2024-07-27

Шлемсіз өткен чемпионат ел боксының шырайын келтірді

tories/img_8209.jpg» border=»0″ width=»267″ height=»149″ align=»left» />Бұл дода несімен ерекшеленді? Бетке ұстар боксшылардың бабы қалай? Жастардың арасынан кімдер дара талантымен оқшауланды? Олардың аяқалысы көпшілік көңілінен шықты ма? Осы және осы іспеттес өзге де сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Өткен аптада бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Астанада өткен жарыстың барысы жайында біз өз оқырмандарымызды құлағдар еттік. Енді айтулы жарыстың нәтижелерін саралап, артықшылығы мен кемшілігі жайында сөз қозғайтын кез келді. Бұл дода несімен ерекшеленді? Беткеұстар боксшылардың бабы қалай? Жастардың арасынан кімдер дара талантымен оқшауланды? Олардың аяқалысы көпшілік көңілінен шықты ма? Осы және осы іспеттес өзге де сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары көпшіліктің боксшылар бәсекесіне деген қызығушылығы күрт кеміді. Оның түрлі себептері бар. Біріншіден, бұрынғы кездердегідей «Жаным арымның садағасы» деген қағиданы ту етіп ұстап, «өліспей беріспеуге» бекінген былғары қолғап шеберлерінің қатары уақыт өткен сайын азайып келеді. Рингке шыққан жігіттер ашық айқасқа баруға аса құлықты емес. Көбіне-көп олар қорғанысқа мән береді. Бірер ғана ұпай айырмашылығымен алға шығады да, одан кейін уақыт созып жүріп алады. Екіншіден, төрешілер сондай әрекеттерді көре тұра жұмған ауыздарын ашпайды. Тіптен, жауапты кездесулердің өзінде жеңіс рингті шыр айналып қашып жүргендердің еншісіне жазылып жатқанына да сан мәрте куә болдық. Үшіншіден, АИБА қызметкерлері «жарақат алушылар санын кемітеміз» деп, боксшыларға баскиім кигізді. Қолдарындағы қолғаптары да еңгезердей. Жұдырық толықтай бүгілмейді. Сол себепті де жойқын соққы жұмсау қиын. Нәтижесінде нокауттар сиреді. Ал жекпе-жек десе, қаны қыз-қыз қайнап, делебесі қозатын жанкүйерлерді ондай жайттардың қанағаттандырмайтыны сөзсіз.

Осы мәселе көпшілікті алаңдатты. Әйтсе де Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығы басшыларына бірінші болып ой салған Қазақстан бокс федерациясының басшылары еді. Тимур Құлыбаев пен Серік Қонақбаев бастаған марқасқалар былтыр құзырлы органға осындай ұсыныс айтты. АИБА-ның лауазымды тұлғалары айтылған идеяларды ой елегінен өткізе отырып, тиісті қорытынды шығарды. Нәтижесінде 2013 жылдан бастап барлық жарыстар жаңа ереже бойынша өтетін болды. Яғни боксшылар рингте шлемсіз айқасатын болды. Сонымен қатар төрешілердің ұпай санын есептеу жүйесіне де өзгерту енгізілді.

Алғашқы болып бастама көтерген Қазақстан бокс федерациясы осы істі бірінші болып қолға алды. Жуырда ғана Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен ел чемпионаты жаңа жүйе бойынша өтті. Бірден айта кетейік, бұл жарыс көпшілік көңілінен шықты. Бұрындары финалдық сайыстардың кейбірі іш пыстыратын еді. Бұл жолы бастапқы бәсекелердің өзі нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқасқа айналды. Ширек ғасырдан астам уақыттан кейін шлемдерін шешкен боксшылар рингте барын салды. Жойқын соққылар, нокдаун мен нокаут… Бірі есінен танды, бірі есеңгіреді. Нағыз апайтөстер шынайы айқас барысында анықталды. Көрермендер небір ымырасыз жекпе-жектердің куәсі болды. Бір сөзбен айтсақ, елорда төрінде тартылған шаршы алаң бір апта уақыт бойы теңселіп тұрды. Шаршы алаңдағы «шайқастың» шырайы кірді.

Қазақстан чемпионатына көптеген белді былғары қолғап шеберлеріміз қатысты. Тек Лондон Олимпиадасында атой салған кейбір боксшылар ғана бой көрсеткен жоқ. Оның түрлі себебі бар. Мәселен, Серік Сәпиев пен Қанат Әбутәліпов үлкен спорттан қол үзуге бекінді. Әділбек Ниязымбетов біраз уақыт демалыс алуды жөн көрген екен. Ал Данабек Сужанов әлі екі ойлы болып жүрген көрінеді. Қалғандарының төрт көзі түгел. Солардың арасынан Біржан Жақыпов пен Ілияс Сүлейменов өз мықтылығын мойындатты. Аса жеңіл салмақтағы Жақыпов өзінің мол тәжірибесі мен сауатты тактикасының арқасында «жүзден — жүйрік» шықты. Шешуші тұста да оған ешкім лайықты қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде Біржан жарыстың бас жүлдесін иеленумен қатар, біріншіліктің ең үздік боксшысы атағын олжалады. Сол секілді Сүлейменовтың да үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. 52 келі салмақтың теңдессізі осы Ілияс екеніне көрермендердің еш күмәні жоқ.

Есесіне 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасына қатысушы Ғани Жайлауов оңбай сүрінді. 60 келі салмақта қазір бәсекелестіктің белең алып тұрғанын жақсы білеміз. Ғаниден бөлек, Ержан Мүсәпіров пен Самат Башенов сынды сайыпқырандар бар. Бірақ бұл жолы Берік Әбдірахмановтың өнеріне құлшына қол соқтық. Осыдан екі-үш жыл бұрын бұл жігітті біз Алматыда өткен халықаралық турнирлердің бірінде көрген едік. Жұдырықтасу мәнері бірден ұнаған. Бойы аласа, денесі тығыншықтай, соққысы зілдей. Кейбір мамандар оны сол тұста әйгілі Руслан Мусиновпен салыстырып жатты. Расында да Беріктің Руслан ағасына көп жері ұқсайды екен. Ең бастысы, жүректі және соққысы жойқын. Финалға дейін еш кідірмей жеткен Әбдірахманов ақтық айқаста Жайлауовтың өзін әбден састырды. Тіптен, нокдаунға да жіберді. Ғани қанша жанталасқанымен, Беріктің мықтылығын мойындауға мәжбүр болды.

69 келі салмақта бақ сынауға бел буған Данияр Елеусінов үшін жаңа салмаққа бейімделу әсте оңай болмады. Бастапқы бәсекелердің өзінде-ақ Даниярға көп тер төгуге тура келді. Жарыс қызған сайын бәсекелестері де күшейді. Десек те Елеусінов өзінің дара талантының арақасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Осы жарыста опық жеген мықтылар жайында айтар болсақ, ең алдымен Олжас Сәттібаев (52 келі), Хабиболла Исмайл-Ахунов (56 келі), Мәди Шолақов (60 келі), Алмасбек Әлібеков (64 келі), Василий Левит (91 келі), Хамат Гелисханов (91 келі) және Евгений Егембердиев (+91 келі) сынды талай «кұқайды» көрген көкжалдардың жеңіс тұғырына жете алмай сүрінгені ойға оралады.

Ал «2012 жылғы ел чемпионатының басты жаңалығы» деп Жәнібек Әлімханұлын айтуға болады. 75 келі салмақта сынға түскен 20 жастағы боксшы жарыстың алғашқы күнінен бастап кіл мықтыларға жолыққанына қарамастан олардың барлығын жолынан ығыстырды. Алматы облысының өкілі жартылай финалда танымал былғары қолғап шебері Рустам Сыбайдың өзіне бас көтерткен жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын дәл осы Рустам әйгілі Серік Сәпиевке сан соқтырып, көпшілік назарына іліккен болатын. Одан кейін де бірқатар ірі халықаралық жарыстарда табысқа жетті. Былтыр «Астана арландары» сапында өнер көрсетті. Алайда Әлімханұлымен болған жекпе-жекте Сыбай білгенінен жаңылды. Жәнібек оған қарсы тамаша тактика құра білді. Үш раунд бойы Руслан арамтер болса, Жәнібек көздеген мақсатына жетті. Финалда Ерік Әлжановтан басым түскен Жәнібек Әлімханұлының алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын абыройлы қорғайтынына сенімдіміз.

Жастар буыны өкілдері арасынан шымкенттік Қайрат Ерәлиевті де ерек­ше атап өтуге болады. 56 келі салмақта бас жүлдені олжалаған қандасымыз қандай мақтауға да лайық.
81 келі салмақтың финалында қарағандылық Алмат Серімов пен шымкенттік Асқар Абдоллаев күш сынасты. Техникалық арсеналы кем болғанымен Алматтың соққылары аса ауыр екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан чемпионатының шешуші сайысында ол әйгілі Азамат Белгібаевтың өзін есінен тандырған. Бұл жолы да сол оқиға айна-қатесіз қайталанды. Алматтың жеңіске жетуі үшін бір раундтың өзі жеткілікті болды. Серімовтың сілтеген соққысы кейін қарсыласы ес жия алған жоқ.

64 келі салмақтағы Мерей Ақшаловтың аяқалысы қуантты. Бұл жігіт 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысты. Сол кезде ол қарсыласынан басым түскенімен, төрешілердің бүйрегі ринг қожайынына бұрды. Бұл сәтсіздің қандасымыздың сағын сындырған болуы керек, содан кейінгі жылдары ол жасындай жарқырай алған жоқ. Елішілік жарыстардың өзінде жүлдеге іліккен кездері сирек. Десек те, Астанада Ақшалов өзін жақсы қырынан көрсетіп, алтын тұғырдан қол бұлғады.

Сонымен, биылғы Қазақстан чемпионаты көпшілік көңілінен шықты. Ең бастысы, біздің жігіттер АИБА-ның жаңа ережесіне бейімделе бастағанын байқатты. Бұл — өте маңызды фактор. Себебі алдағы уақытта жарыстардың барлығы дәл осындай ереже бойынша өтеді. Оның үстіне, 2013 жылғы әлем чемпионаты Астана қаласында өтеді. Ал өз жерімізде жерлестеріміз орасан зор табысқа қол жеткізуге тиіс. Сондай-ақ биылғы жарыс барысында көптеген жаңа есімдер шықты. Жанкүйерлер жалынды жастардың өнеріне құлшына қол соқса, мамандар жылы лебіздерін білдірді. Олай болса, сол жас өрендер алдағы маусымда отандық боксты өрге сүйрейтініне кәміл сенеміз.

Ғалым Сүлеймен,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on} 

Яндекс.Метрика