2024-07-27

ҮСТЕМЕАҚЫ ҚОСЫЛСА, ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ДА ӨСЕ БЕРЕТІНІ НЕСІ?

        Baq.kz – Күні кеше еліміздің Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі 2014-2018 жылдары елдегі инфляция деңгейі 6-8 пайызды құрайтынын мәлім етті. Дегенмен отандық сарапшылардың дені министрліктің бұл болжамымен келіспейді.     Сарапшылардың пайымдауынша, 2014 жылы инфляция көлемі 6 пайыз емес, 8 пайызды құрауы әбден мүмкін. Мамандардың бұлай деуіне себеп – бір ғана зейнетақыға қосылар 9 пайыз үстеменің өзі елдегі тауар бағасының біршама өсуіне мұрындық болмақ. 
        Жалпы, 2014 жылдың 1 қаңтарында еліміздегі зейнеткерлердің зейнетақысына 9 пайыз үстеме қосылатыны біраз қауымға мәлім. Мамандар «зейнетақыға қосылатын осы 9 пайыз үстеме тауар бағасын 9 есеге дейін шарық­татып жіберуі мүмкін» деседі. Ал енді мұндайда қайтпек керек? Неліктен бізде зейнетақыға немесе жалақыға үстеме қосылған сайын қымбатшылық та үстемдік көрсете береді? Бұған қарсы не істеген жөн? Сараптап көрелік…
        Өздеріңіз білесіздер, біздің Үкімет ин­фляциямен күресті бастағалы біраз уақыт бол­ған. Тіпті Мәсімов Үкіметінің тұсында қым­батшылықпен күресуге тек қана Үкімет мү­ше­­лері емес, жергілікті әкімдер де белсене кіріскен болатын. Ол тұстары «инфляцияны күшпен тежеп, байлап-матап тастаймыз» дегендер де табылған. Бұл қымбатшылықтан қарапайым халықтың ұтқан тұсынан ұтылған тұсы көбірек екені даусыз. Бұған қатысты халыққа бөлінетін әлеуметтік төлемдер құны өсті дегенмен, әрине, оны қымбатшылық жеңіп кетіп отырды. Мәселен, 2010 жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына 25 пайыздан үстеме қосылды. Сол жылы Қытай елінде қарапайым бұқара ереуілге шығып, ел Үкіметіне жалақыларына 4 пайыз қосымша төлем қосуды сұраған тұста біздің Үкімет мемлекеттік қызметкерлерге 25 пайыз үстемені бір-ақ қосты. Әрине, Қытай мен Қазақстанды салыстыра сөз еткеніме қайсыбіреулер күлетін де шығар. Бірақ бұл жерде есеп-қисапты да ескергеніміз жөн. Неге Қытай халқы 3,5 пайызды қанағат тұтады, ал неге Қазақстан халқына 25 пайыз үстеме қосса да ол аздық етеді? Бұған қатысты айта кетер дүние – отандық тауар өндірушілерге, әсіресе азық-түлік өнімдерін өндірушілерге қазірде елде барынша жағдай жасалуда. Осы арқылы отандық өнімдерге салынатын салық көлемі азай­тылып, отандық өнім өндіретін кәсіпкер­лерді орынсыз тексеруге мораторий да жария­ланды. Бұл үрдіс елдегі тауар өндіруші­лердің тасын өрге де домалатты. Бірақ сол отандық тауар өндірушілер мем­лекеттік қол­дауды сезіне отырса да, тұты­нушыға арзан тауар ұсына алмады. Себебі «тауар бағасын шектеп ұстаудан өндіріс­шілерге келетін пайда ауыз толтырып айтарлықтай болмады».
         Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы: 
        – Қазір шенеуніктердің басым бөлігі «елдегі қымбатшылықты одан әрі шарықтатпау үшін отандық тауар бағасын тежеп ұстауымыз керек» дейді. Бұл – нарықтың заңдылығына қайшы келетін дүние. Нарықта тауар бағасын шектеп ұстау керек деген қағида жоқ. Бұл әдістен отандық өнім өндірушілер өндірген тауа­рының үстінен пайда көре алмай ұтылып отыр. Үкіметтің отандық тауар бағасын өсіруге шектеу қойғаны дұрыс емес. Бұл – бір. Екіншіден, инфляция кезінде елдегі жан басына шаққандағы орташа табыс табатындардың ұтқаны да шамалы. Қазір қазақстандықтардың 60 пайызы айлығын шай-пұлына жеткізе алмауда. Демек, халыққа мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік төлемдерді өсіруді, инфляция есебінен 9-10 пайыз емес, 30 пайызға дейін үстеме төлем қосуды ойластырғаны жөн. Бұған қоса, елдегі орташа жалақы көлемін де өсіру қажет. Ал, үшін­шіден, Қазақстанға келетін тауарлардың 60 пайызы сырттан тасымалданады. Бола­шақта импортты қымбаттатпау үшін им­портқа салы­натын салық мөлшерін қайта қарастыру ке­рек. Осы жайттардың астарына мән беріл­генде ғана біз инфляциямен күресте ұтып шығатын едік. Әзірге инфляциямен күресте ұтқан тұсымыз шамалылау болып тұр. Әсіресе қарапайым халыққа ауырлау тиіп тұр. 
        Жалпы, экономист-мамандар инфля­ция­мен күрес жолында кешенді, жүйелі бағ­дар­ламалар жасалынуы қажеттігін алға тартады. Бір ескеретіні, «ол бағдарла­маларда ғылыми негіз болуы керек» дейді отандық ғалымдар. Бағамдасақ, іргеміздегі Ресейде, көршілес Қытайда елдегі болып жатқан нарықтық құ­былыстарды бақылап отыратын ғылыми кеңестер орталығы бар көрінеді. Ал біздің бұл ретте «ұстанып отырған қағидамыз тым ескі» деседі ғалымдар.
        Жанғазы БЕЛГІБАЕВ, экономист-ғалым: 
        – Біздің нарықтық қағиданы елімізге ендірер тұста ағылшын ғалымы Фридмен Милтонның теориясын қалап алғанымыз еріксіз ойға оралады. Сол Милтонның қағидасы «елде қымбатшылық орнамауы үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы саласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мем­лекеттер таңдап алған-ды. Бірақ эконо­микалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер Милтон­ның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлде-қашан бас тартқан. Ал Қазақстан бұл теорияны әлі де болса ұстанып келеді. Елде өндіріс орын­дарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Импортқа тәуелділіктен құты­луға талпыныс аз. Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды әлі жалғастырып келеді. Ал бұл екі сала бүкіл мемлекеттің жоқ-жітігін түгендей алмайды. Біздің атмосферамызға бейім деген Милтон теориясы әлдеқашан көнерді. Сондықтан бізге ұстанған қағиданы өзгертіп, өндіріс орындарын көбейтуді, өнеркәсіп саласын дамытуды кемінде 10 жыл бұрын бастап кету керек еді. 
        Негізінде, қымбатшылық төңірегінде сөз қаузағанда мәселе бір мұнымен шектелмейді. Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның пайымдауынша, мәселені шешудің тетігі бір ғана комиссия құруда немесе антимоно­полиялық комитеттерге шүйлігуде, банктерге талапты күшейтуде, бағаны шектеуде немесе халыққа үстемеақы қосуда ғана жатқан жоқ. Егер төркініне үңілсек, инфляцияны бұғау­лайтын, біздің бағымызды ашатын мынадай үш ғылыми тетік бар көрінеді:
        а) Ол үшін, біріншіден, елде ауыр өнеркәсіп саласын дамытуға күш салумыз керек. Біз инфрақұрылымдарды дамытуға пайдаланатын қажетті технологияларды, инженерлік маман­дарды сырттан әкелуді тоқтатуымыз керек. Бұл отандық өнеркәсіп саласының жандануына кері ықпалын тигізуде.
        ә) Ал, екіншіден, қайта өңдеу саласына жан бітіруіміз керек. Біз кезінде өндірісті және қайта өңдеу саласын дамытуды дұрыс жолға қоюды ойластырмадық. Керісінше, банктерге инвес­тиция бөлуді, мұнай саласына айрықша көңіл аударуды дұрыс санадық. Мұнайдан түскен түсім арқылы мемлекетке қажетті тұтыну та­уарларын сырттан сатып алғанды тиімді деп есептедік. Бұл үрдістің қате екендігін қазір уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан осы қателікті жөндеуге тиіспіз. Қымбатшылыққа одан әрі ұрына бермеу үшін елдегі қайта өңдеу саласына дем беруіміз қажет.
        б) Үшіншіден, сауда-саттық саласының 50 пайызын мемлекет өз қарамағына алуы керек. Кезіндегідей халықты азық-түлік өнімдерімен және тұтыну тауарларымен қамтамасыз ететін мемлекеттік дүкендер болуы тиіс.
        Міне, инфляциямен күресте осы басты үш тетікті ұстансақ, «мемлекеттен бөлінер үстеме­ақыны да, жәрдемақыны да, орташа жалақыны да инфляция жеп қоймайды» деседі мамандар.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Яндекс.Метрика