2024-09-20

Көркем ескерткіш қалай жоғалды?

Егер, Ескі қаладағы Жәми мешітті, тарихи цитадель-қалажұртты, «Сайрам» тұрғын алабындағы ескерткіштерді қоспағанда, Шымкент қаласында көне ескерткіштер көп емес. Десек те, Ордабасы алаңына жақын Қошқар ата өзені жағалауында осындай көне ескерткіштерге қосуға болатын ескерусіз бір кесене тұр. Ол – қаладағы көрнекті тарихи ескерткіштердің бірі, Қошқар ата кесенесі.

tories/0k.jpg» border=»0″ />

Бұл жерде мәңгілік тыным тапқан кісі туралы сенімді жазба ақпараттар сақталмаған. Дегенмен, халық арасында ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көптеген аңыздар бар. Соларға сенсек, Қошқар ата ерекше рухани жетістікке жетіп, «құран мен хадистерді жатқа білген, халықтың ерекше құрметіне бөленген және қазы болып сайланған» кісі болыпты деп сипатталады. Сондай-ақ, Қошқар ата Ахмет Яссауидің шәкірті деп саналады. Аңыздың айтуынша, ол өзінің ұстазына құрметпен қарап, еңбектерін мұқият оқыған.

Әйтсе де, шипалы бұлақ көздері осы әулиенің кереметімен пайда болып, кейіннен осы маңға халық қоныстана бастағаны туралы басқа да аңыз нұсқаларында айтылады. Бұл аңызға сенсек, Шымкенттің тарихы 2000-нан астам жылға тереңдейтіндіктен, Қошқар атаның өмір сүрген заманы тіпті сонау Ескендір Зұлқарнайынның дәуіріне тамыр тартып кетуі мүмкін.

Әулие кесенесі о баста бұлақтар үстіндегі тік беткейде орналасқан екен. Тіпті, оның көрінісі қандай болғаны туралы ескі фотосуреттер сақталған. Шамамен 60 жылдай бұрын Қошқар ата қабірі вокзал маңындағы осы заманғы құрылыстарды жүргізу кезінде тура көп қабатты үйлер арасында қалып қойды. Сол кезде әулие қабірін өзен арнасымен төмен қарай бір жарым шақырым қашыққа қайта жерлеу туралы шешім қабылданыпты. Ескі кесенені кірпіштеп бұзып, қайта жерленген Қошқар ата әулие қабірінің үстіне жаңасын қалаған. Өкінішке қарай, ескі фотосуреттерде жақсы көрінетін кесененің екі қапталындағы мұнаралары бұзылып, қайта қалпына келтірілмеген. Сонымен, көркем ескерткіш жоғалды.

tories/0ko.jpg» border=»0″ />

Айта кетейік, бұл орын бүгінгі таңда көпшілік зиярат ететін туристік нысанға қайта айналып келеді. Өзен жағалауы қала тұрғындарының жыл сайын Наурыз мерекесін тойлайтын демалыс орнына айналып, басқа ешбір қалада кездеспейтін «Қошқар ата сейілі» фестивалі тұрақты өткізілуде.

Қошқар ата өзен суының шипалы қасиеті туралы тараған аңыз тәрізді әңгімелер әлі де халық арасында көп. Сондықтан болар, қысы-жазы бұлақ суына шомылушылар толастамайды.

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Яндекс.Метрика