2024-09-22

Көмекбаев көп нәрсені айтты

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосуды модератор Айгүл Ерғалиқызы жүргізіп отырды. Жиында аталған департамент басшысы Әли Көмекбаев баяндама жасады.

Ол кісі өз сөзінде:
– Соңғы уақытта мемлекеттік қызметтер саласында бірқатар өзгерістер орын алды. Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Мұндағы мақсат мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін жоғарылату. Оның үстіне, мемлекеттік қызметтің халықққа ашықтығын кеңейту. Сөйтіп, халыққа да бірқатар мүмкіндіктер берілуде. Басшылар тек қана өздерінің іс-қимылына жауапты емес, оның үстіне өзіне тікелей бағынысты қызметкерлердің де іс-әрекеттеріне де жауапты.

Әрі конкурс процедураларына да өзгерістер енгізілді. Қоғам өкілдерін де сол конкурсқа қатыстыру мәселесі қарастырылған. 18 жастан асқан азаматтар конкурстың қалай өтетінін көріп отырса болады. Өздеріңіз білетіндей ең үлкен маңызды сала халыққа қызмет көрсету саласы. Сол бойынша агенттік сауалнама ұйымдастырған болатын. Сауалнама нәтижесінде жетілдіретін мәселелер айтылып кеткен. Кейбір халыққа қызмет көрсету ғимараттары қазіргі талаптарға сай еместігі талқыланды. Қызмет көрсететін адамдардың әдептілігі жөнінде ұсыныстар түсті. Енді түйткілдерді шешу жолдарын таптық десек те болады.

Мәселен, «Digital agent» мобилдік қосымшасы іске қосылған. Оны кез-келген адам өз ұялы телефонына жүктеп алғаны абзал. Сол арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы, сыпайылық пен қызметкердің кәсіби этикасы белгілі болады. Сонымен бірге, қызмет алудағы түрлі кедергілер 5 баллдық шкала бойынша анықталады. Мұның аясында сіз халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер басқармалары, жұмыспен қамту және тест орталықтары мен соттар әкімшісінің қызметтерін бағалай аласыз, – деді.
Мұнан кейін Әли Амантайұлы келіп түскен шағымдарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан жедел назар аударылатынын айтты. Ә.Көмекбаевтың айтуына қарағанда, қызметті бағалаған адамға 5 минуттың ішінде кері байланыс орнатылады.

Мобильді қосымша тәсілдері туралы екі тілде бейнероликтер барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік кірістер басқармаларында экрандардан тұрақты көрсетілуде.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, 3 айдан астам мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін мемлекеттік саяси қызметші, егер оның қарамағындағыларға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сот үкімі заңды күшіне енген болса немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған болса, отставкаға беруге міндетті екені көрсетіледі. Егер отставка қабылданбаса, онда саяси қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Осыларды тілге тиек еткен Ә.Көмекбаев журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, агенттіктің мониторинг жүргізіп, тиісті ақпараттарды Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігіне баяндап отыратынын жеткізді.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика