2024-07-27

Дастан Ахмет: «ОЛ КҮНДЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!»

tories/d60a2778-e24c-44ed-a181-d6d68a537c5d_mw800_s.jpg» border=»0″ width=»264″ height=»184″ align=»left» />Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ «Тұран»баспасының қызметкері Дастан Ахмет осыдан 26 жыл бұрын болған Желтоқсан көтерілісін  көзбен көрген, сол оқиғаның куәгері болған азамат. Бүгін біз Дастан  мырзаны сол ызғарлы желтоқсан күндерін еске түсіріп, басынан кешкендерін  әңгімелеп беруін өтінген едік.

     «Ол кезде Алматыдағы «Полиграфия» ущилешесінің  студенті едім. Соңғы курста оқып жүрген  сол айтулы күндерден  біраз күн бұрын операциядан шыққанмын. Дәрігерлер сабаққа баруға рұқсат етпей, жатақхана бөлмесінде сарылып жатқан кезім болатын. 16 желтоқсан күні бөлмеге біздің училещенің студенттері   кіріп келді де: «Алаңға бару керек, бәрі сонда жиналып жатыр екен»-десті. Сосын өре түрегеліп барлығымыз сыртқа ұмтылдық. Бірақ, бізді шығармады. Сыртқы есікке милиция жасақтары қойылып, жатақхананы күзетке алыпты. Сонда да, терезеден секіріп шығып, сыртқа ұмтылдық. Жатақханадан тіке көтеріліп, Сәтпаев-Гагарин көшелерінің  қиылысына жеткенімізде , Политехникалық институттың студенттері «Менің Қазақстанымды» шырқап шеру тартып барады екен. Қосылып кеттік. Бірақ, алғашында не үшін наразылық білдіріп жатқанымызды  бірден ұққан жоқпыз. Әйтеуір дүрмекпен еріп жүре бергеніміз есімде. Алаңға келгенімізде  студенттер толқуының сырын: «Коммунистік партияның соңғы пленум шешімдерімен келіспейміз! Д.Қонаевты не себептен орынынан алып тастайды? Неге бізді өз ұлтымыздан шыққан көшбасшыларымыз басқармайды?» -деген ұрандаған жалынды сөздерді естіп түсіне бастадық. Қас қарайып, кеш түскенде жатақханаға қайттық. Түн болса да  орындарынан тапжылмай үкіметке талап қойып, тарап кетпей тұрған жастар легі алаңда  аз емес еді. Қарындары ашып, тоңған, бір жағынан ашынған жастар сол кезде Алматы көшелерінде көптеп ашыла бастаған, азық-түлік, бәліш-самса сататын  қаңылтыр дүңгіршектерді бұзып ішіндегі  азықтарды алып жесе керек. Өйткені таңертең олардың қирап жатқанын көрдік. Бірақ кейін  көтерілісшілердің осы  әрекеттері үкіметтің «бұзақыларға спиртті ішімдік таратылған, наша таратылған, » деген лақап таратуға негіз болды.      

       17 желтоқсанда таңертең 10-дар жобасында тағы да алаңға келдік. Тұс-тұстан ұрандаған  сөздер, тәуелсіздікке шақырған жалынды үндеулер айтылып жатты. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы деп шамаладым, орта жастағы бір апайымыз: «бізді жылдар бойы «бараны» деп балағаттап келді, енді бізді «шошқаға» тәуелді етпек пе? Біз қарсымыз!»- деп Г.Колбиннің билікке келгеніне ашық наразылық білдірді. Осы кезде арнайы жасақ оны  трибунадан сұлатып  түсірді. Осы көрініске ызаланған кілең қарагөз трибунаға қарсы ұмтылды. Науқастан тұрған әлсіздігімнен болар,  қалың нөпірдің астында қалып қойдым. Есімді жисам: бір орыс кісі менің тірі екенімді айтып, мұны жоғарыға емханаға шығару керек дегенді айтып жатыр екен. Сөйтсем, мені өлгендермен бірге №12 емхананың мәйітханасына әкеліп тастапты. Көзді ала бере сыртқы есіктен сыртқа зып бердім. Бірақ  көшеде милиция  ұстап алып , қамап тастады.

       Училещенің директоры Базылов Жұман деген ағамыз өте парасатты жан еді. Сабақты үздік оқып, қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүргесін жақын тартып тұратын. Сол кісі жанашырлық жасап  ұзатпай түрмеден шығарып алып кетті.  Былай шыққасын: «енді сендерге тыныштық жоқ. Лажы болса, біраз уақыт  бой тасалай тұрыңдар»-деді.

Сонымен ауылға қайтайын деп шештім. Бірақ милиция жүргізбейді. Келе жатқан 1987 жыл –жылан жылы болатын. Жыланның символы ретінде шұбар-шұбар күрте сол кезде сәнге айналған. Алаңға шыққандардың басымы «жылан күрте» кигендер еді. Милиция мен «үш әріп» жылан күрте кигенді тоқтатып тергейтін болды. Бірінші кезекте күртешеден құтылдық. Есебін тауып, пойызға отырып,  ауылға қайттым. Жаңақорған вокзалынан түссем бір көшеде тұратын көрші жігіт: сенің үйіңді «үш әріп» торуылдап жүр, үйіңе барушы болма, ұсталасың» деді. Пойызға қайта отырып Аралға тартып кеттім. Бізден бір жыл бұрын бітірген бір досым бар еді соны паналадым. Екі айдан соң көктемге қарай Ташкенге өтіп кеттім. Сонда оны-мұны жұмыс істеп жазға дейін бас сауғалап жүре тұруға  тура келді. Уәде бойынша жазда келіп директорымыз Жұман Жұпарбайұлына жолықтым, ол кісі  қолыма дипломымды ұстатты. Үздік диплом. «Оқуыңды жалғастыр, балам, -деп Мәскеу полиграфия институтына жолдама жазып берді.   Бірақ  отбасылық жағдайлармен Мәскеуге барып оқи алмадым.Тәшкендегі полиграфия техникумын екі жыл оқып бітіріп елге оралдым. Шымкенттегі облыстық Полиграфия комбинатында, Кентау, Түркістан баспа –полиграфия саласында қызмет етіп келемін.

     … Желтоқсан ызғары, мұздай сірескен арнайы жасақтар, олардың қазақтың өрім жастарын тепкілеп, аяусыз езіп-жаншыған жан түршігерлік оқиға, қызыл қанға боялған орталық алаңдағы ақ қар суреті жадымда мәңгіге сақталып, санамызда жаңғыруда. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес…

 

Куәгермен сырласқан: Ә.Бағманқызы.

 «Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика