2024-07-27

МОМЫШҰЛЫНЫҢ БӘЙДІБЕКТЕГІ ЕРЛІКТЕРІ

Момышұлының Бәйдібектегі Ерліктері

 tories/momyshuly.jpg» width=»527″ height=»435″ alt=»momyshuly» style=»vertical-align: middle;» />

 Биыл 24-ші желтоқсанда қазақтың Бауыржаны 105-ке толады. Ол жазушы,Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Мәскеуді жауға бермеген қаһарман, Кеңес одағының батыры. Ол аңызға айналған адам. Оны халқы өте жақсы таниды, сөйте тұра өмір қырлары мен  адами сырларының ашылмаған тұсы әлі де көп.

Жас Бауыржан халықшылдығын 30-шы жылдардың өзінде-ақ таныта алған.Коммунистік партияның аудандық комитетінің  өкілетті уәкілі ретінде Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі ұжымдастыру шаруаларына белсенді араласқан. Бұл жергілікті халықты ашаршылық жайлап, жалмай бастаған уақыт еді. Бірақ  Момыштың ұлы  өзі биліктің  өкілдігін жүргізген елдімекендерде бірде-бір адамның аштықтан өлуіне жол берген жоқ. Бірақ оның өмірінің осы тұсы жайлы ешуақытта айтылған емес.

Бұл мақала ОҚО, Бәйдібек ауданындағы Ақбастау, Ақтас, Борлысай  ауылдарының тұрғындары және Абдрахман Мухитдиновтың балаларының естеліктері негізінде жазылды.

Кеңестер Одағының қанды оқиғасы дегенде еске бірден ашаршылық жылдары түседі. Бұл жария етілген нәубәт емес еді. Бірақ қазақтың санасына сіңбек тұрмақ, түсіне де енбеген колхоздастыру науқанын күштеп енгізу елдің санасында, тұрмысында тұралатып тастады.Азық-түлік қорын жинақтау деген қатыгез саясат елді бір күнде жеп отырған наны мен етінен айырып, есігінде тігерге тұяғын қалдырмады.Соңы ашаршылыққа әкеп, аштықтан милиондаған адам қырылды.

Елге сөзі өтетін азаматтар шетінен қуғындаудың құрығына ілініп, «қара тізімдер» пайда болды. Санасын аштық алмағандар атылып, тірідей тапталды.

Жиырмасыншы жүз жылдықтың алғашқы ширегі адам жұтатын «қорқауға» айналды, оның зардабы әлі күнге дейін жан сыздатады. Бірақ, сол кездің өзінде, сол биліктің ішінде  адамдық қасиетін бәрінен жоғары қойған азаматтар табылды. Олар қорқауға айналған қоғамнан жарқын болашақтың  сәулесін тарата білді. Сол жылдары бүгінгі Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау, Ақтас, Борлысай ауылдарын аштық жайлағанымен, адамын жалмай қоймады. Оған жол бермеген Жуалы Коммунистік партиясы аудандық комитетінің уәкілетті өкілі жас коммунист Бауыржан Момышұлы еді. (Бүгінде бұл аудан Жамбыл облысына қарайды).

 Аты аңызға айналған полк басшысының турашылдығы Қазақстан ғана емес, басқа іргелес мемлекеттерге де мәлім. Ал, адамды аштықтан арашалағаны беймәлім тұсы. Олай болатыны, бұл сол кездегі партияның ұстанымына да, саясатына да қарама-қайшы келетін. Неге екені белгісіз, бұл туралы Кеңес өкіметі қираған соң да айтылған жоқ.

Оқырманда Бауыржан мен Бәйдібек ауданының қандай қатысы бар деген сауалдың тууы заңдылық, сондықтан кішкене шегініс жасайық.

Жиырмасыншы ғасырдың 20-шы жылдарында жаппай аштықтың кесірінен Повольжеден мыңдаған адам Ташкентке қоныс аударады. Олардың арасында сауатты әрі белсенді жастар бар еді. Сондай мәжбүрліктен қоныс аударғандардың бірі уфалық Мұхитдинов болатын. Сауатсыздықпен жаппай күресіп жатқан уақыт. Осылай жас мұғалім оңтүстікқазақстандық тұрғындарды сауаттандыруға атсалысады.  Ташкеннен Бурныйға дейінгі елдімекендерде сауат ашу жұмыстарын жүргізеді. Азаматтық соғыстан кейін КСРО-да колхоздастыру басталғаны тарихтан белгілі. Жас мұғалім Абдрахман Гияситдинұлы Мұхитдинов Жуалы ауданының Алексеевка селосында «Бурное» атты артельдің құрылуына атсалысады. Үйленсем, бала өсірсем деген арман қайнаған қоғамның ортасында жүрген жас мұғалімде де болады. Ол тұрақты мекен ретінде бұрынғы Михайловка қазіргі Бәйдібек ауданындағы Борлысай ауылын таңдайды. Артель құру жыры мұнда да басталады. Жауапты жұмыстың жүгі аудандық партия комитетінің өкілетті уәкілі жас коммунист Бауыржан Момышұлына жүктеледі.

«Бурное» артелін құрушылардың бірі болған Бауыржан мен Абдрахманға  «Ақбастау» артелін құру аса қиындық туғыза қоймайды.Жандарында Бейсе Беласаров сынды  шаруа достары болады. Ол кезде артелдің шаруасының бәрі кешке дастархан басында талқыға түсетін. Артель мүшелері қандай малды сататынын, жем-шөбін қалай қамдайтынын бәрін-бәрін ортаға салып, бірігіп шешетін. Бұл ерекше артель еді. Оның баламасы Қазақстанда болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.Бұл артельдің ерекше болатыны, негізінде тарихта айтылатындай зорлық емес шаруалардың саналы талдауы жатты.

Көзкөргендер жаңа қоғамдастықтың қайырлы істерін балаларына жыр етіп айтып отырғанын көздері көргендер бар әлі арамызда. Еңбекақы  ешкі немесе қоймен бағаланатын үрдіс үзілмеген кез еді ол. Күні малға қараған, отырықшылыққа енді-енді еті үйрене бастаған елге арықпен сылдыр қағып судың келгенінің өзі үлкен жаңалық болатын. Бау-бақша егу үшін суды бастау-өзендерден арық арқылы тартып, кетпен ұстаған жұрт мәре-сәре болатын. Орталарында нұсқау беріп Бауыржан жүретін. Асардың қызып тұрған уақыты. Арықта асарлатып қазылады, асарлатып көшенің нобайы да пайда болды. Мектеп те салды жұрт асарлатып. Бірігіп еңбектене жүріп бір-біріне жақындай түсті ауылдықтар. Мұңдары да бір, жырлары да бір.

Кейін «Акбастау»артелінің базасында колхоз құрылды.

Таңқаларлық бір жәйт осы ауылды 30-шы жылдардағы аштық айналып өтті. Ол үшін ауылдықтар бүгінге дейін Бурный аудандық партия комитетінің уәкілетті өкілі Бауыржан Момышұлы, мұғалім Абдрахман Мухитдинов пен колхоз төрағасы Бейсе Беласаровқа рахмет айтады.Аштық ауылды осы азаматтардың дана шешімімен, шебер үйлестірілген әрекеттерінің арқасында айналып өтті. Әйтпесе…

Ауылда бар билік өкілдерінің бас қосып кеңесетін орны мұғалім Мухитдиновтың үйі болған. Осында дастархан басында  елдімекендерде қалыптасқан жағдайға орай не істеу керектігін талқыланып, шешім қабылданатын.Сол шешімдер тарихи маңызды болып шықты. Маңыздылығы  колхоздастыру бұл ауылда адам шығынынсыз жүзеге асты. Билік ауылдың бірде-бір адамын аштыққа алдырмады.Басқа ауылдардағыдай малын жасырған, қашып-пысқан ешкім болмады. Неге?

Ел қамын жеген Момышұлы, Мухитдинов, Беласаровтардан құралған «ақбастаулық үштік» ауыл тұрғындарын билікке қарсы шыққаннан ештеме ұтпайтындықтарына иландыра білді. Ең тиімдісі қолда бар малды саналы, ерікті түрде ортаға салу екенін жетесіне жеткізіп түсіндіре алды.

Колхозды ұйымдастырушылардың бұл әрекеті ол уақытта ерлікке пара-пар еді. Әр бес үйге бір ешкіден.Бұған қалай қарайсыздар? Олардың шаруаларға жасаған бұл ұсынысы шын мәнінде дана ұсыныс еді. Елдің келісімін алған соң «үштік» ауданды  хабардар етпей-ақ елдің бар малын жиды да бес үйге бір ешкіден таратып берді. Осылай қыста балаларды сүттен қақпады. Әрине,  ешкіден алынған сүт бес үйдің баласына аздық етеді, бірақ сол ешкінің сүті сол үйлердің балаларын аштықтан арашалап қалды.

Осылай олар биліктің де тапсырмасын орындаған болып көрінді, халықты да аштықтан аман алып қалды. Мұны үштіктің даналығы деп мойындамасқа амал жоқ. Олар шын мәнінде халық үшін еңбек етті. Ажал төнген қиын-қыстау кезеңде, осындай даналық пен жылылықтан нәр алған ауылдардың үлкендерінің аузынан сөз шықпады,  адам төзгісіз қиын уақытты бағындыратындай күш-жігер таба алды бойларынан.

Нәтижесінде жап-жас билік өкілі, жап-жас мұғалім, жап-жас колхоз басшысы кез-келген қимыл-әрекеті  «халық жауы» атандыратын зұлмат жылдары ел тағдырының жауапкершілігін мойындарына ала отырып, сатқындық жайлаған уақыттан жеңімпаз болып шықты. Олардың әрбір қимылы шын мәнінде аса қауіпті еді. Қазақстан,Ресей, Украинада миллиондаған адамдар аштықтан қырылып жатты. Соған қарамастан Кеңес Одағы компартиясының орталық комитетінің пленумында Сталиннің бастамасымен бай-құлақ ұйымдарын жою және қалтасында партбилеті бар жалған коммунистерге қатаң шара қолдану» туралы шешімі мақұлданды. Аштық шын мәнісінде заңмен бекітілді. Бір дорба бидай ұрлағандарға ату жазасы бұйырылды. Және бұл жазалар жер-жерде орындалып жатты. Сыбырлақтар, сатқындар көбейді.

Егер  мал ашуын жан ашуы деп қабылдаған бір шаруа «сыбыр» еткенде үштіктің «халық жауы» атанып кетуі әбден мүмкін еді. Одан кейінгі жағдай белгілі.Осы жерде мынадай заңды сауал туындайды: Сонда Борлысай мен Ақбастауда билікке өкпелі адамдардың болмағаны ма? Әрине, болды. Бірақ өзара түсіністік, ашықтық, елдің ауыз бірлігі, адамдардың бір-біріне деген сенімі, сөзге беріктік, уәденің орындалуы, өзара ашық әңгіме дұрыс нәтижесін берді. Тілін тапса, түсінсе халықтың жүрегі кең, пейілі дария екенін жақсы ұғынған жастарды ел де қабылдады, сондықтан да «сыбыр-күбір» болған жоқ.

«Үштік» шын мәнінде халық жағында еді. Олар намысшыл еді, арын бәрінен биік қойды, ел үшін тәуекел етіп бастарын қатерге тікті.Мұны көпшілік көрді. Осылай Ерлік пен Даналықтың үстемдік етуіне жағдай жасады. Осыдан кейін халық шын мәнінде кең, Ұлы демеске лажың жоқ!

Қиын-қыстау кезеңде ел қамын ойлай жүріп достықтарын нығайта түкен Момышұлы мен Мухитдиновтың бір-біріне деген құрметі ерекше еді. Оны да ел үлгі тұтты. Абдрахман 1932 жылы туылған екінші ұлының есімін Бауыржан қойды.

Мухитдиновтың үлкен ұлы  Сүлеймен 1961 жылы Бауыржан Батырмен өткен кездесуді былай деп еске алады:

Сарышығанақтағы мектепте  оқу ісінің меңгерушісі едім. Осындағы полковник Бауыржан Момышұлы басқаратын әскери бөлімге отыз шақты оқушымды алып кездесуге бардым. Мен әкемнің сәлемін жеткіздім. Ұлы қолбасшы  Абдрахман Гияситдинұлы дегенді естігенде орнынан атып тұрды. Сөйтті де:

 «Әбдірахман ағам аман есен бе? Бауыржан, Мұрат інілерім шауып жүр ме? Фатхия жеңгемнің денсаулығы жақсы ма?» деп сұрақты жаудырып жіберді. Ауылдағылардың бәрін сұрап жатыр. Арада 28 жыл өтсе де ешкімді, ештемені ұмытпаған. Мен бәрін бақылап тұрып Борлысай мен Ақбастаудың ол үшін ең құрметті ел екенін, батыр үшін екінші Отаны болғанын түсіндім.

1961 жылы Мухитдиновтар отбасы Түлкібас ауданына қоныс аударды.Ақтас, Ақбастау, Борлысайдың тұрғындары үлкен-кішісі түгел жиылып Мухитдиновтар отбасының көшін көз ұшынан кеткенше тапжылмай, көз жасын бұлап шығарып салды. Үлкендер жағы: «Жақсы адамдар кетіп бара жатыр. Біздің қатарымыздан абзал жандар кетіп қалды»десті.

Белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов «Қаратаудан шыққан төрт арыс» кітабында Бәйдібек ауданындағы интеллегенцияның қалыптасуына Мухитдинов пен Беласаровтың зор үлес қосқанын ерекше атап өтеді.

 

Миллиондарды жалмаған аштықтан кейін 80 жылдан астам уақыт өтті. Қандай сабақ алдық?  Неге тек қана Қазақстан, Ресей, Украина халқы ғана аштықтан қырылды? Осы сұрақтарға жауап ретінде  ғалымдар, жазушылар, публицистердің сандаған мақалалары жарық көрді. Барлығы дерлік орталық, Мәскеуді кінәлайды. Шынында солай. Бірақ айтылмай келе жатқан бір шындық бар. Оған назар аудара қойған жоқпыз. Ол рухани дағдарыс. Себептерді іздеген, тапқан жақсы, оған қоса сол себептердің астарында не жатыр осыны зерттеп-зерделесек алған сабағымыздың нәтижесі туралы ойланар едік, өмірге қайта бағалау жасар едік.Нәтижелермен жұмыс істер едік. Рухани дағдарыстың неге соқтыратынын түсініп, одан құтылудың, оны болдырмаудың әрекетін істер едік.

Менің ойымша аштық трагедиясының негізгі себептерін былай талдауға болады: Өзімшіл адамдар қоршаған ортасынан бөлектеніп кетті, бір-бірімен сөйлесуден бас тартты; әркім бар болғаны өзін ғана қорғады және өз кеңістігінде ғана өмір сүрді, оған ешкімді кіргізбеді; әр тұлға өзінің пайдасын жалпы мүдденің алдына қойды,өзімшілдік басқаға деген сүйіспеншіліктен жоғары тұрса, әр адам өзінің өмірін тарихтың алдына шығарып жібереді. Сол себепті де әлем ішінен бүлінді. Адамның тәкаппарлығы, бәрін билеуге ұмтылысы жекебасқа табынушылықты мәжбүрлеп таңып, халықты қырғынға ұшыратты.Жаны жаралы адамның жоғарыға ұмтылуы оны құбыжыққа,қанішерге айналдырып жібереді.Егер осылай болса бұл үдерісті жақсы ниеті бар бірде-бір орта бақылай алмай қалады.

Менің айтпағым, Батыр Бауыржан бастаған үштік Бәйдібектің үш елдімекенінде рухани дағдарыстың алдын алды, оны болдырмады.  Ауылдың аштыққа ұшырамауының жалғыз себебі осы!


 Уәлихан Абдыханов, филология ғылымдарының кандидаты

ОҚМПИ-ның доценті

 

Аударған: Б.Жақсыбекқызы 

Яндекс.Метрика