2024-09-22

ДЕПУТАТҚА ЕМЕС, БЕЛСЕНДІГЕ ХАБАРЛАСАТЫН АУЫЛ

Депутатың қандай?

Депутат билік пен халық арасындағы көпір. Әкімге өз округіндегі түйткілдерді жеткізуші өкіл. Мәслихатта ауылдағы мәселелердің өзекті екенін дәлелдеуші тұлға. Ал сол халық қалаулылары міндеттерін өз деңгейінде атқарып жүр ме? Осы мәселені көтеру үшін «Депутатыңыз қандай?» деп аталатын айдар ашқан болатынбыз. Айдарымыз ашыла салысымен кейбіреуге ұнамай қалды. Ашығын айтқанда өз әріптесімізге… Біз жаңа бағыттағы жұмысымыз бойынша халық қалаулыларын бір жақты қаралап жатқан жоқпыз. Әр айдарда өз міндетін орындамайтын депутат пен сайлаушыларының үдесінен шығып жатқан халық қалаулыларын қатар жазуды жөн санадық. Жергілікті аудан басшысы қай депутаттың қандай екенін білсін. Жұмысы сылбыр депутат, іскер әріптесінен үлгі алсын. Бұл бағыттағы жұмысымызбен келіспейтіндей депутаттың бәрі өз міндетін толыққанды орындап жатқан жоқ. Яғни, «бес саусақ бірдей емес». Ағын ақ, қарасын қара деген абзал.

Ал бұл жолы міндетін өз деңгейінде атқармаған депутат жөнінде шағым айтушылар редакциямызға өздері хабарласты. Сол себепті Төлеби ауданына барған едік. Аталған ауданда алғаш «Жаңа жол» ауылының тұрғыны Мақсат Төлепбековке жолығып, сұрағымызды қойған едік. Мақсат сауалымызға орай:

– Өзіміздің округтан сайланған депутатымыз Нұрлан Қойбағаровты танымаймын, көрген жоқпын. Ол кісінің депутат болып сайланғанына 4 жыл болды. Алғашқыда халық қалаулысы болғаннан кейін бір-екі рет келді. Одан соң Нұрекеңді көрмедім. Сол кісіні көрсек, өзімен тілдессек дұрыс болар еді. Өйткені, ауылымыздың жайлауы бар. Соған кейбіреулер сиырларын айдап барса, жайлау жақта бейтаныс адамдар мал жаюға келіспепті. Барғандар себебін сұраса, келіспегендер жайлаудың депутат Нұрлан Қойбағаровтың меншігінде екенін айтыпты. Мүмкін олар өтірік айтқан шығар. Бірақ, естігеніміздің ақ-қарасын білу үшін депутаттан сұрайық десек, ол келмейді. Өзгелерден жайлауды бұрын депутаттың әкесі заңды түрде жекешелендіріп алғанын естідік. Мейлі солай-ақ болсын, алайда, депуттатпен сөйлесіп көрмейміз бе? Бәлкім, бәрі бос сөз болып шығар. Рас болса, жағдайымызды біліп, жаны ашитын шығар. Жайлауды кері қайтарар. Қазір көптеген халық қалаулылары жұрт үшін түрлі қамқорлық жасап жатыр ғой. Кім біледі, Нұрекең де сайлаушыларын түсінер. Оған ешқандай арыз-шағымымыз жоқ. Дегенмен, өзі сайланған округін аралап, көпшілікпен кездесіп кетсе дұрыс еді. Бұл елді мекенде түйіні шешілмеген түйткілдер болса кей тұрғындар осы ауылдың тумасы, бүгінде Шымкентте тұратын Сағира Нұрбековаға хабарласады. Әпкеміз «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қоғам белсендісі. «Жаңа жолдағы» көптеген игі істердің атқарылуына септігін тигізген азаматша, – деп сөзін аяқтады.

Мұнан соң біз Сағира Нұрбековаға хабарластық. Қоғам белсендісі өз пікірін төмендегіше білдірді.

– Өзім «Жаңа жол» ауылында тұрмасамда, сол елді мекенде өскенмін. Қоғамдық жұмыстармен айналысатын болған соң және өзімнің туып өскен жеріме жаным ашып ауылымның кез-келген мәселесін көтере аламын. Оған өз елді мекенімнен түскен арыз-шағым, өтініштер де себеп болады. Ауылға жиі барып тұрамын. Сонда кейбір жергілікті тұрғындар депутаттың қанша жылдан бері келмегенін айтады. Мәселе туындаса маған хабарласады. Мысалы, дәл қазір ауылда ауыз су, ағын су, жол, көпір, жайлау мәселелері өзекті болып тұр. Мәселен, «Жаңа жолда» ауыз судың мәселе болып тұрғаны ұят. Өйткені, елді мекен тау баурайында орналасқан. Оған жақын жерлерде су көздері де бар.

Бүгінде ауылдың бір жағында су болса, екінші жағында жоқ. Ал жолды істеп жатқанымен, оның құрылысы біздің көңілімізден шығып жатқан жоқ. Ауылдағы көпірдің екі жағына аяқжол, шарбақ орнату керек. Одан өтетін мектеп жасындағы балалар көп. Себебі, білім ордасына қатынайды.

Осы уақытқа дейін өзім «Жаңа жолда» көптеген игі істердің атқарылуына себеп болдым. Мәселен, ауылда ағын су тапшылығы орын алғанда, қараусыз қалған «Жіңішке» каналын қайта қаздырту үшін тиісті орындардың есігін тоздырдым. Нәтижесінде 17 миллион 500 мың теңге бөлініп, 5 шақырым 200 метр су жолы қазылды.

Одан кейін, ауылдың ішкі төрт көшесіне тас төселу үшін жүгірдік. Бюджеттен 11 миллионнан аса қаржат бөлініп, ойымыз жүзеге асқан болатын.

Мектепте ауыз су жоқ еді, ауыл жастарын ұйымдастырып білім ордасына су кіргізілді. Қала берді, көгілдір отын баруына да септігімді тигіздім. Одан кейін, қоқыс полигонына қалдықтар тасталмау үшін әрекет жасадық. Мұның бәріне де ақпарат құралдары өкілдерін араластыра отырып жұмыс істеуге тура келді, – деді.

Келесі кезекте біз Ленгер қаласының тұрғыны Гүлманат Байзақовадан өзі тұратын аймақтың депутатының жұмысына баға беруін сұрандық. Біздің сұрағымызға орай Гүлманат Байзақова:

– Мен тұратын аймақтан аудандық мәслихатқа сайланған депутатымыз Нұрдәулет Өсербайұлы Құлышев. Біз Нұрекеңе ризамыз. Ол өзінің сайлаушыларымен үнемі кездесіп тұрады. Тұрғындар айтқан мәселелердің бәріне назар аударып, оларды қолынан келгенше шешуге тырысады. Айта кетсем, Ленгер қаласындағы Төлеби, Әйтеке би, Қазыбек би көшелері күрделі жөндеуден өтті. Одан өзге бірнеше ішкі көшелер асфальттанды. Тіпті кейбіріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, Шоқан Уәлиханов мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Нұрекең өз округіндегі ардагерлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына үнемі көңіл бөледі. 2019 жылы 5 баласы бар бір әйелге үй әперілуіне мұрындық болды. Депутат болса Нұрекеңдей-ақ болсын. Осы сұхбатты пайдалана отырып, Нұрдәулет Өсербайұлына ұзақ өмір, денсаулық тілеймін, – деп сөзін түйіндеді.

Мінеки, Төлеби ауданындағы екі депутат жөнінде тұрғындар өз ойларын осылай білдірді. Халық – қоғам айнасы. Әркім көргенін, түйгенін айтады. Әр депутат өз әріптесінен үлгі алса деп ойлаймыз. Бар тілегіміз сол.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика