tories/08c13c1ad12e5282876504f20ae08411.jpg» border=»0″ width=»266″ height=»180″ align=»left» /> Биыл 6 наурызда Оңтүстіктің футбол жанкүйерлері үшін есте қаларлық оқиға орын алды. Елордадағы «Астана-арена» стадионында Шымкенттің «Ордабасы» командасы Қарағандының «Шахтерімен» кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесуді мыңдаған жанкүйер тамашалады. Олардың арасында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ойынға арнайы келіп, бәсекеге куә болды. Әсіресе, шымкенттік командаға қолдау көрсетушілердің қатары көп еді. Жұрт назары өздеріне ауғанын сезген қос команда да әдемі ойын-өрнегін көрсетті.
Қаржылық жағдайы жақсы әрі мықты ойыншыларды жиып алған «Шахтер» тек жеңіс үшін келген еді. Алайда, білікті бапкер В.Пасульконың шәкірттері кеншілерден сескенбеді. Сауатты қорғанып, қарымта шабуылға шықты. Сондай ұмтылыстардың бірінде А.Касьяновтан доп алған команда капитаны Қ.Әшірбеков қорғаушыларды алдап өтіп, тамаша гол соқты. Бұл ойынның 58-ші минуты болатын.Осыдан кейін қарағандылықтар қаншама талпынғандарымен А.Бекбаев қорғаған қақпа кілтін таба алмады. Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет ел кубогімен қатар суперкубокті де жеңіп алды. Бұл кездесу тағы бір ерекшелігімен есте қалды. Бұған дейін ел чемпионы мен кубок иегерін Елбасы өзі келіп марапаттағанын естімегенбіз. Ал, шымкенттік клубты ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтап, мәртебелі кубокті команда капитаны Қайрат Әшірбековке тапсырды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған футболшылар Елбасымен бірге суретке түсіп, жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Айтпақшы, бір жыл бұрын Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған ресми сапарында жергілікті спортшыларға су жаңа шетелдік автобусты сыйға тартқан болатын. Сол автобус «Ордабасының» меншігіне берілген. Елбасының қолынан кубок алып, сыйға тартқан автобуспен Қазақстанды аралап жүрген «Ордабасы» биыл Еуропа лигасында тәуір өнер көрсетті. Сербияның «Ягодинасын» ұтып, әйгілі «Русенборгті» састырды. Бұрын көш соңында салпақтап жүретін команда қазір азулы қарсыластардың біріне айналды. Биыл жүлде бұйырмаған «Ордабасы» келесі жылы ел сенімін ақтауға тырысады. Ұлттық біріншіліктегі ең құрамында қазағы көп команданы марапаттап, құрмет көрсеткен Елбасы «Ордабасыға» үлкен міндет жүктегендей. «Ордабасы» жеңсе Оңтүстіктің футболы өркендейді. Ал, Оңтүстіктің футболы өркендесе қазақ футболының мерейі үстем болатыны сөзсіз.
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply