздерін таныстыру барысында шыққан тегін, келген ауданын, әке-шешесін, өздерінің хоббиін тағы басқа жан-жақты мәліметтер беріп отырды. Іс-шара жоспары бойынша көрермендерді жалықтырып алмау үшін осы байқауға келген қонақтар сөзге тартылып, олар өздерінің әкелген сый-құрметтерімен әндерін ұсынып жатты. Жетісай қаласынан келген ІІ-топтағы зағип ақын Бакиев Ербек өз жүрегінен шыққан «Қыздарға» атты өлең жолдарын оқыса, Қазығұрт ауданынан келген ІІ-топтағы зағип әнші Тайров Рүстем «Іздеме» әнін орындап, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.  Байқаудың екінші және үшінші айналымында біз арулардың әділқазылар алдына әкелген тамаша қолөнер бұйымдарына куә болдық. Кентау қаласынан келген І-топтағы зағип қатысушы Қожамұратова Құралайдың әдемі кестелі орамалы , Түлкібас ауданынан келген І-топ көз мүгедегі Амангелді Әсемнің су моншағынан тізілген бонзай гүлі, Сайрам ауданынан келген І-топ көз мүгедегі Умаралиева Мамураның сәнді тоқыма қалпағы сәнді ғана емес сапалылығымен көз тартты.Өнер сайысында ортаға шыққан арулар біріне-бірі өтіп тұрды. Мәселен, Умаралиева Мамура өзінің өзбек ұлты екендігіне қарамастан қазақ тілінде С. Байкенжиеваның «Мені сағынғанда» атты өлеңін мәнерлеп оқып, көрермендердің тұла бойын бір шымырлатып тастады. І-топтағы көз мүгедегі Тайтелеева Ақжүніс қос ішекті домбырада И.Сапарбайдың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты әнін нақышына келтіріп орындап берді.

           Байқаудың басты мақсаты арулардың жан-жақтылығын дәлелдеу болатын. Сондықтан іс-шараның келесі талабы сұлулардың біліктілігін сынау болды. Білім додасына түскен арулар әрқайсысы 6 сұрақпен 5 мақал-мәтелдің жалғасын айтып берді. Қойылған сұрақтар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен әдет-ғұрыптарын өмір тынысын қамтыса, мақал-мәтелдер қазақ қоғамындағы қарым-қатынастарды жақсылық пен жамандықты кедейлік пен байлықты және тағы басқа мәселелерді қозғап отырды. Бұл жерде де сұлулар тер төгіп біреуі алға шығып жатса, ал біреулері қобалжу мен толқу үстінде кейбір жауаптардан қалып жатты. 

          Әйел отбасының берекесі екені айдан анық. Сондықтан байқауда, дастархан әзірлеумен тағам дайындауға да көңіл бөлінді. Бұл айналымда арулар белгіленген уақыттың ішінде картоппен сәбізді ашып, дастарханға қойылатын жемістерді әдемілеп қою керектін. Әрине, бес саусақ бірдей емес оның үстіне қатысушылардың көздерінің мүлдем көрмейтіндігін ескерсек, біреулері тапсырманы аса жылдамдықпен орындаса, ал басқа біреулері уақытын дұрыс пайдалана алмай жатты. Бұл айналымнан байқағанымыз арулардың келін институтына толық дайын екендігін анықтадық. Алла әйелді сұлулық үшін жаратқан деп жатады, келесі айналым осы сөзді толық растайтындай.

          Енді бір сәтте  талғам таласқа түсті. Жүрегі сөйлеген арулар сән үлгілерін көрсетуге кірісті.  Қатысушы арулар өздерінің жұртшылыққа көрсеткен сән үлгілерімен және әсемдігімен көзге түсті. Мысалы Сайрам ауданынан келген Умаралиева Мамура жұртшылықты әдемі сәнді стилімен ерекшеленген көйлегімен таң қалдырса, Ермаханова Мадина қазақ қызына тән классикалық стильде нәзіктілігімен инабаттылығын суреттейтін көйлегімен көрінді. Бұл айналым «Сұлулық әлемді құтқарады» деп аталды. Маған, осы айналымдағы көрсетілген әдемілік пен сәнділік осы арулардың қараңғы өміріне сұлулықтың сәулесін жарық еткізгендей әсер қалдырды. Осы айналымнан соң оқырмандар арасында кімге қандай орын бұйырар деген қызу пікірталас туды. Әрине, сөздің соңғы нүктесін әділқазылар қойды. Барлық орындарға ақшалай сыйлықтар тағайындалды. І-орынға 10 000 теңге, ІІ — орынға 5000 теңге, ІІІ-орынға 3000 теңге. Сонымен ІІІ-орын Түлкібас ауданынан келген Амангелді Әсемге бұйырса, ІІ-орынды Сайрам ауданынан келген Умаралиева Мамура алды. Ал І-орын Сарыағаш ауданынан келген Ермаханова Мадинаға бұйырды. Басқа қатысушы аруларда құралақан қалған жоқ. Оларға да ынталандыру сыйлықтарымен алғыс хаттар берілді. Кітапхана бюджеттік ұйым болғандықтан мұндай іс-шараларға бөлінетін қаржы қарастырылмаған. Сондықтан осы байқауға бас демеуші болған жеке кәсіпкер І-топтағы көз мүгедегі Ж.Сыздықов және Облыстық кәсіподақ комитетіне барлық оқырмандардың атынан және ұжымның атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Әдеттегідей іс-шараға жергілікті БАҚ өкілдері шақырылып, сол күні сайыс «Қазақстан-Шымкент», «Отырар» телеарналарының жаңалықтар бағдарламасынан көрсетілді. «Көктем аруы» көрмесі ұйымдастырылды.  Сұлулыққа таң қалудан жалықпайық достар! 

ОҚО арнайы кітапханасының тифлобөлім  меңгерушісі С.Катишев   

Яндекс.Метрика