2024-09-20

Бүркітті қорғау керек боп тұр…

Құстар –табиғаттың ажары. Олар табиғаттың сұлулық сәнін, сазды әнін келтіреді. Ауыл, орман шаруашылықтарына зиянды бунақденелілермен қоректеніп, құстар зор пайдасын тигізеді. Өсімдіктердің таралуына, тозаңдануына да әсері бар. Құстар табиғатта санитарлық қызмет те атқарады және табиғаттағы эстетикалық орны да ерекше. Табиғатты құстарсыз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Олардың адам өмірінде маңызы сан алуан. Құстардың дәмді еті, жұмыртқасы, бағалы мамығы, тыңайтқыштық қасиеті бар саңғырығы, өзге де өнімдері күнделікті тұрмыс қажетімізді өтейді.

Құстардың табиғаттағы алатын орны ерекше, олар адамды үнемі қызықтырып келеді. Американдық белгілі орнитолог Р.Т.Питерсон құстарды жоғарғы сатыдағы жануарлардың ең әдемісі, ең тәтті әуездісі екенін атап көрсеткен. Құстардың адамзат өміріндегі, табиғаттағы маңызын ескере отырып, жыл сайын көктемде, 1 сәуірде «Құстар күні» аталып өтеді. «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің аумағына ұшып келетін, мекендейтін, ұя салатын құстар әлемі алуан түрлі. Қазақстан бойынша 488 түрлі құс тіркелсе, оның 309 түрі табиғи парк аумағында тіркелген, яғни елімізде кездесетін құстардың 63 пайызы бар екені анықталған. Оның ішінде құстардың 40 түрі республиканың Қызыл кітапқа енген. Өңірлік табиғи парктің Боралдай филиалында кездесетін бағалы құстардың сипаттамасына тоқтала кетейік.

Ақ дегелек, ләйлек (лат. Ciconia ciconia) – дегелектер тұқымдасына жататын ірі, ақ құс. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 15-30 жұптай ғана ақ дегелек бар. Тұмсығы түзу, ұшына қарай үшкірлеу келеді. Қанатының ұзындығы 58-61 см, салмағы 3,5-4 кг. Қанаты қара, тұмсығы мен сирағы қызыл, мекиенінің дене тұрқы қоразынан гөрі кішілеу әрі тұмсығы жіңішкелеу болып келеді. Ақ дегелек тұмсықтарын бір-біріне тиістіріп қана дыбыс шығарады. Ұшқан кезде мойынын алға қарай созып ұшады. Ақ дегелек – жұбын жазбай, бір орынға бірнеше жыл қатарынан келіп, елді мекендерге жақын су айдындарының маңындағы шалғынды, батпақты жазық аңғарларға ұя салады. Жылына 1 рет 2-5 жұмыртқа салып, оны 32-34 күндей мекиені мен қоразы кезектесіп басады. Балапандарын ұядан 70-72 күнде ұшырады. Ақ дегелек ұсақ жәндіктермен, сондай-ақ жылан, көлбақа, құрбақа және кемірушілермен қоректенеді. Ақ дегелек – жыл құсы. Тамыз-қыркүйекте жылы жаққа қоныс аударады. Қазақ халқы ақ дегелекті киелі құс деп есептейді де, оның ұясын бұзуға, жұмыртқасын алуға, атуға мүлде рұқсат етпейді. Ақ дегелек санының азаюына байланысты қорғауға алынған.

Қара дегелек (лат. Ciconia nigra) — саны тұрақты сирек кездесетін түр. Дене тұрқы 100 см шамасыңда, қанатының ұзындығы 52-59 см, құлашы 200 см-ге жуык, салмағы 3-4 кг. Сирақтары, тұмсығы, көзінің айналасындағы жалаңаш тері қызғылт келеді. Түсі жасылқара, бауыры ақ. Мойынын созып, сирақтарын жинамай ұшады. Жартасқа салған ұясын бірнеше жыл бойы пайдаланады. Талшіліктен құрастырып, түбіне мүк төсейтін ұясының биіктігі 40 см, 2-5 жұмыртқа салып, 35 тәулік басады. Қосмекенділермен, балықпен, су жәңдіктерімен, ұсақ сүтқоректілермен қоректенеді. Қазақстанда орманды, таулы аймақтарда таралған, кейде тіпті ағашы жоқ жартасты тауды да, жазықты да мекендейді. Қазақстандағы жалпы саны 300-дей, негізгі мекендейтін жерлері — Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань таулары. Ұя маңындағы мазасыздыққа төзе алмайды. Бұл құсты сақтау үшін ұясының айналасынан радиусы 0,5 шақырымнан кем емес тыныштық аймағын ұйымдастыру керек.

Жыланшы бүркіт (лат. Circaetus gallicus) — қаршыға тұқымдастары. Қанат құлашы 1,9 м, тырнақтары өткір. Түрікменстанда кең таралған. Орманды және таулы жерлерде кездеседі. Бір жұмыртқа салады. Құмды шөлдер, құрғақ тау бөктерлері мен өсімдігі сирек аласа тауларды мекендейді. Шәулісінің қанатының ұзындығы 52-59 см, салмағы 1,2-2,0 кг, ұябасары шәулісіне қарағанда сәл ірілеу. Арқасы қоңыр-сұр, мойны мен басы ақшылдау. Жемтігін жерден ұстайды. Жыл құсы. Сәуірде ұшып келеді, ұясын ағаш басына не жартас жиегіне салады. Ұясы бұзылған жағдайда қайтадан көбеюге қатысып, тағы да бір жұмыртқа салады. Балапаны 2,5-3 айдан соң ұядан ұшады. Қыркүйектің ортасы, қазанның басында жылы жаққа ұшып кетеді. Негізгі қорегі- жыландар мен кесірткелер, кірпілер, т.б. ұсақ жануарлар. Санының жылдан-жылға азаюына байланысты Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Бақалтақ қыран (лат. Aquila pennata) — сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Кейде бақалтақ қыранды “ергежейлі қыран” деп те атайды. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы тау ормандарын, Сырдария, Іле, Шелек, Шарын және Қаратал өзендерінің бойындағы тоғайларды мекендейді. Бақалтақ қыран қауырсындарының түсіне қарай қара және ақ бауырлар деп бөлінеді. Тұмсығының түбі көгілдір, имектелген ұшы қап-қара болады. Биік ағаштың басына ұя жасап, оған 1-2 жұмыртқа салады; оны мекиені 35-39 күн басады. Балапаны жұмыртқаны жарып шыққаннан кейін 2 айдан соң ұядан ұшады. Бақалтақ қыран ұсақ тышқандармен, құстармен қоректенеді. Ол — жыл құсы. Қазақстанға сәуірде келіп, қарашада Африка мен Үндістан түбегіне ұшып кетеді. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген .

Жұртшы (лат.Neophron percnopterus) сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жалғыз түрі, жыртқыш құс. Дене тұрқы 58-66 см, қанатының ұзындығы 1,6-1,7 метр (жайғанда), салмағы 2,1-2,4 килограмм. Тұмсығы ұзын әрі өте жіңішке болады. Ересектері сұрғылт түсті, қанаттарының шетінде қара жолақтары бар, басы мен жемсауы қауырсынсыз, тықыр. Балапандарының түсі – қоңырқай. Үнсіз, қалықтап ұшады. Жыл құсы. Сәуірде келіп, құз, жыраларға ұялайды. Сәуірдің аяғында ұябасары 1-3 жұмыртқа салып, 40-42 күн басады, балапандары 2 айдан соң ұядан ұшады. Қыркүйекте жылы жаққа қайтады. Оңтүстік және Орта Азияда қыстайды. Әр түрлі өлексе қалдықтарымен, ұсақ кеміргіштермен қоректеніп, пайда да келтіреді. Жұртшы – өте сирек кездесетін құс. Жылдан-жылға санының азаюына байланысты Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Ителгі (лат. Falco cherrug) – сұңқартәрізділер отрядына жататын ірі жыртқыш құс. Қазақстанда биік таулар мен ормансыз жазықтардан басқа жерлердің бәрінде кездеседі. Шәулісінің қанатының ұзындығы 34-39 см, салмағы 730-800 г, ұябасарының қанаты 37-41 см, салмағы 1000-1300 г. Негізінен, наурыздың аяғы-мамырдың басында құз-жартас кемеріне, биік қарағайдың басына ұя салады. Ұядағы 3-5 жұмыртқаны ұябасары бір айдан аса шайқайды. Балапандары 40-45 күннен соң ұядан ұшады. Бір жұптан орта есеппен алғанда жылына 2 балапан ғана қанаттанады. Негізгі қорегі – құмтышқан, сарышұнақ, майда құстар (торғай, кептер, түркептер, кекілік), сондай-ақ бауырымен жорғалаушыларды, ірі қоңыздарды, тіпті көкқасқа шегірткелерді де жей береді. Кейде құсты жоғарыдан шүйлігіп, қағып түсіреді. Тамыз-қыркүйекте жылы жаққа ұша бастайды. Қазақстанда ителгілердің жылдан жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген . Қоңыр кептер (лат. Columba eversmanni) – соңғы жылдары саны күрт кеміп бара жатқан оңтүстікте ғана аздап кездесетін түр. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның шөлді жазықтары мен тік жарлары немесе ағаштары бар тау бөктерлерін (ұяларын індер мен ағаш қуыстарына салады) мекендейді. Саны анықталмаған, бірақ жылма-жыл қонысын аударатын құстарға бақылау жасау, оның санының кеміп бара жатқанын көрсетеді.

Қоңыр кептер – көк кептерден айырмашылығы денесі аздап шағындау (200-250г ) кептер түрі. Қоңыр кептер Орта Азия және Таяу Шығыстың эндемигі болып саналады. Барлық кептерлер тәрізді салындыда екі ақ түсті жұмыртқа болады. Бір жазда екі рет балапан өргізеді. Қазақстанға сәуірдің бірінші жартысында ұшып келіп, қарашада ұшып кетеді. Соңғы онжылдықта қоңыр кептерлердің саны ұдайы төмендеуде, сондықтан да ол Қазақстан Қызыл кітабына тіркелеген.

Көкқұс (лат. Myophonus caeruleus) – торғайтәрізділер отрядының бір түрі. Тұрқы 32-34 см, қанатының ұзындығы 18-20 см, құйрығы 14-16 см, салмағы 180-190 гр. Қауырсыны қара көк, тұмсығы сары. Көкқұс Қазақстанда Талас Алатауынан Іле Алатауына дейінгі аймақта кездеседі. Көкқұс тау бөктерінің жапырақты орман, арша өскен жерінде, өзен бойларын мекендеп, тік жартастар арасына ұя салады. 4 – 5, кейде 6 жұмыртқа салады, 17 күнде жұмыртқадан балапан шығады. Көкқұс әр түрлі жәндіктерді, олардың дернәсілдерін, өрмекшітәрізділерді, моллюскілерді, ал күзге қарай түрлі жидекті де жейді. Қысқа қарай оңтүстікке қайтады, бірен-сараңы қыстап қалады. Көкқұс – түсі әсем, сайрайтын құс, сондықтан оларды үйде торда ұстау соңғы жылдары көбейіп бара жатыр. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

tories/0000000000000000000000000000001.jpg» border=»0″ />

Бүркіт (лат. Aquila chrysaetos) сұңқартәрізділер отрядына, қаршыға тұқымдасына жататын үлкен құс. Көбінесе тоғайлы және таулы жерде тіршілік етеді. Биік ағаштар мен зәулім жар тасқа ұя салып, 1-2 жұмыртқа табады. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады, ашынғанда адамға да түседі. Кең қанаттары (созған кезде 2 метрге дейін жетеді) мен қысқа құйрығы (30-35 см) ұшқан кезде «ұшып бара жатқан қанатқа» ұқсайды. Бүркіттің салмағы 3 кг-нан 6 кг-ға дейін. Үлкен құстары қара-күрең түсті, төменгі жақтары ақшылдау болады. Ұсақ және орташа сүтқоректілерді және құстарды ұстайды. Қыста көбіне оңтүстікке ұшып кетеді.

Саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін құс. Қазақстандағы жалпы саны белгісіз, шамасы бірнеше жүз болуы керек. Санының азаюының негізгі себептері: заңсыз аулау, қолда өсіру үшін ұядан балапандарын алу, ересек құстардың электр сымдарында, қақпан моңыңдағы уланған жемдерді жеп өлуі және қақпанға түсуі. Бүркітті қорғауды кеңінен насихаттап, заңды түрде қорғау тәртібін белгілеп, аңшы құс ретінде қолда бағу жағдайын жасау керек.

А.Тажиева

Сырдария – Түркістан МӨТП-нің Ғылым,ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі

Яндекс.Метрика