2024-09-22

Ағаштар туралы аңыз

Ертеде, бір өлкеге күз өте ерте келеді. Әлі ағаштардың жапырақтары түсіп үлгермей жатып, күн қатты суытып кетеді. Құстардың барлығы жылы жаққа ұшуға асығады. Тек қанатынан жараланған бір кішкентай құс қана ұша алмағандықтан ашық далада желдің өтінде қала береді. Суықтан қалтырай тоңған құс дір-дір етіп бір түп жусаннан пана іздеп, тығыла түседі. Өзінің дәрменсіз күйіне қатты қайғырған кішкентай құс бойына бар қайратын жинап, біраз қашықтықтағы орманға жетуді ойлайды. Мүлгіген қалың орманға келіп, ондағы ағаштардан өзіне қыста пана болуды өтінеді.

tories/19122019-109.jpg» border=»0″ />

Алайда, бұл барған ағаштардың ешқайсысы кішкентай ғана құсты жолатпайды. Жаралы құс суықтан дірілдеп, қайда барарын білмей дағдарады. Осы кезде байғұс құсты жасыл шырша байқап қалады. Құсқа жаны ашыған шырша оны өзіне шақырып, қыстың қатты аязында паналап шығуы үшін ең жылы бұтағын ұсынады. Шыршамен қатар өсіп тұрған қарағай да құсқа желден қорған болуға уәде береді. Сондай-ақ, арша да мейірімділік танытып, өз жемісімен қыс бойы қоректендіретінін айтады. Осылайша, кішкентай ғана құстың бақытты күндері басталады.

Көп уақыт өтпей дауыл тұрып, сумаңдаған суық жел суыра соғады да, ұра жауған жауынмен бірге ағаштардың жапырақтары түгел жерге төгіледі. Ағаштардың бұл дәрменсіздігі өзіне ұнап қалған Жел барлық ағаштарды жалаңаш қалдырмақ болып одан сайын екілене соғады. Ол Суық патшасынан, Аяздан «Барлық ағаштардың жапырағын ұшыруыма бола ма?» деп сұрайды.

Суық патшасы: «Барлық ағаштарды жапырақсыз қалдыр, тек кішкентай құсты паналатқан ағаштарға тиіспе»- деп жауап береді. Суық патшасының сөзінен аспайтын Жел ол ағаштарды айналып өтеді.

Содан бері шырша, қарағай мен арша қыста да, жазда да жап-жасыл күйінде жайқалып тұратын болыпты.

Күлия МАҚАНҚЫЗЫ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика