2024-07-27

Қысқы Олимпиада ойындарына қанша спортшымыз қатысады?

tories/1354181119_zimniy-vid.jpg» border=»0″ width=»266″ height=»161″ align=»left» />   Өскемендегі ұлттық баспасөз клубында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен биылғы жыл қорытындысына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

   Облыс орталығында жеңіл атлетика манежі мен спорт сарайы салынып жатыр. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, «Туған жерге – тағзым» акциялары аясында аудандар мен қалаларда 32 футбол алаңы іске қосылды. Ал, еліміздің Тұңғыш Президенті күні қарсаңында біздің аймақта жаңадан салынған 24 хоккей қорапшасы ашылды.

    Қазіргі уақытта біздің облыстан Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі бар 29 спортшы анықталды. Олардың барлығымен келісім-шарт жасалған және алаңдамай жаттығулары үшін қомақты қаржы бөлінген. Бұл спортшылар жеке жоспарлары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

   Басқарма бастығы туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған іс-шараларға да тоқталып өтті. Биыл Өскеменде туристік ақпараттық орталық ашылды. Облыста туризмді дамыту жөніндегі шеберлік жоспарының жобасы салиқалы жиындарда талқыланып, толықтырылды. Мәдени-танымдық және тау туризмі бойынша қосымша ұсыныстар енгізілді.

   Әбіл Дөңбаевтың айтуынша, жаңа жылға жаңаша сипат беретін, өз елімізге бейімдеп, әрлендіріп, түрлендіріп өткізетін Аяз ата жобасын іске асыру шаралары да қарастырылып жатыр. Бұл бағытта Норвегиямен келісім жасалған. Биыл Аяз атаның тұрақты мекенжайын салу үшін жұмыс тобы құрылды. Өскемендегі Комсомол алаңынан орын бөлінді. Әлемде Аяз атаның тұрақты мекені жайлы нақты жоба жоқ. Оны жер жағдайына байланысты тұрғындар өздері жасайды. Мәселен, Норвегияда Аяз ата қаланың ортасындағы үйінде келушілерді қабылдайды. Ал, Шығыстың өз Аяз атасы болуы керек. Оның мекенжайының құрылысы, сәулеті қандай болатынын жұмыс тобы анықтайды. Мекенжай жазда мәдени-танымдық туризм саласы ретінде қолданылады. Оның нақты бағытын жұмыс тобы анықтайтын болады.

   Баспасөз мәслихатында басқарма бастығы өскемендік сноубордшы Валерия Цой туралы мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларға байланысты өз ойын білдірді. Бұл күндері сноубордшы оқу-жаттығу даярлығын келісілген жоспар бойынша жүргізіп жатыр. Халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижесі ескеріліп, соған байланысты шәкіртақы төленеді. Арнайы қабылданған қаулыда атап көрсетілгендей, әлем чемпионатында не әлем кубогы үшін өтетін жарыстарда үздік нәтижеге жетсе, сонда ғана спортшының еңбекақысы өсіріледі. Валерия әзірге мұндай жетістікке жеткен жоқ.

    Спортшы Олимпиада жолдамасын жеңіп алу үшін ФИС федерациясының 12 халықаралық жарысына қатысуы тиіс. Спортшының әр жарысқа қатысуы үшін керек-жарақтарымен қосқанда жалпы жиыны екі миллион теңге жұмсалады. Сол жарыстарда көрсеткен нәтижесі бойынша ұпай жинайды. Ал, тиісті ұпай қоры болуы үшін шеберлік қажет. 2011 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы бір маусымда 6840 ұпай жинаған.  В.Цойдікі – 400 ұпай. Сондықтан да, жарыстарға қатысқан сайын шеберлігін шыңдай түсуі керек. Сонда ғана Олимпиада ойындарына қатыса алады. Оның жаттықтырушысы да осыған көңіл бөлуі тиіс.

    Биыл «Изумрудный» демалыс базасында халықаралық жарыстарды өткізу талаптарына сай келетін жаңа шаңғы жолы салынып, жарық желісі тартылды. «Алтай Альпісі» трассасы халықаралық жарыс талаптарына сай келеді. Облыс спортшыларының осы базаларда жаттығуларына мүмкіндік жасалған.

    Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбаев журналистер қойған сұрақтарға да толыққанды жауап берді.

Әлімжан Қадылбекұлы,

Шығыс Қазақстан облысы,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

Яндекс.Метрика