Қазақ тарихының бетінде алтын әріптермен ойылып жазылған бір күн бар. Ол – 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздікті жариялаған күн. Арғысы – Керей мен Жәнібек құрған Қазақ ордасынан басталса, бергісі – жаңа тарихымыз осы күннен басталады. Бірақ біз өткен тарихымызды ұмытуға тиіс емеспіз. Тарихын ұмытқан ұрпақ ұтылады. Өйткені, ол – жеңісі мен жеңілісі, жақсысы мен жаманы, самғауы мен құлдырауы, үміті мен күдігі, қасіреті мен қуанышы қатар өрілген біздің төл тарихымыз. Тарих жолы түп-түзу бір сызықтың бойымен жүрмейді. Қазақ елі неше қилы замандарды басынан өткерді. Өткен тарихымызда ұялатын жеріміз жоқ. Қазақ халқының жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлығы, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы Тәуелсіздікке қол жеткізу болды. Осыдан тұп-тура 22 жыл бұрын Қазақ елін бүкіл әлем елдері мойындады. Әлі де мойындаумен келеді.
tories/1324007665_nezkz1.jpg» width=»400″ height=»201″ alt=»1324007665_nezkz1″ style=»vertical-align: middle;» />
Қазақтың алдаспан ақыны, жаужүрек батыры Махамбет: «Еділдің бойы ен тоғай, ел ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деп асқақ арманымен, асау жырларымен азаттықты аңсап өткен. Азаттық үшін болған күрестердің барлығының девизі –сол ұлы Махамбеттің сөздерімен астасып жатады. Елі үшін егескен, жері үшін жандасқан қайсы бір қайраткер не батыр болмасын, ұлы Даланы көз қарашығындай сақтап, сол далада өмір сүріп жатқан қазақ деген халықтың тыныштығы мен Тәуелсіздігін көздеген Мұқағалиша айтсақ: «Бабаларым, рахмет сендерге!»
Арғы-бергісін айтпағанда Махамбет бастаған азаттық үшін болған күрестердің алтын соқпағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне алып келеді. Орыстардың отаршылдық саясатына қарсы «ежелгі дұшпан ел болмас» деп көтерілген жастардың көзсіз ерлігі әлемді дүр сілкіндірді. Кеңес империясына үлкен соққы болған бұл көтеріліс кейін оның ыдырауына жол ашты. Тәуелсіздік таңына бір табан жақындатты.
Тәуелсіздік, бостандық, азаттық, егемендік деген айтылуы басқа, ал шын мәнісінде бір мағынаны білдіретін синоним сөздер – қасиетті сөздер. Ежелгі грек ойшылы Сократтың айтқан даналығында бостандық деген — өмірге үстемдік ету, ештеңеге тәуелді болмау, өз қалауынша тіршілік кешу, мүлік атаулының қожасы және оларды пайдалануда жомарттық жасау. Осыдан 22 жыл бұрын Қазақстан сияқты азаттық аңсаған елде Тәуелсіздік таңы атты. Тарих үшін бір тұтам жылдар аралығында Қазақ елінің жетістіктерін жіпке тізіп шығу мүмкін емес. Ең бастысы біз дипломатиялық, экономикалық, әскери және мәдени тәуелдікке қол жеткіздік. Бұл жас мемлекет үшін аз дүние емес.
Тәуелсіздік жылдарында өзгелерден озып шығып, Қазақ елінің өзін әлемге мойындатқан іргелі істері аз емес. Солардың бәріне емес, бір қатарына тоқтала кетсек:
– Қазақстан дүние жүзінде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты;
– Қазақстан тек қана өзін-өзі қорғайтын мақсатты көздейтін әскери доктринасы бар ел;
– Қазақстан Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырып жатқан ел;
– Қазақстан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрған ел;
– Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуды мақсат тұтқан ел;
– Қазақстан қазақ жастарының білімін жаһандық деңгейге көтеруге бел буған ел;
– Қазақстан Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қол жеткізген ел;
– Қазақстан ажарлы бас қаласы – Астанасы бар ел.
Біз Тәуелсіздіктің бергенін жіпке тізіп тауыса алмаспыз, сірә. Осымен доғарайық.
Қазақ елін бүкіл әлемге мойындатқан – Тәуелсіздік күні мерекесі – елдің рухын көтеріп, жанына шабыт беретін аса қымбат мереке. Біз рухани байланысымызды қаншалақты арттыра түссек, тәуелсіздік тұғыры да соншалықты бекіп, биіктей түспек. Сөз бен іс қабыспаған жерде береке болмайды. Осы сөзімге дәлел ретiнде айта кетсек, жуырда Тәуелсіздік күні мен «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты Алпамыс батырға арналған ақындардың жыр мүшәйрасы рухани дүниемізге зор серпіліс берді. Тәуелсіздікке деген сүйіспеншілік, халық батырына деген құрмет ерекше болды. Тәуелсіздік пен бабалар ерлігі егіз ұғым. Жастар осы құндылықтар негізінде рухани байлықты бойларына сіңіруі тиіс.
Соңғы 22 жылда жүріп өткен жолымызға көз тастасақ, қаншама биік белестерді бағындырғанымызға куә болар едік. Алда тұрған мақсат одан да биік. Ел тәуелсіздігін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан бөліп қарауға болмайды. Тәуелсіздіктің бастауында тұрған тарихи тұлғаның асқақ арманын, қажыр-жігерін, талмас табандылығын, ұлы қайраткерлігін қазақ елі мақтаныш етеді. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп ұлы данышпан Абай айтқандай, елін сүйген Елбасыны елі де сүйеді, құрметтейді. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік тұғырын мемлекеттер легіне қосып, қазақ халқын өркениет биігіне көтеріп, қарышты қадамдармен алға баса беретін боламыз.
Қазақ елін әлемге мойындатқан Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында айтайын деген ойымыздың бір парасын қорытындыласақ:
Тасқын жігер бойындағы,
Жүрегі – от, жанары – күн.
Бүкіл әлем мойындады,
Елбасының даналығын.
Тәуелсіздік жаса мәңгі,
Қасиетті – дара күнім!
Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,
«Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті.
Leave a Reply